Көпшіліктің қолдауын тапқан челлендж

0 28

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы «Атырау-ақпарат» және «Қызылжар-ақпарат» медиа холдингтері мен «Jambyl», «Атырау» телеарналарына, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті редакциясы ұжымдарына челлендж жолдаған еді. Онда театрландырылған көріністер қамтылып, алып ақынның өлеңдерінен үзінді келтірілген болатын.

Осынау челленджді өзге өңірлердегі ұжымдар қолдап, жамбылдықтардың бастамасы жалғасын тапты. Атап айтқанда жерлесіміз, елімізге кеңінен танымал журналист, «Атырау» телеарнасының директоры Қанат Әуесбай «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасын қолдай келе: «Қадірлі жамбылдықтар! Туып-өскен жерім болғандықтан Тараз маған өте ыстық. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған – Жамбыл топырағы қасиетті. Сондықтан бұл челленджді сіздерден қуана қабыл алдым» десе, құландық жерлесіміз, белгілі актер Жалғас Толғанбай: «Aulieata-media» ұжымы ұйымдастырған челлендж өте маңызды. Маған өзге өңірлердегі азаматтармен қатар, Жамбыл жерінен де челлендж жолданыпты. Қуана қабыл алдым. Мен үшін Қордай, Шу өңірлері өте ыстық» дей келе, Жамбыл Жабаевтың «Менің пірім – Сүйінбай» өлеңін жатқа оқып беріпті. Тағы бір құландық жерлесіміз, атпал азаматтың бірі Қайрат Бисембаев та челленджді зор ықыласпен қабыл алыпты. Дәл осындай қолдау Эльмира Мырзағали басқаратын қалалық «Jambyl-Taraz» газеті ұжымынан да байқалып отыр. «Біз «Aulieata-media» ЖШС бастамасын қызу қолдаймыз. Бұл өте сәтті жұмыс, орынды бастама! Жамбыл мұрасына деген құрмет барша жастарға жігер, серпін береді. Осындай маңызды челлендждің бізге де жолданғанына қуаныштымыз» деп аталған газет ұжымы ризашылық танытқан. Аталған челленджді облыстық «Jambyl» телеарнасының ұжымы да қолдады. «Aulieata-media» ЖШС ұжымының бастамасын құрметпен қабыл алдық», дейді олар.
Мұнан бөлек те әр аймақтан аталған челленджді қолдап жатқандар көп. Біз мұны байтақ қазақ даласының жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа деген құрметі деп түсінеміз.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.