"Кәсіпкерлік"

Көпбалалы анаға баспана сыйлады

Written by Aray2005

Садақаның сауабының көптігі пайғамбарымыздан жеткен хадистерде де, бабалардан қалған өсиеттерде де айтылған. Оның нақты дәлелін күнделікті өмірде қайырымды жандардың қарекеттерінен көріп жүрміз. Сауапқа толы берекелі Рамазан айында еліміздің түкпір-түкпірінде мұқтаж жандарға көмек қолын созғандардың құптарлық әрекетіне қуанудамыз. Сондай игі істің бірі Т.Рысқұлов ауданында да жүзеге асты.

Бала – ел болашағы. Сондықтан да көпбалалы аналарға жасалар құрмет ешқашан азайған емес. Жомарттық танытқан «Golden compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Құрбан Изалов ұжымдастарымен бірге аудандағы 7 балалы ана Әсел Құрмановаға 5 бөлмелі үй сыйлады. Баспананың кілтін тапсыру сәтінде кәсіпкер:
– Жаңа қоныс көпбалалы отбасына құт болып, осы шаңырақтан еліміздің игілігіне қызмет ететін перзенттер өсіп-өнсін! –деп тілектестігін білдірді.
Луговой ауылындағы Бейбіт Абуталипов көшесінде орналасқан бұл баспананың 15 сотық жер телімі, қора-жайы, моншасы және бақшасы бар. 130 шаршы метрді құрайтын үй толықтай жаңартылып, ағымдағы жөндеуден өткен. Абаттандырылып, газға да қосылған.
– Көптен бергі тілегіміз бүгін орындалып, қайырымды жандардың арқасында ойымыздағыдай баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Ел басқарған басшыларға, қайырымды азаматтарға айтар алғысым шексіз. Аналық ақ ниетіммен еліміздің бірлігі ыдырамай, кемел болашаққа жетуді тілеймін, – деп Әсел Ертайқызы қуанышын көппен бөлісті.
Төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған отбасын аудан әкімі Е.Садырқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов та құттықтап, бата берді.
Айта кетейік, ауданның 42 елді мекенінде 13 370 отбасы бар. Оның 3 492-сі көпбалалы. Ал 1 710 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған.
Аудан бойынша баспана алу кезегіне ауданда 622 адам тіркелсе, оның 100-і көпбалалы аналар. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 1 718 отбасы
(11 437 адам) болса, оның 983-і көпбалалы аналар. Көпбалалы 552 отбасының 880 баласы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі.
Аудан басшысы бұл игі іс ана мен балаға жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана екенін, мұндай қолдаулар мен көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық әлі де жалғаса беретінін айтты. Ел келешегінің кемелділігі үшін жасалған мұндай қолдаулар барлық аймақта арта берсе дейміз.

Қ.Рахметуллина,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР