Қордай оқиғасына 1 жыл: Мұнда қазір барлығы басқаша…

0 5

Қордай оқиғасына бір жыл. Есепті кезең ел есінде несімен қалды? Ұлттар мен ұлыстар бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғына алды ма? Қазынадан қаралған миллиардтаған қаржы қайда жұмсалды? Тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті қаншалықты артты? Көкейдегі сауалдарға жауап таппақ мақсатта аталған ауданға арнайы ат ізін салып, барлығын көзбен көріп қайтқан едік.

Былтыр ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бюджеттен 35,1 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаржы толықтай тетігін тапты деуге негіз бар. Себебі қақтығыс болған ауылдарға 70 жыл күткен көгілдір отын кірсе, ауызсу құбыры да жүргізілген. Ауылішілік жолдар тақтайдай тегіс болып, тұрғындар үшін коммуналдық және көпқабатты баспаналар бой көтерген. Одан бөлек қираған үйлер мен әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, ауылдарда спорт алаңшалары мен мәдениет үйлері ел игілігіне қызмет көрсетуде. Небәрі 1 жылдың ішінде жасалған мұндай ауқымды жұмыс қандай мақтауға да лайық. Енді өткен жылдың өлшеміндегі тірліктерге жеке-жеке тоқталып, бұқараға боямасыз жеткізсек.

Жас жеткіншектер спортты жанына серік етіп жүр

Әлжан ана ауылы бұған дейін де күрделі құрылыс жұмыстарын көріп, жаңаша кейіпте жаңғырған болатын. Енді міне, мұнда былтыр спорттық-сауықтыру кешенінің кірпіші қаланып, ауыл балаларының асыл арманы орындалуда. Спорт кешені директорының міндетін атқарушы Самат Аманбаевтың сөзіне сүйенсек, мұнда қазір 120 бала футбол, волейбол, еркін күрес, каратэ және таеквондо сынды 5 спорт түрі бойынша жаттығуда. Балаларды 5 бапкер тегін баптауда. Таңертеңнен кешке дейін үйірмелер жұмыс істесе, 18:00-ден кейін спорт кешенінің есігі ауыл тұрғындарына ашық. Кез келген ауыл азаматы кешенге келіп доп теуіп, спортпен шұғылдана алады.
Сондай-ақ мұнда жас жаттықтыру­шылар да талмай еңбек етуде. Мәселен, Айгерім Маратқызы таэквондодан бапкерлік қызметке келген. Өзі Тараз қала­сының тумасы. Спорт шеберлігіне үміткер қаракөзіміздің қарамағында қазір 40 бала шеберлігін шыңдауда. Айгерім шәкірттерінің арасынан алдағы уақытта талай толағай шығатынына бек сенімді.

Газдандыру – елді жандандыру

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордай ауданындағы 22 елді мекенге газ тартылып, 11 миллиард теңге игерілген болатын. Нәтижесінде тұрғындарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызға жеткен. Мұндай қуанышқа кенелгендердің қатарында Өтеген ауылының тұрғыны Берік Баековтің де әулеті бар.
– Көзімді ашқаннан осы ауылда тұрып келемін. 70 жыл күткен көгілдір отынымыз былтыр ауылға кіреді дегенде, шыны керек, сенген жоқпыз. Алайда құбыр тарту жұмыстары тез жүргізіліп, былтырғы жылдың қараша айында үйімізге газ кірді. Оның рақатын қыс бойы көріп шықтық. Бұрын көмір жаққанымызда үйдің іші көк түтін болып, одан қалса түнде сөніп қалып, әбден әбігерге түсетінбіз. Қазір ұйқымыз тыныш. Еш уайым жоқ, – дейді Б.Баеков.
Өтегендік тұрғын ауылға таза ауызсудың да келіп тұрғанын айтады. Осындай игі іске ұйытқы болған Президентке, облыс және аудан әкімдеріне деген шексіз разылығын жасырмады.

