Жамбыл жаңалықтары

Қордайда «Достық» орталығы салынса…

Written by Aray2005

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ақпараттық-түсіндіру топтары Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, түрлі саладағы өзекті мәселелерге талдау жүргізді. Өңір басшысының төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте талдау нәтижелері сараланды.

Аталған ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына 107 адам енген. Олардың қатарында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, этномәдени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлерді қолдау институттарының өкілдері, депутаттар, имамдар бар. Олар Қордай ауданының ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткізіп, ұсыныстар мен шағымдарға құлақ түрді. Онда мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, кеңес беру алаңдары жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері де әдістемелік көмек ала білді.
– Топтар бес бағыт бойынша жұмыс істеп, мемлекеттік саясатты түсіндіру, әлеуметтік және діни саладағы мәселелерді саралап, жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысын, ауылдағы бизнесті дамыту шараларын зерттеді, – деп атап өтті ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов.
Талдау нәтижесінде басым салалар анықталды. Олар – мәдениет, спорт, жастар саясаты, тіл мәселелері.
Қордай ауданындағы Алға, Сұлутөр, Сортөбе, Масаншы ауылдарында жастарға арналған спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар, ал Отар ауылында спорт кешенін салу қажеттілігі көтерілді. Бұқаралық спортты дамыту үшін облыстық және республикалық деңгейдегі турнирлерді жүйелі түрде өткізудің маңыздылығы айтылды.
Кейбір елді мекендерде ауылдық клубтар жоқ. Студенттер арасында өзара достық қарым-қатынасты нығайту үшін аудан орталығында «Достық» орталығын ашу ұсынылды. Жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа жатақхана салу керек.
Сондай-ақ Қарасу ауылындағы орта мектеп оқушыларының ата-аналары балаларды тасымалдау үшін автобус бөлуді сұрады. Ал Масаншы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қажет.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтің жетекшілігімен көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек құжаттарын ресімдеуге, жұмыссыздарға, ерекше қажеттілігі бар ауыл тұрғындарына шипажайға жолдамаға қол жеткізуге және міндетті гигиеналық құралдар алуға көмектесті.
Басқосуда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков үшінші топтың жұмысы туралы баяндады. Ол бизнесті дамыту бағытында Қордай ауданында 219 миллион теңгеге 51 жоба іске асырылатынын, ол бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы қолдау көрсететінін жеткізді. Басқарма басшысының орынбасары Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерлік курстарын өткізу, бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы жеке семинарлар ұйымдастыруды ұсынды.
Ал төртінші топтың жұмысына тоқталған дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров 62 мешіт пен 6 шіркеуде келушілерімен кездесу өткізілгенін тілге тиек етті. Онда діни саладағы мемлекеттік саясат және заңнама нормалары түсіндірілген.
Сонымен қатар жиында құқық қорғау блогы тобының жұмысы да тыңдалды. Ол туралы Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Қанат Мамаев хабарлады.
Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет барлық жұмыс топтарының ескертулері ескерілгеніне, оларды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетініне сендірді.
– «Бейбітшілік және келісім» жобасы шеңберінде Қордай ауданының жол картасы жасалып, оған кеңесте талқыланған барлық мәселелер енетін болады. Мұндай шаралар басқа аудандарда да өтеді. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі, жергілікті халықты толғандыратын мәселелерді анықтау және шешу. Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз мұқият назарға алынып, аяғына дейін жеткізілуі тиіс, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР