Қорағатыға көгілдір отын келеді

0 2

Т.Рысқұлов ауданында соңғы жылдары ауыл-аймақтарды газдандыру ісі қарқынды жүргізілуде. Ауылдықтардың игілігіне арналған іс қазір аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қорағаты ауылында жалғасып жатыр.

Бүгінде Сәбденов ауылы мен Қорағаты ауылдары аралығындағы 22 шақырым аралыққа құбыр салынуда. Күні кешеге дейін қыстық отын үшін алыстан көмір тасып, іргедегі ағашты отап келген ауыл тұрғындары жағымды жаңалықты қуана қарсы алды.
Қорағаты ауылында 11 көше бар, онда 158 үй орналасқан. Күні бүгінге дейін жеті көшеге құбыр орнату үшін жер қазылып бітіп, Абай көшесінде бес экскаватор жер қазу (траншея) жұмыстарымен айналысуда.
Бір айта кетерлігі, мұнда үйлерге газ кіргізіп беру ауыл халқына арзанға түсейін деп тұр. Нақтысы, әр үй газ кіргізуші мекемеге 150 мың теңгеден ғана төлемақы жасайтын болады.
Сонымен, биыл күзге дейін аудандағы көгілдір отын кірмеген 11 ауыл газбен қамтылып, жұрт көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылады.

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.