Қазақ тіліне құрмет еселене береді

Естеріңізде болса, Қордай қақтығысынан кейін мемлекеттік тілге қатысты көптеген мәселе айтылды. Сын тезіне мектептерден бастап, ұстаздар мен ата-аналар да ілікті. Алайда бүгінде жағдай түбегейлі өзгерген. Қазақ тіліне деген құрмет еселеніп, бір мектептің өзінде 1000-нан аса өзге ұлт өкілінің балалары мемлекеттік тілді меңгеруде. Міне, сондай білім ордасының бірі – Ауқатты ауылындағы №9 мектеп көпке үлгі болып отыр. Мектеп директоры Назира Тамабекованың айтуынша, былтырдан бастап 1188 дүнген баласы қазақ тілінде сауатын ашып жатыр екен.
– Мектебімізде бүгінде 1539 оқушы білім алып жатса, соның 1 188-і дүнген ұлтты және 67-сі өзге ұлт балалары. Өткен жылдан бастап мектебімізде мемлекеттік тілге айрықша көңіл бөлінуде. 120 мұғалімнің 23-і өзге ұлт азаматы болса, барлығы қазақтілді курсқа жолдама алды. Алды бүгінде сынақтан өтіп, оқушыларға қазақ тілінде тәлім беріп жатыр. Мектепте барлығы 70 сынып болса, былтыр қосымша 6 қазақ тілі сыныбын аштық. Жаңа оқу жылында аталған сыныптардың табалдырығын 154 бала аттады. Осылайша мектебімізде қазақ тіліне айрықша басымдық берілуде, – дейді мектеп директоры.
Иә, білім ошағы аралас мектеп болғанымен, былтырдан бастап мұнда сабақтардың дені қазақ тілінде өтуде. Осыны ескерген билік білім ордасын өткен жылы күрделі жөндеуден өткізіп берген. Үкімет қамқорлығын сезінген ұжым енді тек қазақы таныммен саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салмақшы.

Өзге ұлт өкілдері Абай өлеңдерін жатқа айтты

Қордай ауданына қарасты Сортөбе ауылында қазақтар қатары некен-саяқ. Тұрғындарының дені дүнгендер. Десе де мұнда бүгінде №18 қазақ мектебі ашылып, дүнген балаларға мемлекеттік тілді үйретуде. Мектеп қабырғасында дәл қазір 650 дүнген баласы қазақ тілінде білім алып жатыр. Ал оларға тәлім беріп жатқан дүнген ұлтының жас маманы Цимердан Лахметованың өзі мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
– Қазақ тіліне деген қызығушылығым 2004 жылы оянды. Содан тіл үйренуге бар күшімді салып, колледж бен университеттің де қазақ тобына құжаттарымды тапсырдым. Нәтижесінде мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін болдым. Қазақ тіліндегі құжаттар бойынша да сауатым жақсы. Өзімнің білгенімді балаларға үйрету үшін осы мектепке ұстаздыққа келдім. Қазақ тілінен бөлек, ағылшын тілінен де сабақ бере­мін. Бала­лар­дың қабыл­дауы өте жақсы. Бірер айда қазақ тілін мең­геріп кетіп жатқан оқу­шы­лары­мыз да аз емес, – дейді Цимердан.
Ұстаз­дың сөзі дәлелді екеніне біз бірден көз жеткіздік. Олай дейтініміз, сабақта отырған 9-сынып оқушылары бірінен кейін бірі тұрып, мемлекеттік тілде сайрай жөнелді. Мәселен, Шербана Руф есімді оқушы «Тәуелсіздік тәтті ұғым таңдайдағы» деп Елбасының сөзін келтіре отырып, өзінің қазақ жерінде туғанын мақтан тұтатындығын айтса, Замира Дшырова ұлы Абайдың «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» атты өлеңін жатқа оқыды. Аз уақытта ұстаздардың жасаған осындай толайым тірлігіне таңдай қағып, олардың алдағы жұмысына сәттілік тіледік.

