Жамбыл жаңалықтары

Қордайда жағдай қалыпты, барлық мәселелер реттелуде

Written by Aray2005

Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссия тобын құрып, аймаққа жібергені белгілі. Аталған комиссияны сол кездегі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастап барып, барлық жағдайды бақылауына алды. Қазір Қордайда жағдай қалыпты. Тұрғындар күнделікті тұрмысына көшкен. Сондай-ақ келтірілген шығын есептеліп, бұқараға барынша көмек көрсетілуде.

Қажетті көмек берілуде

Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты апта басында Сортөбе ауылында брифинг өтті. Онда Үкіметтік комиссия мүшелері БАҚ өкілдеріне қақтығыс зардаптарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, олардың жолдаған сауалдарына толыққанды жауаптар берді.
Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына блог-постар қойылып, көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ соңғы тәулік ішінде Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен 4454 адам ел аумағына қайта оралғандығын айтты.
Комиссия мүшесі Асқар Мырзахметов қақтығыс салдарынан 36 тұрғын үй мен 11 коммерциялық нысан және 44 автокөлік өртенгендігін тілге тиек етіп, алдын ала жасалған есептеулер бойынша келтірілген залал көлемі анықталып жатқандығына назар аудартты.
Ауылдарда зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылып, мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары ұйымдастырылған. Ол арқылы бір тәуліктің ішінде 22 азаматқа жеке куәлік, 17 азаматқа туу туралы куәліктер берілген. Бүгінгі таңда көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстары толық аяқталған. Оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар барлық әлеуметтік нысандар, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жұмыс жасауда. Жағдай толықтай тұрақталған.
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың 7-ші ақпан күні Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр ауылдарында болған қақтығыс нәтижесінде 176 адам ауруханаға жүгініп, 41-і жатқызылса, 10-ы қаза болды. Зардап шеккендерге барлығы 39 дәрігер көмек көрсетіп, қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айту, қол ұшын беру шаралары ұйымдастырылған. Үкіметтік комиссия мүшелері марқұмдардың жерлеу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Қақтығыс болған күні төтенше жағдайлар департаментімен 19 техника, 80 адам жұмылдырылған. Ал жағдайды бақылау үшін құқық қорғау органдарының 1968 қызметкері, 130-ға жуық әскери техникасы жұмылдырылды.

Тұрғындар үйлеріне қайта оралуда

Үкіметтік комиссия мүшелері Қордай ауданындағы «Қарасу» шекара бекетіне барып, ондағы жағдаймен танысты. Бүгінде аталған бекеттегі жұмыс қалыпты. Азаматтардың өтуіне ешқандай кедергі жоқ. Көрші елден келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Шекара бекетінде комиссия мүшелері тұрғындарға сабырлық сақтап, арандатушылардың ықпалында кетпеу керектігін жеткізді.
Бүгінде аталған ауданда мамандар жұмыс істеп, шығындарды есептеуде. Сонымен қатар Қырғыз Республикасына кетіп қалғандардың елге қайту керектігі баса айтылуда. Өйткені ауылдарда құқық қорғау органдарының күшінің арқасында тәртіп пен қауіпсіздік орнатылған. Айта кетерлігі, елге оралып жатқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режимде өтіп жатыр.

«Ақсақалдар кеңесі» бұқараны бірлікке үндейді

Үкіметтік комиссия мүшелері Сортөбе ауылында бес ауылдың ақсақалдарымен кездесті. №9 мектепте өткен жиында Бердібек Сапарбаев екі тарапты да тыңдап, ұрпақ тәрбиелеуде ақсақалдардың рөлі ерек екенін баса айтты.
– Біз қай кезде де үлкенді сыйлаған халықпыз. Сондықтан аға буын ақсақалдар ұрпақ тәрбиесімен жіті айналысуы керек. Егер ауылдың үлкендері кешегі жағдайда жастарды сабырға шақырғанда мұндай нәрсе орын алмас па еді? Сондықтан бүгін бес ауылдың ақсақалдарының басын қосып, бірлік пен ынтымаққа ұйытқы болыңыздар деп отырмыз, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Өз кезегінде қазақ пен дүнген ұлты тарапынан келген ақсалдар өз ойларын ортаға салып, мұндай жағдай екінші рет қайталанбауы үшін барын салатындықтарын айтты. Және тараптар құрбандық шалып, құран оқытып, мәмілеге келетіндіктерін мәлімдеді.
Бұл басқосуда сондай-ақ Үкіметтік комиссия мүшелері бес ауылдың зиялы ақсақалдарынан құралған «Ақсақалдар кеңесін» құруды ұсынды. Бұны ауыл азаматтары қос қолмен қолдап, өз ұсыныстарын да айтты.

Соңғы мәліметтер сөйлесе…

Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына бақылау посттары қойылып, көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізілуде. Мәлімет бойынша 7 ақпан сағат 00.00-ден 11 ақпан сағат 19.00-ге дейін Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылау-өткізу бекеттерінен Қырғыз Республикасына 18 173 адам өткен, Қырғыз Республикасы аумағынан Қазақстан Республикасы аумағына 11 063 адам кірген. 11 ақпан сағат 11.00-ден сағат 19.00-ге дейін Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылау-өткізу бекеттерінен Қырғыз Республикасына 1 409 адам шығып, Қырғыз елінен Қазақстан аумағына 2 107 адам келген.
Орын алған оқиға салдарынан 30 тұрғын үй (45 үйдің терезелері сынған) мен 17 коммерциялық нысан (2 нысанның терезелері сынған) және 47 автокөлік өртенген. Алдын-ала жасалған есептеулерге сәйкес, келтірілген залал көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап отыр.
Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында оқыс оқиғадан зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылып, мобильді халыққа қызмет көрсету қызметі ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге 2 азаматқа жеке куәлік, 320 балаға шекарадан өтуге анықтама, 45 неке қию туралы куәлік, 6 азаматқа жылжымайтын мүліктерге құжаттар берілген. Бұл жұмыс күнделікті жалғасын табуда.
Көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстарына 30 техника мен 125 адам жұмылдырылып, жұмыс толық аяқталды. Барлық әлеуметтік нысандар (мектептер мен балабақшалар), сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері тарапынан 20 тонна көлемінде гуманитарлық көмек (азық-түлік, гигиеналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек, бірінші кезектегі заттар) көрсетіліп, заттар Сортөбе ауылындағы №16 және №18 мектептеріне орналастырылды.
Алматы қаласының мәслихаты «Қызыл ай» қорымен бірлесе 54 құты ауызсу, 124 келі ұн, 60 қорап азық-түлік пен бірінші кезектегі заттарды жеткізді (ол Масаншы ауылындағы Биянху мешітінде тұр). Облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің волонтері Рамазан Парсаның ұйымдастыруымен қаза болған 4 отбасының мүшелеріне, яғни Роза Хасановаға, Мухар Чантейге, Лугмар Инваға және Исыровқа 400 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіліп, олар азық-түлік және бірінші кезектегі қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүгінде Қордайда жағдай тұрақты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР