Көпбалалы отбасыларға барынша қолдау көрсетіледі

0 7

Алтын құрсақты аналарға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Бұл әлбетте ата-ана алдындағы перзенттік парызға қатысты есті ұғым. Ал ақжаулықтыларға, оның ішінде көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын қоғам, мемлекет қаншалықты сезіне алып отыр?

Баршаға белгілі, үстіміздегі жылы Астана қаласында бес бүлдіршіннің қаза тапқан қайғылы жағдайдан кейін көпбалалы ата-аналар жергілікті биліктен балаларға берілетін жәрдем түрлерін көбейтіп, төленетін көмек көлемін ұлғайтуды талап еткен болатын. Көп тілегі ескерусіз қалған жоқ. Еліміздің басқа аймақтарымен қатар облысымызда да бұл бағытта оңды істер атқарылуда. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің өзі бастап көпбалалы аналармен дидарласып, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Тиісті көмектердің көрсетілетінін айтты. Қазіргі таңда өтініштер қабылдану үстінде.
Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекованың сөзіне сүйенсек, қалалық мәслихат пен Қоғамдық кеңестің үндеуі бойынша «Көне Тараз» қоғамдық қоры құрылып, жұртшылық аталған қорға бір күндік табыстарын аударып жатқан көрінеді. Ал ол қорға жиналған қаражат көпбалалы аналарға қаншалықты мөлшерде, қалай жұмсалатыны алдағы уақытта хабарлана жатар. Бұл Тараз қаласында қолға алынып жатқан жұмыстар. Ал облыс деңгейінде тұрғындарды қуантатын қандай жаңалықтар бар? Себебі, дотациямен отырған біздің өңір үшін облыстағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды жарылқап тастау қолымыздан келе ме? Осы сауалға жауап іздеп, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барған едік. Аталған басқарманың әлеуметтік норматив және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Марал Ділдабекованың айтуынша, облыста 44 100 көпбалалы және 14 852 аз қамтамасыз етілген отбасы бар екен. Осы жылға бекітілген бюджетте тек осы санаттағыларға көмек көрсету мақсатында 30,6 миллиард теңге қаралыпты. Оның 19,7 миллиард теңгесі республикалық қазынадан бөлінген. Аталған қаржыдан баланың күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы бойынша 1 жасқа дейінгі 24 985 баланың, жаңадан туылған нәрестеге берілетін бір жолғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы есебіндегі 26 923 сәбидің, 4 және одан да көпбалалы 24 068 отбасының, 20 032 «Алтын», «Күміс» алқа иелерінің және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуы тиіс 14 852 отбасының несібесі бар. Бұдан бөлек мектептегі 26 049 баланың ыстық тамағына 1,5 миллиард теңге, 21 406 оқушының киіміне 285 миллион, 22 991 баланы жазғы сауықтыру лагерінде демалтуға 314 миллион, колледждерде 6 281 студентті мемлекет есебінен тегін оқытуға 2,1 миллиард, олардың шәкіртақысы мен тамақтануына 1,8 миллиард теңге қаралған.
– Негізінен, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына арналған мектеп-интернаттағы 827 баланы оқумен, тамақпен, киіммен қамтамасыз етуге 1,4 миллиард теңге бөлінген еді. Десе де, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетілетін көмекті ұлғайту үшін бекітілген бюджетті қайта қарап, алдағы уақытта қосымша 2,5 миллиард теңге бөлінгелі отыр. Бірінші кезекте, мектептегі балалардың ыстық тамағына қосымша 500 миллион теңге беріледі. Бұл бағытта бөлінетін қаржы 2 миллиард теңгені құрамақ. Екінші кезекте киім-кешекке және кеңсе тауарларын сатып алуға 215 миллион теңге бөлініп, жалпы сома 500 миллион теңге болғалы тұр. Үшінші ретте 7 500 аз қамтамасыз етілген отбасының коммуналдық төлемдерін жеңілдетуге қаржы қарастырылуда. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласында «Ана мен бала орталығына» көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 350 ана мен баланы тегін сауықтыру мен емдеу жоспарланды. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратыны ескеріліп, тауар өндірушілерден, шаруашылықтардан және «Қамқор» жобасы арқылы мал беру жоспарлануда. Төртінші кезекте, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларындағы тұрғын үй кезегінде тұрған 340 отбасы тұрғын үй кезегі жеткенге дейін, биыл отбасылық 3 жатақханамен қамтылады. Ал Таразда 7 бірдей жатақхана берілетін болады. Оның үшеуінің шешімі табылып қойды. Төртеуінің құрылысы биыл басталады. Жалпы, барлығы 10 жатақхана иелерін таппақ. Көпбалалы аналар көтеріп отырған мәселелер Үкімет тарапынан да жан-жақты қаралуда. Атқарылатын жұмыстардың бәрі республика деңгейінде «Бақытты отбасы» жобасымен үйлестіріліп, жүзеге асырылатын болады, – дейді Марал Аманжолқызы.
Бұрын мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдайы нашар топтарға жеткілікті қолдау көрсетілмеді дейтін болсақ, бұдан кейінгі жасалып жатқан қамқорлыққа аналар қауымы разы ма? Біз бірді-екілі көпбалалы аналардың пікіріне құлақ түріп көрген едік. Соның бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсұлу Әбілдаева.