58 имам мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр

Сортөбе ауылында былтыр «Имамдар үйі» ашылғанын ел жақсы біледі. Қордай ауданына сапарымыз барысында аталған дін өкілдерінің үйіне де арнайы ат басын бұрдық.
– Қордай оқиғасынан кейін дін мәселесі де көптің талқысына түскені рас. Әсіресе имамдардың уағыздарды қазақ тілінде жүргізбейтіні сынға алынды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 56 дүнген, 2 түрік имам «Қордай» құран оқу қарилар орталығы мен «Имамдар үйінде» мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр.
Жалпы Қордай ауданында 62 мешіт болса, онда 87 имам жұмыс істейді. Былтырғы жағдайдан кейін 8-9 имамымыз ротация әдісімен ауыстырылды. Қалған имамдар қазақ тілін оқуда. Олардың ішінде, әсіресе Сортөбе, Ауқатты және Қарасу ауылдарының дүнген ұлтты имамдарын тіл үйрену сабақтарына көптеп тартып жатырмыз.
«Имамдар үйінде» қазақ тілі бөлмесінен бөлек, ақсақалдар кеңесі де жұмыс істейді. Өзекті мәселе туындай қалса, ақсақалдармен осы кеңес отырысында талқылаймыз. Былтыр «Қордай» құран оқу қарилар орталығында тәлім алып жатқан шәкірттер санына қатысты да көп әңгіме айтылды. Осыған орай арнайы зерделеу жүргізіп, нәтижесінде 90-ға жуық баланы ғана қалдырдық. Өзге өңірден келіп, діни білім алатын балаларға жол жабылды, – дейді «Қордай» құран оқу қарилар орталығының директоры Ғалымжан Шерниязов.
Қазір Қордай ауданындағы мешіттерде жамағаттың басын қосып, уағыз айтуға тыйым салынған. Алайда Ғалымжан Шерниязов рұқсат берілген жағдайда мемлекеттік тілді меңгеріп қалған өзге ұлтты имамдар бар екенін айтады. Алайда жалпы халық тіл білмесе, имамдардың қазақша сөйлегенінен не пайда? Сондықтан тұтас ауыл бір-бірін бір тілде түсінбегенінше, уағыз мәселесін қоя тұрған жөн секілді.

Қазақ-дүнген деп бөлінбейді

Былтыр Қордай ауданында ауызсу, газ, жол мәселелері шешіліп қана қоймай, ауылдардан шағын спорт алаңшалары да ашылды. Біз елді мекендерге сапарымыз кезінде Масаншы ауылынан бой көтерген спорт алаңшасында жергілікті тұрғындар арасында футболдан өтіп жатқан турнирдің үстінен түстік. Ойыншылардың айтуынша, былтардан бері мұндай жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді екен.
– Ауылымыздан осындай тамаша спорт нысанын салып берген Үкіметке алғысымды айтқым келеді. Одан бөлек былтырдан бастап елді мекенде теннис корты, күрес залы сынды үйірмелер ашылуда. Біз өзімізге мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты сезіндік. Сондықтан ауызбіршілігімізді сақтап, осы алаңда спортпен шұғылданып келеміз. Алаңшаның есігі әрдайым ашық. Ал футболдан өтетін жарыстарға Қаракемер ғана емес, Бұлар батыр, Ауқатты, Сортөбе, Өтеген сынды ауылдардан да командалар келіп жатады. Спорт бәрін біріктіретіні белгілі. Футболсүйер азаматтар осы алаңға келгенде бәрін ұмытып, қазақ-дүнген деп бөлінбей, бір командада доп теуіп жүрміз, – дейді Ислам Дувмар.
Иә, шағын футбол алаңында қазақ пен дүнген балалары бірге доп ойнап жүргенін көріп, біздің де жүрегіміз жыли түсті.

Қақтығысқа ешбір ұлттың кінәсі жоқ

Масаншы ауылындағы жастардың осындай футбол ойынына сүйсініп қарап тұрған сәтімізде көзіміз алаңша маңындағы орындықта отырған қарияға түсті. Қасына барып саулық сұрассақ, Дыдыр Двумаров есімді ауыл тұрғыны екен. Ол бір жыл бұрынғы қақтығыстан кейін Масаншы ауылында бейбітшілік орнап, жастардың шат күлкісі естілгенін ойлап, көз жасын жасыра алмады.
– Құдай қайта басқа салмасын. Ондай күнді енді көрмейік. Былтырғы ақпан айындағы оқиғаға ешбір ұлттың кінәсі жоқ. Бұл қазақ-дүнген қақтығысы емес, базбіреулердің құйтырқы ойыны болды. Ауыл тұрғындарының арасында туындаған түсінбеушілікті теріс пайдаланып, ағайынның арасына іріткі салды. Сол күні мен оқиғаның бел ортасында жүріп, жастарды сабырлыққа шақырдым. Алайда айтақтаушылардың кесірінен жастар тіл алмады.
Біз әркезде де қазақты құрметтеген халықпыз. Қиын-қыстау кезеңде қамқорлығына алған қазақтың жақсылығын қалай ғана ұмытайық? Мұны біз өзіміздің ұрпағымызға айтып, санасына сіңіріп келеміз. Балаларым мен немерелерім қазір қазақтың тілін ана тіліндей құрметтеп, меңгеріп алған. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын да құрметтейміз. Ендігі менің тілеуім – барлық ұлт егеменді елімізде тату ғұмыр кешсін. Ақпандағы сол бір түн қорқынышты түстей жадымыздан ұмытылсын, – дейді Дыдыр қария.
Біз де ақсақалдың жүрек сөзін жылы қабылдап, отбасына амандық тіледік.

