Sport

Қордайда «Street Workout» алаңы ашылды

Written by Aray2005

Қазіргі таңда елімізде спорттың «Street Workout» түрі мықтап қолға алынуда. Әсіресе үлкен қалаларда спорттың бұл түріне деген қызығушылық күн санап артуда. Еліміздің әрбір өңірінде ашылып жатқан тың спорт енді Қордай ауданында да құлашын кеңге жаюда. Осы аптада орталық саябақта аудан әкімдігінің демеуімен «Street Workout» спорт алаңшасының ашылу салтанаты өтіп, тұрғындарды қуанышқа кенелтті.
Спортты жанына серік еткен жандар мен аудан тұрғындарының бұл күні қарасы көп болды. Спорт алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Байтөле, Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ азаматтар қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Жыл сайын спортпен шұғылданатын жастар саны артып келеді. Ауданымызда салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарының көбеюі аса маңызды. Аталмыш спорт түрінің алаңшасының ашылуына қол ұшын созған кәсіпкерлерге аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіремін, – деген аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы өлкенің спорт саласының дамуына тоқталып, жаңа кешеннің ашылуымен көпшілікті құттықтады. Сондай-ақ аудан басшысы бұл спорт түрі бойынша арнайы жаттықтырушы жұмыс істейтінін және осындай «Street Workout» алаңшасы келешекте әр ауылдық округте ашылатынын айтты.
Шара барысында аталмыш алаңшаның ашылуына демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер Сәрсен Ибрайкуловқа, Мизер Асратовқа, Александр Кузьминге және Артем Лешкиндерге жиылғандар алғыстарын жеткізді.
Спорт алаңында аудан тұрғындары мен жас спортшылардан бөлек, Тараз қаласынан келген облыстық «Street Workout» федерациясының спортшылары өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қонақтармен қатар ауданның да жастары өз шеберліктерін ортаға салып, тәжірибе алмасты.
Осылайша қордайлықтар бұқаралық спортты дамытуға тың серпін жасап отыр.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ,
Қордай ауданы

ПІКІР