"Тарих. Таным. Тағылым."

Қордайдағы қуаныш

Өткен аптада Астанада бас қосқан Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне байланысты бірлескен мәлімдеме жасады. Онда ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс біріктірген елдеріміз үшін бұл мерекенің маңыздылығы атап көрсетілді. Өзінің мың жылдық тарихында табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналған, 2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен халықаралық мәртебе иеленіп, ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген Наурыз мейрамының осыдан отыз жыл бұрын елімізге, оның ішінде Қордай жеріне оралу тарихынан аз-кем сөз қозғаудың реті келіп тұр.

1926 жылы Кеңес одағы кезінде «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен Наурызды мемлекеттік деңгейде тойлауға тыйым салынғаны мәлім. Үкімет мерекені атап өткендерді қуғындауға көшті. Бірақ, ғасырлар бойы атадан балаға беріліп келе жатқан бұл дәстүр халықтың санасынан өшкен жоқ. Содан алпыс екі жыл бойы мереке отбасылық тар аяда ғана тойланып келді. Көктем туа ауыл үйлерінде жарыса наурыз көже пісіріліп, үлкендер жағы немерелерін ерте көше бойлай қыдырып ақ тілекпен олардың дастарқанынан дәм тататыны, «үйдегілер ауыз тисін» деп көжеден ыдысқа құйғызып ала келетіні есімізде қалыпты. Одан бөлек, айрықша бір мерекелік нышан байқалмайтын.

Ал, бұдан отыз жыл бұрын – 1988 жылы Наурыз қазақ жеріне кең ауқымда қайта оралды. Ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастап, Өзбекәлі Жәнібековтей бір топ ұлт зиялылары қостап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге хат жазып, қабылдауында болғаны, Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілтуге айрықша тер төгілгені белгілі. Наурыздың ешқандай да діни астары жоқ екені, оның шығыс дәстүрімен жыл басын қарсы алуға, адамдардың өкпе-реніші болса бірін-бірі кешіріп, рухани тазаруға, бірігіп ағаш отырғызуға, дәстүр-салтты насихаттауға жұмылдыратын мереке екені дәлелденді. Ақыры КСРО үкіметінен рұқсат алынып, сол жылы 30 наурызда Алматының М.Горкий атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында Наурыз мейрамы тұңғыш рет тойланды. Оған жүз мыңдай адам қатысты. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін «маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар» деген айыптаудан көңілі пәсейген ұлтымыздың алғаш рет еңсе тіктеп, Наурызды бүкілхалықтық мерекеге айналдырғаны осы болатын. Ұлттық мейрамын сағынған халық сол жылы еңбек ұжымдарында кезек-кезегімен сонау қыркүйек айы орталанғанша наурызды тойлады. Келесі 1989 жылы Наурыз мерекесі бүкіл еліміз бойынша атап өтілді. Қазақстанның ізінше Өзбекстан мен Түркіменстан, Қырғызстан да Наурызды тойлауды осы жылдан бастады.

Ал, Қордай жеріне Наурыз тойы 1989 жылы 17 наурызда келді. Күн сенбі болатын. Чапаев атындағы колхозда (қазіргі Қаракемер ауылы) өткен бұл салтанат ежелгі наурыз мейрамының оралу қуанышын паш еткен біздегі алғашқы оқиға болды. Ол кезде Наурызды тойлаудың белгілі бір үлгісі жоқ, кітаптарды ақтарып, көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйеніп ұйымдастырушылар мерекенің мазмұнын ашуға аса бір қызығушылықпен кіріскен. Ертелеп ауылды атпен аралап, Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу кейпіндегі жаршылар домбырасын бебеулете әндетіп, термелетіп, жұртты мерекеге, әрі көне, әрі жаңа Наурыз тойына шақырған еді. Көше-көшелерде кимешек киген, төбесіне қарқарадай күндік ораған апа-әжелер, сеңсең бөрік, үш құлақты түлкі тымақ киіп, етегі жер сызған шекпендерін шарт буынған аға-аталар, әсем сәукелесі мен бүрме етек көйлегі жарасқан қыпша белді арулар, сауыт-сайманы сай, жараулы атын ойнақтата тебінген дулығалы батырлар… Тіпті, бала екеш балаларға дейін жарасымды, ықшам ұлттық киімдер киінген. Шығыс күнтізбесі бойынша Ұлу жылы аяқталып, Жылан жылы табалдырықтан аттаған күнді жұрт «Наурыз құтты болсын!», «Жаңа жыл берекелі болғай!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген ақ тілектермен қарсы алып, бір-бірімен төс қағыстыра көрісуде. Жұрт тайлы-таяғы қалмай жиналған қырман алаңында ауылдың әр көшесінің атынан тігілген киіз үйлердің де іші-сырты бірінен-бірі өте безендірілген. Төрінде ұлттық тағамдардан қайысқан дастарқан, көздің жауын алар жиһаздар – кебеже, сандық, жүкаяқ, жиюлы жүк, жаюлы сырмақ, құрулы шымылдық, ілулі аң терілері, ер-тұрман әбзелдері дегендей. Ал, сыртта өрмек тоқыған, жүн сабаған, ұршық иірген, ою ойған, киіз басқан, қыл арқан ескен, диірмен тартқан, күбі піскен кимешекті әйелдер, мылтығын тазалап, бүркіті мен тазы, тайғанын баптаған, атын ерттеп саятқа шықпақшы аңшылар, құрығын сүйреткен жылқышы, ән мен жырды әуелеткен әнші серілер мойын бұрғызады. Сәбиді бесікке салу, тұсау кесу, беташар рәсімдері көрсетіліп жатты. Әудем жерде түтіндеген қазан-ошақтарда ет асылып, бүгінгі күннің басты тағамы – наурыз көже дайындалуда.

