Қоғам

Көпбалалы аналардың көптен күткен қуанышы

Written by Aray2005

Қаратау қаласында 60 пәтерлік үй пайдалануға берілді

Кеше Қаратау қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптен бергі армандары орындалған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Баспаналы болу бақыты бұйырған тұрғындардың қуанышымен бөліскен Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиев пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Іргетасы 1987 жылы қаланған №55 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны – 228 миллион 450 мың теңге. Тұрғын үйдің жалпы ауданы – 3075, 4 шаршы метр. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы – 17, толық емес – 15, мүгедек бала асыраушы – 2, мүгедек – 1 және елге көшкен 5 қандас отбасы бар. Қалған 20 пәтер мемлекеттік қызметкерлерге тиесілі. Күрделі жөндеуден өтіп, көздің жауын аларлықтай кейіпке енген бес қабатты тұрғын үйде екі бөлмелі 10, үш бөлмелі 30, төрт бөлмелі 20 пәтер орналасқан.
– Алты жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанмын. Осы уақытқа дейін отбасымызбен екі бөлмелі пәтерді жалға алып тұрдық. Өзім бес баланың анасымын. Қаратау қаласында балабақшада қызмет атқарамын. Міне, бүгін ұзақ жылдардан бергі арманымыз орындалып, қуаныштан есіміз шығып жатыр. Біріншіден, көпбалалы аналардың мәселесіне баса мән беріп, бар қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қыруар жұмыстар атқарып жатқан мемлекетімізге мың алғыс. Біздің бүгінгі бақытты сәтіміз пәтерлі болуды аңсап жүргендердің барлығына жұғысты болсын, – деген Эльмира Ақжанова облыс әкімі Асқар Исабекұлына, Талас ауданының әкімі Досмаханбет Қасымұлына ризашылығын білдірді.
Ал Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаевтың айтуынша, ағымдағы жылы Қаратау қаласында қоныстой көбейе түседі.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған отбасыларға арналған арендалық тұрғын үй құрылысына 50 миллиард теңге бөлу мәселесін тапсырған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасына сәйкес Қаратау қаласында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Негізінен, аудан бойынша 2018-2019 жылдары барлығы 440 пәтерді құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланса, бүгінде оның төртеуі (барлығы 290 пәтер) пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда көпбалалы аналарды баспанамен қамтуға айрықша көңіл бөлінуде. Қала бойынша 1 599 азамат пәтер кезегінде тұрса, оның 140-ы – көпбалалы аналар. Ағымдағы жылы 90 және 60 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 44 пәтерден тұратын екі жатақхана жобасы қолға алынып, жөндеуге дайындалу үстінде. Яғни биылғы жылдың соңына дейін көпбалалы аналардың барлығын баспанамен қамтамасыз ететін боламыз, – деді Серік Ералыұлы.
Жалпы, облыс әкімі баспасөз қызметінің мамандары берген мәліметке сүйенер болсақ, бүгінде облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 23 762 адам тұр екен. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 12,7 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 32 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылуда. Былтыр 1 673 пәтер пайдалануға беріліп, 4 654 жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылған.
Ал 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 23,5 миллиард теңге қаралған. Осы қаражат есебінен 28 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. 2019 жылы 27 үй тапсырылуы тиіс. Бір арендалық үй – 2020 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 1 970 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес, әкімдік тарапынан құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын 710 пәтерлі 11 арендалық үйдің құрылысына республикалық бюджетті нақтылауда қаржы бөлу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, өтінім тапсырылған. Алдын ала есептерге сәйкес, осы жобаларға ағымдағы жылы қосымша 3,1 миллиард теңге бөлінгелі отыр. Облыс бойынша арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 23 762 адамның ішінде халықтың әлеуметтiк осал тобына жататын азаматтардың саны – 13 436. Облыс әкімінің бастамасымен осы отбасыларды тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы осындай 6 жатақхананада 400-ге жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр.
Осылайша биылғы жыл жүздеген отбасы үшін құтты, берекелі жыл болмақ.

Талғат Нұрханов,

Талас ауданы

ПІКІР