Қордайда компьютерлік томография кабинеті ашылды

0 19

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында індетпен күресте алғы шепте жүрген ақхалаттылар үшін ғана емес жалпы қордайлықтар үшін тамаша сый жасалды. Аудандық орталық аурухана аумағында алғашқы рет компьютерлік томография кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Тараздағы «Мейiрiм» медициналық орталығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігі мен Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен лентасы қиылған кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, дәрігерлер мен «Мейiрiм» медицина орталығының өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай аудан басшысы Рүстем Дәулеттің құттықтауы мен алғысын жеткізіп, қордайлықтар көптен күткен жақсы жаңалық үшін аталмыш кабинеттің ашылуына атсалысқан жандарға алғысын білдірді.
– Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ауданымызда үлкен шара іске асуда. Коронавирус пандемиясы кезінде медицина саласын заманауи техникамен, құралдармен жабдықтау өте өзекті екеніне көз жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицинаны дамыту бойынша нақты тапсырмалар да берген болатын. Соның жүзеге асқанының бір белгісі – бүгін ауданымыздың орталығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында компьютерлік томография кабинеті ашылып отыр. Бұл жүз қырық мыңға жуық халқы бар ауданымыз үшін үлкен жетістік деп білеміз. Әсіресе, пневмониямен ауырғандар үшін диагноз қоюда компьютерлік томографияның нақтылығы мен туралығына көз жетті. Осыған дейін аудан тұрғындары облыс орталығына немесе өзге қалаларға томографиядан өту үшін жол тартатын болса, енді алысқа барудың қажеті жоқ. «Мейiрiм» медицина орталығы қолға алған бұл шараның арқасында жерлестеріміз барлық тексеруден аудан орталығында өте алатын болады, – деді Дамира Маратқызы.
Келесі кезекте сөз алған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова аталмыш кабинеттің ашылуына ұйытқы болған барша азаматтарға ауданның медицина қызметкерлері мен тұрғындары атынан шын жүректен алғысын білдіріп, бұл қордайлықтар үшін көптен күткен арман болғанын, бүгінде сол арман орындалып отырғанын жеткізді.
– Рас, бұл күнді қордайлықтар ұзақ күтті. Осындай аппарат қажет деп сан мәрте хаттар жазылды, ұсыныстар берілді. Бүгін облыс, аудан басшылығының қолдауымен «Мейірім» медицина орталығы арқылы бұл жұмыс сәтті іске асты. Бұны халық денсаулығына деген қамқорлық деп түсіну керек. Ендігі кезекте халықтың көңілінен шығып, науқасынан емделуге көмек көрсетуде бар жүк орталық аурухана мен жаңадан ашылып отырған кабинет қызметкерлеріне түскелі тұр. Осының барлығын абыроймен атқарады деп сенемін. Бұл Үкіметіміздің медицинаға, халық денсаулығына жасап отырған үлкен қолдауы мен жанашырлығы, – дейді облыстың және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай ақсақал.

Жандос ОМАРОВ,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.