Көркі бар көз тоймайтын һәм келбеті, Нұр-Сұлтан – тәуелсіздік төл перзенті!

0 19

Ару Астана

Ерке Есілдің жағасындағы аруды
Армандап едім –
Бейнесін ерек салуды.
Қылқалам алып аспанды бояй бастасам,
Ақ қағазымнан көремін өлең, жазуды.
Ертегі әлемге еліткен еді ел көптен,
Алақай,
Таптым,
Іздеген қызды жер-көктен
Айдынның бетін айна қылып ап таранып,
Бәйтерегіне сүйеніп алып сыр шерткен.
Толқынмен аққан бұрымын тарап өргенше,
Асығыңыздар, сұлуды керім көргенше,
Әппақ маңдайы – ақ аспан сынды жарқырап,
Ханшатырына кіреді жұлдыз сөнгенше!
Асыл тас,
Алау,
Қазақ елі де,
Сарай да,
Арудың әнін – Тәңір сыйына балайды ә?!
Адамдар түгіл,
Таң да тұлпармен шабады,
Тыңдамақ болып сыйқырлы үнді қалайда.
От шашулардан көрінбей кетер айнала
Қорғаны менмін дейтіндей гүлдер жайқала
Сәукелесі мен шашбауларынан күй шықса,
Таңырқайсың кеп қалай сұлу деп жәй дала.
Қалған ізі де, ол басып өткен жол сұлу
Ерке Есілге малтиды түнде сол сұлу –
Жып-жылтыр нұрдан перде түседі әп-сәтте
Байқағың келсе, Астанадайын бол сұлу!
Айтылар сөз де, сен жайлы өлең асқақ ә?!
Қимаймын сені жел, бораныңды басқаға.
Алты құрлықтан тең келер сұлу таппадым,
Алты Алашымның аруы сенсің – Астана!

Жұлдыз БЕЙСЕК,
ақын

Сәт санап құлпыруда

Төзген талай тарихи азапқа да,
Ұлы Отаным бүгінде азат дара.
Шежірелі қастерлі кең даламның,
Бой көтерді төсінде ғажап қала.

Жасалғандай бұл қала болаттан ап,
Қызығасың көркіне қараптан-ақ.
Аңыздағы Алпамыс батырға ұқсап,
Сәт санап құлпыруда сағат санап.

Зәулімді заманыма сай көремін,
Сарыарқа жаңарудың айт өлеңін.
Айналғандай жазира символына,
«Думаным», жарқыраған «Бәйтерегім».

Жаһанның назары ауды саған қарай,
Жыр арнады ақындар талай-талай.
Қымбатсың мен үшін сен қазынамсың,
Астана – жаңа күмбез, алтын сарай!

Самат ТОҚБАНОВ,
ақын

Аңыз мекен

Аңыз тыңдап, нәр алып,
Өскен халықпыз, бәрі анық.
Солардың бірін айтайын,
Кеңінен кеткен таралып.

Бұрынғы өткен заманда,
Тылсымы көп ғаламда.
Алып құс пайда болыпты,
Зияны жоқ адамға.

Белгісіз келген мекені,
Қай жаққа ұшып кетері.
Ел нанымы бойынша
Мың жылда бір жетеді.

Жұмыртқасы бар алтыннан,
Бергейсің бұған, халқым, мән.
Қонады екен бір елге,
Бейбіт өмірге талпынған.

Тұрағын тауып қонатын,
Олжасын тастап дара тым.
Кете барды шарықтап,
Еркіндеу сермеп қанатын.

Әлемнің алып елдері,
Дәмелі-ақ еді, сенбеді.
Алып құс қонған құтты аймақ,
Қазақтың екен кең жері.

Рухы мықты ел өседі,
Аңыз болған жер кешегі.
Тоздырар тұлпар тұяғын,
Арқаның шексіз төсі еді.

Қонар ма басқа мұндай бақ?
Кейінге талай жылды айдап.
Бүгінде сол мекенде,
Астана ару тұр жайнап.

Аңызда сыр бар расында,
Қол бұлғап өткен ғасырға.
Баяғы алтын жұмыртқа,
Тұр Бәйтерек басында.

