Қордай күн өткен сайын құлпыра береді

0 5

Өйткені, ауданды дамытуға 35,1 миллиард теңге қаражат бөлінді

Облыс әкімдігінде өткен жиында Қордай ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері қаралды.

Аудан әкімі Рүстем Дәулет жалпы сомасы 35,1 миллиард теңгені құрайтын 392 жобаның 366 нысанында жұмыс аяқталғанын жеткізді. Қалған нысандар жыл соңына дейін аяқталмақ. Аймақта 4627 жұмыс орны құрылды.
– Жобалар жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы, «Ауыл – Ел бесігі», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Мектептер, тұрғын үйлер, мәдени және спорт мекемелері, денсаулық сақтау нысандары және жолдар салынуда. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылып, ауылдар газ және су жүйелеріне қосылуда, – деді Р.Дәулет.
7,4 шақырым жаңа автомобиль жолдары салынып, 343,6 шақырым жол жөнделген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 90 пайызға, ал ауылішілік көшелердікі 75 пайызға жетті.
9 ауылда (Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай, Еңбек) көшелер асфальтталып, 373 жол белгісі орнатылды. Жол-көлік оқиғаларының саны 39,7 пайызға азайды.
– Баспана мәселесі де шешімін табуда. Аудан бойынша 1524 тұрғын үй кезегінде тұр десек, бес көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Тағы екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы 15 үй салынуда, – деді Р.Дәулет.
Жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауылдарда 7 спорттық және 8 ойын алаңы ел игілігіне берілді.
– Ауданда 3 білім беру мекемесі салынуда. Апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесі толығымен шешілетін болады, – деді Рүстем Рысбайұлы.
4 мектеп және 3 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өтті.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 22 ауылда газбен қамту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда 10 ауылға магистральды газ құбыры тартылып жатса, Қарасу мен Өтеген ауылдары көгілдір отынға қосылып үлгерді. Қалған 8 ауылда ауылішілік желілер тартылуда.
Қазіргі таңда Отар ауылының маңынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынуда. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады.
– Жыл соңына дейін тағы 12 ауылды газға қосу жоспарланып отыр. Ол үшін 175 шақырым газ құбыры тартылады. Әзірге оның 84 шақырымы тартылды, – деді Қ.Қорғанбаев.
Биыл орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жүйесі 4 ауылға жеткізілді. Облыстық және республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, 6 ауылға су құбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Тағы 2 жоба мемлекеттік сараптамадан өтті.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Бейбітшілік пен келісім» жобасының іске асу барысын баяндады. Жоба аясында өткізілген кездесулер кезінде 16 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 18 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Тағы 44 адам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа орналасыпты.
– Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат ала алды. Осылайша мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратқа қаныққан тұрғындар өз ісін ашуға бел буды, – дейді Д.Бейсенқұлов.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарамасы аясында 222 миллион теңгеге жеті жоба субсидияланды, 121,5 миллион теңгеге тағы жеті жобаға ішінара несиелік кепілдіктер берілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша үш жобаға қаржылық қолдау көрсетілген.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша тек 72 кәсіпкер 296,2 миллион теңгеге несие алды. 250 ауыл тұрғыны «Бастау бизнес» бойынша оқудан өтті.
Сондай-ақ, кездесулерде тұрғындар агроөнеркәсіптік кешен мәселелерін де көтерді. Жалпы, пайдаланылмаған 3 мың 750 гектар ауылшаруашылық мақсаттағы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Мемлекет қордайлықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін қыруар қаржы бөліп келеді. Ауыл тұрғындары бұл қамқорлықты сезінулері керек. Аудан тұрғындарының 95 пайызынан астамы газбен қамтамасыз етілмек. 88 пайызы орталықтандырылған ауысуға қол жеткізеді, ал жақсы жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 90 пайызға жетті.
Ең маңызды мәселе – газдандыру. Бұл мәселені шешу арқылы аймақ экономикасы көтеріледі, кәсіпкерлікті дамытуға үлкен үлес қосады. Тұрғындарға енді шеберхана ашу оңай болатынын түсіндіру керек. Мәселен, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге болады, – деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту бағытындағы жұмыстар негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін ескертті. Сонымен қатар, жұмыссыздық, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне де баса назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.