– Менің жасым 30-да. 7 баланың анасымын. Балаларымның алды мектеп жасында болса, ең кішісі енді бір жасқа толды. Негізінен, бала тәрбиесімен қатар, отбасындағы күйбең тіршілікті қосқанда әйелдердің мойнына артылған жауапкершілік жүгі тым ауыр. Әсіресе, көп баланың анасы атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халықтың санын көбейтіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып отырған көпбалалы аналардың, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өздеріне жағдай жасауды биліктен талап етуі орынды деп есептеймін. Соның арқасында көптеген жеңілдіктерге қол жеткізгелі отырмыз. Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген тапсырмасынан кейін көпбалалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынып, әрбір балаға 21 мың теңгеден төленетіні, оларға 2-3 пайызбен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілетіні секілді қуанышты хабарлар жұрттың көңілін бір серпілтіп тастағаны анық. Бірақ бұл көмек қашан берілетінінен әлі бейхабармыз. Десе де, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өңір тұрғындары алдында берген есепті кездесуі арқылы облыс әкімдігі тарапынан өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы аналарға арналып жатақханалар салынатыны, ауылдық жерде қайтарымсыз мал берілетіні секілді тағы да басқа бірқатар жеңілдіктер туралы естіп, қуандық. Бұл ана мен баланың билік назарынан тыс қалмағанын көрсетеді, – дейді Н.Әбілдаева.
Негізінен, «Нұр Отан» париясының облыстық филиалы Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін «Бірыңғай әлеуметтік терезе» ашқаны белгілі. Мәселен, біреу үй кезегіне тұруға келсе, енді бірі киім-кешек, азық-түлік қажет етеді. Осы тектес мектептегі баласын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медицина мекемесінен ем-дом алу, дәрігердің қарауына жазылу секілді толып жатқан мәселелермен қайырылған 500-ге жуық адамның бүгінде өтініш-тілектері қанағаттандырылған. Тағы бір айта кетер маңызды жайт, елдегі жетекші партияның XVIII съезінде Қазақстан Республикасы Президенті аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Соның ішінде ең негізгісі – күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған шараларды күшейту. Десе де, ата-аналармен пікірлесу барысында олардың бұл көмектің қандай тәртіппен берілетінінен әлі хабарсыз екенін аңғардық. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірі Бердібек Сапарбаевтың жақында аталған шаралардың қалай жүзеге асырылатынын жұртшылыққа түсіндіріп бергені есте. Министрдің айтуынша, бұрын күнкөріс деңгейі 14 830 теңге болса, 1 шілдеден бастап бұл 20 789 теңгеге көбейтілмекші. Аталған көмек 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі екен. Ол балалар қандай да бір оқу орнында оқып жатса, онда олар бұл көмекті 23 жасқа дейін алуына құқылы. Егер ата-анасының табыстары күнкөріс деңгейінен кем болса, қосымша жәрдемақы төленбек. Бұрын бұл көмекті 570 мың адам алып келсе, енді ол 260 мыңға дейін көбейіп, алдағы уақытта 830 мың қазақстандық аталған әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігіне ие болыпты.
– Бір отбасын мысалға алатын болсақ, мәселен 4 балалы жалғызбасты отбасы 1 шілдеге дейін табысы жоқ болғандықтан 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген еді. Енді 1 шілдеден бастап бұл 40 мың теңгеге көбейеді. Яғни, 103 945 теңге болады. Ал қосымша төлемдерді есептегенде отбасының жалпы бір айлық табысы 114 448 теңгені құрайды. Балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек, ата-анасына да қосымша ақы төленеді. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президент тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызға, яғни 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға шаққанда ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әр балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. Егер отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, ата-анасына қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көпбалаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді оның бәрі есепке алынбайды. Барлық заңдар мен қаулыларға өзгеріс енгізуіміз керек. Сөйтіп оның барлығын Парламентке өткіземіз. Жәрдемақы 1 шілдеден төлене бастайды, – деді Б.Сапарбаев.

Осыдан кейін елде тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек бөлінісі әділеттілігін тапты деуге негіз бар. Өйткені, аналардың қоғам алдында көтерген мәселесіне мемлекеттің үнсіз қалмай, дер кезінде оңды шешім жасауы еліміздің өз азаматтарының мүддесін сыртта да, іште де қорғауға, қамқорлыққа алуға дайын екенін көрсетті. Бұл қоғамның халықтың пікірімен, талап-тілегімен санасатынын аңғартады. Тегінде, халық үніне құлақ асу – мемлекет беделіне абырой. Осындай көзқарасты ұстанған елдің ғана асар асуы биік болмақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.