Қордай оқиғасы: Заң баршаға ортақ

0 14

Қордай оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 1 жыл төрт ай қаралған сот процесінің қорытындысында күдіктілердің алды 20 жылға сотталса, кінәсі дәлелденбей ақталып шыққаны да бар.

Мамандандырылған сотта сот үкімін судья Айдарбек Замбаев оқыды, ал Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов бар жағдайды жан-жақты баян етті.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 7-8 ақпан аралығында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында орын алған жаппай тәртіпсіздікте 10 адам қаза тауып, тағы бір тұрғын өртенген ғимараттың қирандыларының астынан табылған. Сондай-ақ 158 азамат пен 20 полиция қызметкері жарақат алған. 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік құралы бүлініп, меншік иелеріне келтірілген залал 829 миллион 848 мың теңгені құраған. Облыстық полиция департаментінің 10 автокөлігі зақымдалып, мемлекетке 3 миллион 291 мың теңге залал келтірілген.
– Бұған дейін сот үкімі бойынша бұзақылық әрекеттермен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін 6 адам сотталған болатын. Бүгінгі қылмыстық іс бойынша сот процесі 2020 жылдың 8 желтоқсанынан 2021 жылдың 19 сәуіріне дейін өтті. Оған екі прокурор, 366 жәбірленуші және 16 жәбірленуші өкілі, 10 қорғаушы, сондай-ақ 4 аудармашы қатысты.

– Қылмыстық іс бойынша 51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33-і қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу қолхаты бойынша ұсталды. Сотталушыларға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды. Сот заң мен сот алдындағы теңдік принципін басшылыққа алып, жиналған дәлелдеме мен қылмыстық заңнамада көрсетілген жаза аясында келесі шешімдерді шығарды. 50 адам кінәлі деп танылып, бір адамның кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ол ақталды. Сотталушылардың кінәлары молекулярлық, сот-тергеу қорытындылары мен жасырын бейнебақылау камераларындағы видеолар арқылы қаралды, – деді облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Сайлауұлы.
Енді жазаға тартылғандарға жекелей тоқталсақ, күдікті Джумахан Ботасов бір топ адамға мылтықпен оқ атып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 адам жаралағаны үшін оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Ал сотталушы Медет Тоқабаев бір топ адамды көлігімен қасақана қағып, нәтижесінде жәбірленуші Күйіров оқиға орнында көз жұмып,
3 адам тағы зардап шеккені үшін оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Дәл осы іспетті қылмыстар жасағаны үшін Мәрлен Кәрібаев 16 жыл 6 ай, ал Мақсат Сұлтанаев
17 жыл арқалады.
Сотталушылар Щимар Сангуй мен Юбур Чишанло бір топ адам болып қасақана адам өлтіргендері үшін 16 жыл 6 ай бас бостандықтарынан айырылды. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, аталған күдіктілердің бірі жәбірленушінің кеудесінен айырмен ұрса, екіншісі темірмен басынан соққылаған. Ал жабылып ұрған Ислам Гимуров, Исмар Хижов және Мухарме Хожовтың әрекеті адам өлтіруге апармады деген байлам жасалып, олар жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бап бойынша 5 жылға сотталды.
Тағы бір жайтты айтсақ, сотталушы Эрса Дауров полиция қызметкерлерінің жаппай тәртіпсіздікті тоқтату барысында оларға қаратып оқ атқан. Нәтижесінде 4 тәртіп сақшысы жарақат алған. Оған полиция қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық жасағаны үшін және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Берік Құлтасовтың сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек бір адамға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, қарумен заңсыз әрекеттерге, кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Тағы бір сотталушыға тонау, адамдардың алдында сөз байласу, аса ірі мөлшердегі қарақшылық шабуылға, суық қарумен заңсыз әрекеттерге қатысқаны жөнінде айып тағылып, ол 11 жылға абақтыға айдалды. Сондай-ақ тағы бір күдікті жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, аса ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталып отыр.
Ал 9 адам жаппай тәртіпсіздіктерге шақырып, қатысқаны және бөтен мүлікті ұрлағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылса, 31 адамға жаппай тәртіпсіздікке шақырып, оған қатысып, тұрғын үйлерге заңсыз кіру жолымен бөтеннің мүлкін ұрлағаны, алайда кейбіріне келтірілген залалды өтегені үшін 5 жылдан 6 жылға дейін шартты түрде жаза кесілді. Нақтырақ айтсақ, 24 адамға шартты түрде жаза тағайындалса,
7 адамның бас бостандығы шектелді.

Міне, осылайша Қордай оқиғасына қатысы бар делінген 51 күдіктінің үкімі шығып, тек Исмар Ушировтің кінәсі дәлелденбей ақталып шықты. Енді сотталушылар сот үкімін 15 тәуліктің ішінде апелляцияға бере алады. Егер олай етпеген жағдайда сот үкімі заңды күшіне енеді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.