Sport

Көпбосынов қолдау білдірсе, балғындардың бағы жанғалы тұр

Ережесіз жекпе-жек жалпыға таныс болғанымен, бұл спорт түрінен облыс намысын асқақтатып жүрген саңлақтарымыздың қатары күн санап артып келе жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, жас жеткіншектеріміз жүзден жүйрік шығып, ел біріншіліктерінен бөлек, Азия чемпионаттарында да атой салуда. Оған дәлел, күні кеше ғана Алматы мен Қарағанды қалаларында өткен ел чемпионатында жерлестеріміз жасындай жарқылдаса, Қордай ауданында жалауы желбіреген Азия біріншілігінде балғын спортшыларымыз жеке дара топ жарды. Міне, осы өңір мақтаныштары жайында бүгін әңгіме өрбітсек.

Жалпы, бұл спорт түрі аралас, кейде ережесіз жекпе-жек деп аталады. Ережесіз жекпе-жектің басты ерекшелігі жекелеген спорт (күрес, бокс, муа-тай, джу-джитсу, панкратион және грепплинг) түрлерінің барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады. Бұл – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан сайыста сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сынға түседі. Сондай спортшылардың басын қосқан жуалылық WFA «World Fighters Arlan» клубының президенті Азат Шынғазымен жақында кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Негізі аталмыш клубтың құрылғанына жыл толмаған. Десе де, 100-ден астам жас жеткіншектің басын қосқан ұйымда Қазақстан және Азия чемпиондары да бар.

– Мен клубты ашпас бұрын Тараз қаласында банк қызметкері болып жұмыс жасадым. Белгілі себептермен жұмыссыз қалдым. Сөйтіп туған жерім Жуалы ауданының орталығы – Б.Момышұлы ауылына келдім. Мектеп жасында спорттың бірнеше түріне қатысқаным бар еді. Содан, достарымның айтуымен Алматы қаласына жарысқа аттандым. Ол жерде тәжірибенің аздығынан жеңілдім. Осы аралықта ауылдағы жас жеткіншектердің басын қосып, спорт клубын ашып, оларды тек жеңіске жетуге тәрбиелеймін деп өзіме-өзім сөз бердім. Алға қойған мақсатымды жүзеге асыруда спорт залын жалға алып, оған қажетті барлық құрал-жабдықтармен жасақтауға тырыстым. Спортқа жаны құмар жастарды жинадым. Қазір бір үлкен команда құрдық, – дейді Азат Төлематұлы.

Бүгінде спорт клубында 5-30 жас аралығындағы ұл-қыздар шынығуда. Клуб спортшылары Тараз қаласындағы алғашқы жарысына келгендерінде 30 баланың 28-і жеңімпаз атанып, талайды таңғалдырған. Бүгінде 100-ден астам баланың 40-қа жуығы үлкен жарыстарда бақ сынауда.

Аламан десе «ауыздықпен алысқан арғымақтай» тепсініп тұратын жалынды жастар биылғы наурыз бен сәуір айларында Алматы және Қарағанды қалаларында өткен ел біріншілігі мен Қордай ауданында алауы тұтанған Азия чемпионатында облыс намысын қорғап, алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ, Тараз қаласында ғарышкер Ю.Гагарин жүлдесі үшін өткен ел чемпионатында да командалық есепте Кубок иеленіп, бірқатар спортшылар жеңіс тұғырынан көрінген.

– Кез келген жарысқа алдын ала жаттығып, жеңіске деген құлшыныспен барамыз. Бүгінде спортшыларды спорт залынан қуып шығатын жағдайға жеттім. Болашағынан үміт күттіретін жастар көп. Мәселен, ағайынды Мұхамеджан, Аян, Нұрғиса Анарбековтер, ағайынды Әбубәкір, Арби Құсайыновтар, Нұрғазы Шынғазы, Арсен Қалдыбек, Арафат Пірниязов, Абай Әлжаппаров, Ұлан Шәріпбек, Иса Бачаев, Ислам Мұсаев пен Давид Булайдың болашағы жарқын болатынына сенемін. Спортшылар бүгінде әртүрлі салмақта жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, барған жарыстарынан жүлдемен оралуда, – дейді жаттықтырушы.

