"Шамшырақ"

Көп көңілінен шыққан көрме

Written by Aray2005

Тараз қалалық №34 мектепте «Шығармашылық кеңістіктегі қуаныш сәттері» атауымен шығармашыл өрендердің көрмесі өтті. Қала әкімдігіне қарасты мектептен тыс іс-шаралар және балалар шығармашылығы орталығының бастамасымен ұйымдастырылған шарада орталық тәрбиеленушілері оқу жылындағы жетістіктерін жиналған көпшілікке таныстырды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген орталық директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары И.Фирисова барлық жас дарын иелерін оқу жылының аяқталуымен құттықтап, шығармашылық шабыт тіледі.
Келесі кезекте көрермендер назарына «Джун Ри Таэквондо» үйірмесінің шәкірттері спорттық қойылымдарын ұсынса, «English Literature Club» қатысушылары ағылшын тілінде ән шырқады. Ал орталықтың ең кішкентай тәрбиеленушілері – «Балбөбек» балдырғандар мектебінің оқушылары «Анам әрдайым қасымда» тақырыбында әдеби қойылым қойып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ «Секреты имиджа» үйірмесінің қатысушылары өз қиялдарынан туған шаш үлгілері мен әшекей бұйымдардың көрсетілімін ұйымдастырып, ата-аналарының ризашылығына бөленді.
Келесі кезекте көрермендер 35 жас дарынның жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. Шара соңында барлық өнер көрсеткен орталық шәкірттеріне арнайы дипломдар табысталды. Балаларының қоғамдық өмірге белсене атсалысуына бейжай қарамаған ата-аналарға да алғыс хаттар тапсырылды.

Залина Исмаилова,
Мектептен тыс жұмыс және балалар
шығармашылығы филиалының бөлім меңгерушісі,
Тараз қаласы

ПІКІР