Қордай алып құрылыс алаңына айналды

0 16

Кейінгі жылдары Қордай ауданында құрылыс саласы ерекше қарқын алды. Аудан халқының саны өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс көлемі күн санап артып жатқан кезеңде баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың жандануы көңіл қуантады. Аудан орталығында бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен жаңа баспаналар тұрғындардың көкірегінде қуаныш сезімін оятып, үміт отын маздата түсті.

Қордай ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы жылдары Қордай ауылында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, 1 270 пәтер пайдалануға берілмек. Жаңа пәтерлер ең алдымен баспанаға кезекте тұрған көпбалалы аналарға, көмекке мұқтаж мүгедек азаматтар мен жетім балаларға және мемлекеттік қызметшілерге үлестірілді.
Өткен жылы Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабы мен Жібек жолы көшесінің бойынан төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, инфрақұрылым жүйелері толықтай тартылған болатын. Ал өткен жылдың аяғында Қаракемер ауылында қоспәтерлі он тұрғын үй салынып, ондаған отбасының арманы орындалды. Сондай-ақ «Батыс» тұрғын алқабында инфрақұрылым жүйелері тартылып, алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға 388 жер учаскесі беріледі деп күтілуде. «Самал тау» тұрғын үй алқабында да инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары қаралу үстінде екен.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірнеше отбасы қуанышқа кенелген. Жарқын жоба аясында 15 үй салынып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тамаша тарту жасалған.
Ауданда тұрғын үймен қатар, әлеуметтік нысандардың да құрылысы қамшы салдырмас екпінмен алға озғанын айта кеткен жөн. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа мектептер салынып, апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілді. Осылайша баянды бағдарлама қордайлықтарға мол қуаныш сыйлауда. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы міндеттер де ауқымды.

Ш.БИДІЛДӘҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.