Қоғам

Қордай ауданында 52 нысанның жұмысы тоқтады

Written by Aray2005

Жамбыл облысы тұрғындары арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а. 05.07.2020 жылы «Қатаң карантиндік шектеу шараларды енгізу туралы» №28 қабылданған қаулысын Қордай ауданында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Аудандағы төтенше жағдай бойынша штаб төрағасының орынбасары Б.Жамангозов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдері және полиция қызметкерлерімен бірлесе халық көп шоғырланған базарлар мен көшелерде рейд жұмыстарын жүргізуде.
Қордай ауданында енгізілген қатаң шектеу шараларына байланысты 16 тойхананың, «Қордай сити», «Мерей», «Нұрсәт», «Жан-сая» (2 қабаты) ірі сауда орталықтарының, моншалардың, 25 шаштараз және сұлулық салондарының, 3 саябақтың, 4 бассейн мен спорт залдарының, 6 компьютер және бильярд нысандарының қызметіне тыйым салынды.
Сондай-ақ аудандағы барлығы 75 кафенің жұмысы тоқтап, ашық алаңқайлары бар 5 кафенің иелеріне келген тұтынушылардың ара қашықтығына мән беріп, санитарлық нормаларды сақтап, жеткізіп беру жұмысын көбірек қолға алу керектігі баса айтылды.
Өз кезегінде арнайы тіркелген такси қызметкерлеріне санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып 2 адамнан артық тасымалдауға болмайтындығы, қоғамдық көлік жүргізушілеріне сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін және 17.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат екендігі түсіндірілді. Бүгінгі таңда Қордай ауданында 6 бағыт бойынша барлығы 40 қоғамдық көлік тұрғындарды тасымалдауда.
Сонымен қатар, аудандағы арнайы мобильді топ мүшелері үй маңындағы дүкен иелеріне сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін сауда-саттық жасауына болатындығын, «Бауырхан», «Үсенұлы» базарларындағы сатушыларға бағаны негізсіз қымбаттатуға жол бермеу керектігі ескертілді.
Айта кетерлігі, аудандағы 19 ауылдық округ тұрғындарына «Коронавирус: сақтық шаралары күшейтілді!» атты арнайы жадынамалар еріктілердің көмегімен таратылуда. Ал халыққа отбасылық мерейтойларды (мерекелік той, құдалық, беташар, ас) өткізуге тыйым салынғандығы түсінтірілуде.

ПІКІР