Ғаламды төрткүл таң қылып,
Астана, жайна, жаңғырып.
Әлі де талай аңызға,
Айналасың, бұл – заңдылық!

Асел БҰРАЛҚЫ,
Қаратау қалалық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Талас ауданы

Жауһар қала

Күлімдеп күнің, арайлап атқан таңдарың,
Аспанмен тұстас ғимарат зәулім, заңғарың.
Асықпай аққан, сызылып қыздай Есілің,
Секілді маған асқақ та асау арманым.

Әсерді әсем, сөзіме маржан жалғайын,
Өзіңде өткен әр күнім шәрбат, бал дәйім.
Көркіңе көркем көз тоймас көрген адамның,
Шайқалтып басын, қаққызбай қоймас таңдайын.

Жұлдыздай жарық, шырақтар самсап ілінген,
Келбетің жайнап алуан өрнек гүліңмен.
Самал жел тербеп нәзік қып беттен өпкенде,
Сарыарқа төсі, ауасы бірден білінген.

Сезімдер іште бұғумен үнсіз жатпаған,
Күй кернеп жанды, әуенді әуез қаптаған.
Жасай бер жаса, есімің дәуір өшпестен,
Гүлденген сұлу, Нұр-Сұлтан атты бақ қалам!

Тамсанып талай, жоғалтқан сенде жиі есін,
Бесігі алтын қазаққа әрбір киесің,
Астанам көркем, шаһарым алып, кең байтақ,
Жүрекке мәңгі бір өзің ғана иесің!

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ,
жас ақын

Айбыны асқақ, арманы заңғар

Замандар зулап, сейіліп елдің мұң зары,
Дүр рухым өрлеп, басылды жүрек ызғары.
Қалың қазақтың қасиеті артып ғаламда,
Жасарды жайнап өр алашымның гүлзары.

Бағым боп орнап, төріне абыз даланың,
Өткенді тербеп өрілді сырлы ғазалым.
Айбынды менің, ертеңі ерен Елордам,
Талайға келіп артылып жатыр ғажабың.

Абырой асқақ, жаратқан өзі қолдасын,
Жер жаһан бүгін жаныңа жолдас болғасын.
Дүние толқып, дағдарған сəтте кең əлем,
Алашым салды Арқаға алып ордасын.

Самұрық құсың кең қанат жайып көгінде,
Мақтаныш тұнды арманы асқақ көңілде.
Тəуелсіз елдің тұғыры болған астанам,
Қыранды байрақ салтанат құрды төріңде.

Бағынды саған өмірде толқын белесің,
Қазақтың дүйім өсіріп мерей, өресін.
Талай дананың табаны тиген далаға,
Панасың енді, қожасың, өзің егесің.

Тілек пен жырға шүбəсіз бүгін мас далам,
Бауырың бүтін, жиғаның даңқ пен дастан əн,
Киелі ұлттың киесі болып өсе бер,
Айбыны асқақ, арманы заңғар астанам!

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
жас ақын

Әппақ арман аялаған бас қалам

Ақ маңдайын айға тосқан астанам,
Арманысың жан болса аяқ баспаған.
Көкірегін қақ бөліп, кең дүниенің,
Көктен төмен түсе қалған астанам.

Тəңір сыйлап, тарту еткен астанам,
Оттай ыстық ол қазаққа басқадан.
Таңдайында тəтті əн болған бабамның,
Маңдайына қия салған астанам.

Тағдырында тарих тұнған астанам,
Болсын əркез Жаппар Ием жар саған.
Төрт құбыла, төрінде əлем теңесіп,
Аузын айға білей түскен астанам.

Əппақ арман аялаған бас қалам,
Кіл қазаққа сая болған баспанаң.
Бәйтеректей биік, берік бірлігің,
Есіл бойы ел қондырған астанам.

Ақ шамдары, ала таңдай астанам,
Түнеруге Тəңір мөрін баспаған.
Ерте күзде ақ мамыққа оранып,
Ал, көктемі… кеш келетін Астанам!

Назерке ОҢҒАР,
жас ақын

Leave A Reply

Your email address will not be published.