Sport

Көпбалалы отбасынан шыққан балғындар заманауи жаттығу залында шынығады

Written by Aray2005

Бүгінде облыста бұқаралық спортты дамыту бағытында аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Жыл сайын ел игілігіне беріліп жатқан спорт нысандарынан бөлек, әртүрлі мекемелер іргесінен кірпіші қаланған кешендер де баршылық. Міне, сондай спорт залдың бірі – Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернат жанынан балғын балуандарға есігін айқара ашты.

Кешеннің ашылуына облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, даңқты бапкер Ахмет Жұмағұл және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов қатысып, жаңа спорт залдың ашылуымен көпшілікті құттықтады.
– Бүгін керемет мереке болып тұр. Мектеп-интернаттың балғын балуандарына арналған күрес залы берілуде. Бұның бәрі ел ертеңі саналған жастарға мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы. Барлықтарыңызды жаңа жаттығу залының ашылуымен құттықтаймын! –
деді алғаш сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Салқанұлы.
Бұдан кейін сөз тізгіндеген даңқты бапкер Ахмет Жұмағұл мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне оқуда да, спортта да озат болуларына тілектестігін білдіріп, өмір жолдарына ақ батасын берді.
Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов болса, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтай былғары қолғап шеберлері осындай мектеп-интернаттың қабырғасынан шыққанын тілге тиек етіп, бұл күрес залы да талай толағайларды тәрбиелейтініне сенімділік білдірді.
Бұдан соң Ахмет Жұмағұл мен мемлекет мақтанышы Елдос Сметов күрес залының лентасын салтанатты түрде қиып, аралап көрді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылы аясында ашылып отырған дзюдо және белдесу күресінен жаттығу залы барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда қазір мектеп-интернаттың 380 тәрбиеленушісінің 80-і үш топқа бөлініп жаттығуда. Балғын балуандарды облыстық білім басқармасы жаттығу құрылғыларымен қамтамасыз етсе, ҚР дзюдо спорты федерациясы татами мен 50 кимоно алып берген. Сондай-ақ облыста еліміз бойынша тұңғыш рет құрылған «Белдесу» ұлттық спорт түрі федерациясы да демеушілік көрсетуде. Ал облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы балуандарды баптайтын 4 жаттықтырушыны спорт мектептерінен бөліп беріп отыр.
Күрес залының мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне келтірер еш зияны жоқ. Олай дейтініміз, негізгі жаттығулар сабақтан кейін 16.00-20.30 уақыт аралығында өткізіледі.
Міне, осындай тамаша күрес залы балғын балуандарға үлкен мүмкіндік сыйлауда. Және нысанның ашылу салтанатына орай Халық қаһарманы Р.Қошқарбаевты еске алуға арналған қазақ және белдесу күресінен облыстық турнир түндігін түрді. Бұл бәсекеге облыс әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығы» тікелей ұйытқы болып отыр.

Байзақта жаңа футбол алаңы ашылды

Байзақ ауданының Бурыл ауылынан да ақжолтай хабар жетті. Мұнда жеке кәсіпкер Қуаныш Шерметовтің демеу­ші­лі­гі­мен бой көтерген жаңа типті шағын футбол алаңшасы ел игілігіне берілді.
Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов елден шыққан азамат Қуаныш Асанұлы­ның демеушілік білдіріп, мәрттік танытқанына алғысын білдірді. Сонымен бірге аудан аумағында атқарылып жатқан бірқатар игі істерге тоқталып өтті. «Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Осы «Алинұр-Арена» шағын футбол алаңынан елге, әлемге танымал болар спортшылар тәрбиеленіп шықсын», – деп ақ ниетін білдірді Дәуір Рысбайұлы.
Шағын футбол алаңшасында жанкүйерлер отыратын орындық, жаңа қақпа, жасанды төсеніш салынған. Өз қаражатынан 15 миллион теңге жұмсап, заман талабына сай шағын спорт алаңын салған кәсіпкерге ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Зейнеткер Орынбай Әжібеков тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР