Жамбыл жаңалықтары

Қордайлықтарға мемлекеттік және шетел тілдері оқытылады

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев екі күндік жұмыс сапарымен Қордай ауданында болды.  Жамбыл ауылдық округінде аймақ басшысы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Жобаға 950 аула қатысуда.    Оларға шамамен миллиард теңге бөлінсе, 19 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен 4208 бас мал сатып алынған. Алайда, 4500 гектар ауылшаруашылық алқаптың 690 гектары ғана пайдаланылуда.

Облыс әкімі мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырған ауыл тұрғындарының енжарлығына қынжылыс танытты.

– Жобаның негізгі мақсаты – ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, олардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру, ауылшаруашылық жерлерін мүмкіндігінше тиімді пайдалану. Өкінішке орай, сіздер барлық қол жетімді мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отырсыздар. Ақша бөлінді, бірақ тиісті нәтиже жоқ. жұмсалған қаражатты ертең қалай өтейсіздер? – деп сұрады аймақ басшысы.

Қордай ауданында аймақ басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, Масаншы, Сортөбе ауылдары тұрғындарымен кездесіп, «Тілдер Саябағы» жобасының қатысушыларымен кездесті.

Бүгінгі таңда Қордай ауданындағы бес елді мекенде газдандыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қаракемер, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе және Масаншы ауылдары күзге дейін көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Қайта қалпына келтірілген «Қордай» автоматтандырылған газ тарату станциясынан 73 шақырым газ құбыры тартылады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров облыс әкіміне газдандыру жұмыстары туралы есеп берді. Оның айтуынша, жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. 5300 тұрғын үй, 50 мыңнан астам тұрғын газбен қамтамасыз етіледі. Тағы 12 елді мекенді табиғи газға қосуға мүмкіндік бар.

– Қаржы мәселелері толығымен шешілді. Енді басты міндет – кесте бойынша жүру. Қыркүйек айында газ берілу керек. Жұмыстың барысын бақылау үшін жылжымалы штаб құрылды. Әр апта сайын осы саланы басқаратын облыс әкімінің орынбасары штаб отырысын өткізеді және жергілікті жерде туындаған мәселелерді тез шешеді,  – деді облыс әкімі.

Жақында Масаншы ауылында футбол алаңы, ашық фитнес жабдықтары бар көп функционалды спорт  және балалар алаңы ашылды. Аймақ басшысы жаңа спорт алаңында өткен «Ауыл ойындары» спорттық шарасының қонағы болды. Жарыстар 15 маусымға дейін жалғасады. Жарысқа қатысушылар бес спорт түрінен сайысқа түседі.

Сол күні Қордай, Масаншы, Сортөбе ауылдарының командалары арасында футбол матчтары өтті. Бердібек Сапарбаев спортшыларға сәттілік тілеп, оларға теңбіл доп тарту етті.

Аймақ басшысы жаңа спорт нысанының сапасына жоғары баға берді.

– Спорт алаңы, ең алдымен, балаларға арналған. Нысан жоғары сапада салынған. Ең бастысы, мұнда балалар ойнауға ыңғайлы. Ауылда 600 орындық мектеп салынуда. Біз жаңа мектептің жанында осындай спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесуде.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Сортөбе ауылында жалғасып, ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істейтін «Тілдер саябағы» жазғы лагерінде болды. Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылады.

Әлеуметтік жобаның жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалар да, ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғындарына Назарбаев Университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді.

Аймақ басшысы аудандағы белсенділер мен еріктілерге қыруар шаруалары үшін алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын еске салды.

– Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлесе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің міндетіміз — жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілдерді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сортөбе ауылына ат басын бұрған өңір басшысы мұнда балық шаруашылығын дамытуға жақсы жағдай жасалғанын назардан тыс қалдырмады. Ол форель мен бекіре тұқымдарын өсіретін фермада болып, құрылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда жылына 5-7 тонна балық өндіріледі екен. Өнімдер жергілікті аймақта сатылады. Балықтар шетелден әкелінетін арнайы тағаммен қоректенеді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы жолдардың құрылысымен де танысты. Ол мердігерлердің өкілдерімен бірге төселген асфальттың сапасы стандарттарға сәйкес келетіндігін тексерді.

Биыл Қордай ауданында инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде жолдарды жөндеуге шамамен 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 352 шақырым болатын автомобиль жолдары жөндеуден өтпек.

ПІКІР