Қордайда асарлатқан ағайын бауырларды баспаналы қылмақ

0 2

Қазақ халқында дәстүр көп. Әрқайсының өз бағыты мен мағынасы, мәні болады. Солардың ішінде «Асар да» дәстүр, алайда бұл дәстүрді өзгелерден ерекше ететін сауабының молдығы, пайымды пайдасында. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал да осыдан қалса керек. Ертеден қалыптасқан асарлату дәстүрінде көмекке келетін көпшілік ақы сұрамайды, керісінше қажет жанға керегін ала келеді.
Жуырда Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарабаев және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы З.Қуатованың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы облыс бойынша бастау алып, ауданымызда тамаша қолдауға ие болды. Аздаған уақыт ішінде Қордай ауданында тұрғын үйге мұқтаж 25 отбасы анықталып, 2020 жыл соңына дейін ежелгі дәстүрмен оның ішіндегі 15 отбасын үймен қамтамасыз ету жұмыстары басталып та кетті. Биылғы жылы «Асармен» Алға, Жамбыл, Степное, Қасық, Ауқатты, Қарасу, Отар ауылдық округтерінде тұратын көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік аз қамтылған және жалғызбасты аналар баспаналы болмақ.
Солардың бірі, Әлжан ана ауылындағы жұмыстарға аз-кем тоқтала кетсек. Аталмыш ауылда анасынан ерте айырылған, әкенің қамқорлығынсыз қалған екі ағайынды жас балалар бар. Облыстан бастау алған игілікті іс аясында ауылдың округ әкімдігінің ұйытқы болуымен және ауыл ксәпкерлерінің бірігуімен бос тұрған үй қазір толықтай жөндеуден өтуде. Есік-терезелері ауыстырылып, іші әктеліп, сырланып, есік алдындағы ескі қоралар техниканың күшімен сүріліп, өмір сүруге барлық жағдайды жасалуда. Ендігі кезекте газ мен электрге қосу мәселелерін шешу жолдарын қарастырудамыз, дейді ауылдық әкімдіктің мамандары.
Шын мәнінде ауыл болып жұмылып, асарлатқан ағайын өмірдің қиын жағдайына тап болған жастарды баспаналы еткелі отыр. Жұмыстар бұл қарқыннан тоқтамаса көп ұзамай екі бауыр қоныс тойын тойламақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.