Сондай спортшының бірі – батыр Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы, Г.Ордженикидзе атындағы №1 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы Нұрғиса Анарбек. Ережесіз жекпе-жекке келгеніне бір жыл болмаса да, Нұрғиса Ержанұлының бағындырған белестері көп. Ол Азия және үш дүркін Қазақстан чемпионы.

– Ережесіз жекпе-жекте спорттың барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады. Маған сонысымен ұнайды. Денсаулыққа да аса қатты зияны бар деп айта алмаймын. Мені спортқа баулыған әкем Ержан. Алғаш 1-сыныпта еркін күрес үйірмесіне барып, бірінші жарысымда жеңіске жеттім. Содан алдымдағы ағаларым Мұхамеджан мен Аянға ілесіп, спорт залынан табылуға тырыстым. Әр жеңісім бірінші Алланың арқасы. Одан кейін тынымсыз еңбек пен жаттықтырушым Азат ағайдың берген бағыт-бағдары, үйреткен айла-тәсілі, – дейді Нұрғиса Анарбек.

Бағындырған әр белесін жаңа бір асудың бастауы деп білетін Нұрғиса ережесіз жекпе-жектен спорт шебері. Оның ағалары Мұхамеджан мен Аян да еркін күрес, таэквандо, бокс және ережесіз жекпе-жекте ел намысын қорғауда алдына жан салмайтын спортшылар. Бүгінде Мұхамеджан 9-сыныпта оқыса, Аян 6-сынып оқушысы.

Сонымен қатар, аталмыш клубтың тағы бір спортшысы – Нұрғазы Азатұлы. Ол 5-сыныпта оқиды. Бес жастан бастап спортты жанына серік еткен Нұрғазы бүгінде талай белестерді бағындырып үлгерді. Азия және Қазақстан чемпионы. Оны спортқа баулыған әкесі Азат. Үйдің үлкені соңынан ерген інілеріне үлгі болып келеді. Жалынды жастың ендігі межесі – Әлем чемпионы атану.

Бұл тек екі спортшының жетістігі. Ал, клубта бұдан өзге 40-қа жуық спортшы ертеңінен үміт күттіріп тұр. Өкініштісі, өңірде осындай талантты жастарға жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жіті көңілдің бөлінбейтіндігі. Тіпті, жастар жарысқа өз қаражаттарымен баруға мәжбүр.

– Жасыратыны жоқ, клубты ашпай тұрып жергілікті әкімдіктен де, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан да көмек сұрадым. Алайда, бұл спорт түрі Олимпиада ойындарының тізіміне кірмейтіндіктен, көмек бере алмайтындықтарын айтты. Бүгінде бір отбасынан 2-3 бала жаттығуға келеді. Ал, жарысқа ата-аналар тек біреуіне ғана қаржы тауып жібере алады. Тіпті, кейбір жағдайда спортшыларымыз қаржының жоқтығынан жарысқа бара алмай да қалып жатады. Бапкер болғандықтан, қолдан келген көмекті аямаймын, бірақ бәріне-бірдей жеткізу мүмкін емес, – дейді Азат Шынғазы.
Жаттықтырушының жанайқайын орынсыз дей алмаспыз. Десе де, осы аптада Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов балғын спортшыларымызды қабылдап, толағайларға лайықты құрмет көрсетіпті. Және «Клубқа өз көмегімді беремін» деп уәде еткен көрінеді. Көпбосынов жастарды көп күттірсе де, «Ештен кеш жақсы» дейміз. Әйтеуір, бір реттік қабылдаумен арқаларынан қағып шығарып салып, ертең елемей қоймаса болғаны.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Жуалы ауданы

ПІКІР