Үкімет 9,5 миллион теңге шығынын өтеп берді

Қордай қақтығысында ең көп зардап шеккен Масаншы ауылы болғаны белгілі. Мұнда үйлермен қоса әлеуметтік нысандар да өртке оранып, есік-терезелері қирады. Сол бір ақпандағы оқиғада Рабия Жинлированың екі сауда нүктесі мен асханасы өртеніп кеткен.
– Өзім көпбалалы анамын. Жолдасым дүниеден ерте өткендіктен күнкөрісімізді осы базардан айырып отырғанбыз. Ақпан айындағы қақтығыстың ертесінде сауда орындарымнан түк қалмағанын көріп, жүрегім қан жылады. Сегіз баламды енді қалай асыраймын деп қатты қиналдым. Алайда облыс әкімі келіп, бәрін Үкімет өтеп беретіндігін айтты. Одан кейін аудан әкімі күнде бізбен тілдесіп, көңілімізді жұбатып жүрді. Құдайға шүкір, мемлекет айтқанын орындап, екі сауда орны мен асханамның шығыны ретінде 9,5 миллион теңге берді.Өрттен қираған нысандарды қалпына келтіру үшін құрылыс материалдарымен де көмектесті. Бірінші Алла, екінші билік басындағылардың арқасында бұрынғы күніме қайта оралдым. Президентке, облыс және аудан әкіміне отбасымның атынан алғыс айтамын, – дейді көпбалалы ана.

Көпбалалы ананың көптен күткен қуанышы

Қаракемер ауылындағы игілікті іс – былтыр жаңадан салынған 20 коммуналдық пәтер көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жас мамандарға берілді. Баспана қуанышына кенелгендердің бірі Гүлнұр Сабырова басына қонған бағына сенер емес.
– Осы таңға дейін жолдасым екеуміз алты баламен жалдамалы пәтерде тұрып келгенбіз. Үй кезегіне тұрғанда да жақын арада үй беріледі дегенге сенбедік. Алайда Құдай қолдап, өткен жылы жаңа пәтердің кілті қолымызға тиді. Үйдің іші жылы. Газ келіп тұр. Бөлмелері кең әрі жайлы. Осындай бақытқа кенелткен азаматтарға тек алғыс айтамын, – дейді Гүлнұр.
Ауылға биыл таза ауызсу да келмек. Бұған дейін істеп тұрған қондырғылардың тозығы жеткендіктен жергілікті билік жаңа су құбырын жүргізуде. Бірер айдың бедерінде қаракемерліктер орталықтандырылған тіршілік нәрін тұтынатын болады.

65 дүнген Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Міне, Қордай ауданы бір жылдың ішінде осылайша адам танымастай өзгерген. Ақпандағы қақтығысты қара халық ұмыта бастаған. Бәрінің тілеуі – бірлік. Бір жыл бұрынғы оқиғаның енді қайталанбауын қалайды.
Ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі күн санап артып келеді. Қандай түйткілдің болмасын түйінін бірлесе тарқатуда. Мәселен, бұған дейін дүнген жастарының ерте некелесуі өзекті болып келсе, енді тек АХАТ бөліміне өтініш берген жастардың ғана некесі қиылады. Дүнгендердің әскерге бармайтыны да көпшіліктің түсінбеушілігін тудырса, бұл мәселе де байыппен шешіліп отыр. 2019 жылы 27 дүнген Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, 2020 жылы олардың саны 38-ге жетіп, 30 пайызға артқан. Осының өзі ұлттар арасындағы қол жеткізген ұғыныстық пен түсінікті көрсетіп тұрғаны анық.
Ендігі тілегіміз, Үкімет тарапынан жасалған рухани һәм әлеуметтік қолдаулардың қадірін ұлт пен ұлыстар ұғынып, бірлік атты құндылығымызды сақтай білсе игі.

Саян ТІЛЕУЖАН,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.