Жамбыл жаңалықтары

Көптің көкейіндегі мәселелер көтерілді

Елбасының бес институционалды реформасын жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында елімізде қоғамдық кеңестердің құрылғаны белгілі. Билік пен бұқараны байланыстырушы құрылым жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдап, сан алуан мәселелерді шешуге міндеттелген. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен аптада қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады.

Басқосуда ең алдымен сөз алған қоғамдық кеңес мүшесі Қайрат Шотбақов өңір басшысының жуырда жұртшылық алдында жасаған есепті жиынына қатысты ойын ортаға салып, төрт мәселеге назар аударды. Оның алғашқысы «Таразэнергоорталығының» жұмысын жандандыру жөнінде болды. Ол өз сөзінде қаланы жылумен бірге электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынды қайта жаңғырту жұмыстарына инвесторларды тарту мәселесін айтты. Облыс әкімі «Таразэнергоорталығын» жаңғырту жайы өзекті екенін тілге тиек ете келіп, аталмыш жылу орталығының қазір жекешелендірілетін нысандар тізіміне енгенінен хабардар етті. «Егер кәсіпорын жекеге сатылатын болса, инвестор қаржысын қайтару үшін тарифті көтеретіні белгілі. Ал, оны халықтың қалтасы көтере ме? Сондықтан, алдымен жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізу керек», – деді аймақ басшысы.

Қайрат Шотбақовтың қант қызылшасы өндірісін дамытып, шикізаттан алатын өнімдерді арттыруға қатысты ұсынысына облыс әкімі аймақта гидромелиорация жүйесін жаңартуда ескі тоғандарды қалпына келтіру және жаңа технологияның көмегімен суармалы жерлердің көлемін бірнеше есеге ұлғайту қолға алынып жатқанынан құлағдар етті. Бұдан бөлек, кеңес мүшесінің облыста математика бағытында дарынды балаларды оқытатын орталық құру жөніндегі ұсынысы өңір басшысы тарапынан қолдау тапты. Облыс орталығымен қоса барлық аудандарда дарынды балаларға арналған мектептер ашу керектігін баса айтқан облыс әкімі бұл мәселе жіті назарда болатынын жеткізді.

Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов жергілікті полиция қызметіне қажетті қаражат бөлініп, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенімен, жұмыстың тұралап тұруы штаттық бірліктің жетіспеушілігінен орын алып отырғанын мәселе етіп көтерді. Сол себепті облыс әкімдігі, облыстық қоғамдық кеңес, ішкі істер департаменті және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы тарапынан арнайы комиссия құрып, салаға қажетті мамандарды тартуды ұсынды. Бұл пікірге қатысты Асқар Мырзахметов жауапты сала мамандарына кадр мәселесіне айрықша көңіл бөліп, қажетті қаражатты зерделеуді тапсырды.

– Жалпы, мамандарды дайындау мәселесін мықтап ойластыру керек секілді. Жамбыл облысы аграрлы өңір болып саналатындықтан, мұнда ауыл шаруашылығы құрылымдары көп. Ал, жергілікті жоғары оқу орындарында аграрлық сала мамандары дайындал­май­ды. Сол себепті, бірінші кезекте облыста заманауи талапқа сай келетін агроколледждің қабырғасын қалауымыз керек. Ол жерге оқуға келген жастарды жаңа технологиялармен жұмыс жасауды және жерді тиімді игеруді үйретуіміз керек. Сонда ғана кадр мәселесін біржақты шеше аламыз. Аталмыш мәселе заң саласының мамандарын дайындауға да қатысты. Егер біз мамандарды сырттан әкелмей, өзімізде дайындай алсақ ұтарымыз көп болары сөзсіз, – деді облыс әкімі. Осы тұста Асқар Исабекұлы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға облыста жыл сайын университеттерді қызыл дипломға бітірген білімгерлердің базасын жинақтап, оларды сыртқа жібермей, облыстың экономикасын дамытуға пайдалану керектігін тапсырды. Жиында Байзақ ауданындағы «Талап» шаруа қожалығының төрағасы Мауыт Фазулов аталмыш аудан шаруалары биылдыққа 2 мың 300 гектарға қызылша егуді жоспарлап отырғанымен, қажетті техникалардың жоқтығын алға тартты. Осыған дейін шаруашылық басшысы біраз шетелде болып, ондағы заманауи техникалардың бірқатарын алғызыпты. Бірақ, Германияның қымбат комбайнына қаржысы жетпей, Ресейдің ескі техникасын місе тұтып отырғанын жасырмады. Бұл түйткілге қатысты облыс әкімі мәселе көтергеннен ештеңе шешілмейтінін, сол себепті оны ауыл шаруашылығы басқармасы әзірлеп жатқан картаға енгізіп, жан-жақты зерделеу қажеттігін құзырлы сала мамандарына жүктеді. Десе де, А.Мырзахметов жиын-терін науқанына дейін комбайн мәселесі біржақты шешілетіндігін айтып, шаруаны қуантты.

Басқосуда бұдан бөлек бірқатар мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Барлық сауалдарға толыққанды жауап берген облыс әкімі А.Мырзахметов кеңесте көтерілген әр мәселеге қатысты талдау жүргізіліп, келесі басқосуда оның орындалуы хабарланатынын жеткізді.

Айжан Өзбекова

ПІКІР