Мерекенің ресми бөлімі басталды. Қырман басында алдымен колхоз партия ұйымының хатшысы Дүйсебай Райымқұлов Наурыз мерекесінің оралуы құрметіне арналған салтанатты митингіні ашып, сөз кезегін ауылдың ең үлкен қариялары Мәжит Несіпбаев пен Зиядат Еділбаеваға берді. Олар Наурызға орай халықтың танымы, әдет-ғұрпы, жол-жоралғысы, неше түрлі ойын-сауығы жөнінде әңгімеледі. Жиналған қауымды аудандағы алғашқы Наурыз мерекесімен құттықтап аудандық партия комитетінің басшылық өкілдері бастаған қонақтар сөйледі. Сол күні той қызығы қас қарайғанша созылды…
Арада отыз жыл өткенде, адалын айту керек, Наурыз мейрамының Қордай жерінде алғашқы жылдан-ақ шадыман шабытпен тойлануына аупарткомның сол тұстағы хатшысы болған Нұрсила Оспаналықызының айрықша үлесі болды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, бұған дейін ешбір үлгісі болмаған, сценарийі жазылмаған Наурыз тойын баршаның сүйікті мерекесіне айналдыруға жан-тәнімен кірісті. Мәдениет және өнер саласындағы басшылар мен мамандарды, білікті ұстаздарды ізденіске, жасампаздыққа жұмылдыра білді. Қаракемерліктер тұсауын кесіп берген Наурыз тойы бір ай бойы басқа да шаруашылықтарда, мектептер мен мекемелерде түрліше жалғасып, сәуір айының соңында Кенен ауылында аудандық деңгейде кең көлемде атап өтілген болатын. Бұл жолы мерекеге Қордайда мекендейтін өзге де ұлттар белсене атсалысты. Сөйтіп, Наурыз бүкіл еліміздегі тәрізді қордайлықтардың да жылма-жыл асыға тосып, қызыға тойлайтын мерекесіне айналды. Наурызға орайлас жыл сайын «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Әнші балапан» тәрізді аудандық байқаулар ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан, ат спорты түрлерінен жарыстар өткізіле бастады.

Наурыз мейрамының оралуы туралы айта отырып, 1994 жылғы мереке айрықша есімде қалыпты. Орталық алаңға аудандағы агробірлестіктер, білім, денсаулық бөлімдері, мемлекеттік мекемелер қаз-қатар киіз үйлер тігіп, оның ішкі-сыртқы безендірілуіне байқау жарияланатын дәстүр енгізілген. Сондықтан да, жақсы атқа ілігуге әр ұжым барын салатын. Сол жылғы мерекеге аудан әкімі Құрманғали Уәлидің бастамасымен осы мерекенің қайта оралуына бірден бір себепкер болған Мұхтар Шаханов арнайы шақырылды. Қырғызстанда Қазақ елшілігі жаңадан ашылып, М.Шаханов Қазақстан Республикасының көршілес мемлекеттегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне кіріскеніне көп бола қойған жоқ-ты. Қордайға Мұхаңмен бірге белгілі өнер қайраткерлері Әзірбайжан Мәмбетов, Ілия Жақанов, Досқан Жолжақсынов, Бекен Жылысбаев, Қырғызстанның мәдениет министрі, төкпе ақындары мен жезтаңдай әншілері де келген болатын. М.Шаханов барша қордайлықтарды мерекемен шын жүректен құттықтап, қырғыз әртістері өнерімен шашу шашқан еді.

2000 жылы Наурыз мейрамы алғаш рет аудан орталығындағы тар көшеден ауыл іргесіндегі «Ноғайбай би» атындағы атшабар қырқасына көшіріліп, барша жұрттың кеңінен қатысуына жол ашылды. Айнала төңірек алақандағыдай көрінетін қырқа белден көктемнің керімсал ауасы көкірек сарайыңды ашып, ашық сахнадан өнерпаздар концертін тамашалап, көпшілікке арналған наурыз дастарқанынан дәм татып, көз алдыңда көсілген атшабарда бауыры жазыла жүйткіген сәйгүліктердің шабысына көз қуантарлық мүмкіндік туды.

Наурыз мейрамы жыл сайын жаңғырып келеді. Отыз жыл бұрын ортамызға оралған Ұлыстың ұлы күні биыл облыс орталығында әр күнге ат қойылып, айдар тағылып тоғыз күн бойы тойлануда. «Көрісу», «Мейірім», «Тағзым», «Шаттық», «Алас күні» деген атауларынан-ақ мерекенің мазмұны қаншалықты байытылып жатқанын көреміз. Наурыз өмір салтымызға барынша еніп, ұлттық құндылықтарымызбен суарылған, салауаттыққа, имандылық пен адамгершілікке негізделген бірегей рухани мерекемізге айнала түссін дейік. Мереке құтты болсын, ағайын!

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Қордай ауданы

ПІКІР