Қорқор шегіп, ұрпағыңды қорлама!

0 4

Қазіргі таңда жастар арасында қорқор (кальян) шегу сәнді әрі заманауи демалу түрлерінің біріне айналып кетті. Облыс орталығындағы демалыс орындары, кафе, мейрамханаларда қорқордың түр-түрі кездеседі. Ондай орындарда қаракөз қыздарымыздың да кальян түтінін будақтатып отыратынын көптеп кездестіретін болдық. Рас, бұл бір қарағанға қалыпты жағдай көрінгенімен, қазақи болмысымызға сай келмейтін дүние. Осы ретте жастар арасында сәнге айналған кальян шегудің денсаулыққа зардабы қандай деген сауалға жауап іздеп көрсек.

Кальян – парсы тілінен аударғанда түтінді сүзгіден өткізіп, салқындатып шегетін құрал деген мағына береді екен. Үндістаннан бастау алып, кейін Азия, Еуропа елдеріне етек жайған бұл шылым түрі кейінгі кезде кең тарап кетті. Ауқаттанудан гөрі, көк түтіннің осы түрін жұтуды артық көретін адамдардың 70 пайызы ішімдік ішпеймін, темекі тартпаймын дегенді жалау қылады. Алайда темекі мен ішімдікке қарағанда қорқордың денсаулыққа тигізер зардабы орасан. Бірақ оны түсініп, біліп жатқан ешкім жоқ. Мамандардың айтуынша, кальян түтіні қанша жерден сұйық сүзгіден өтсе де, никотин мен шайырдан (смола) толық тазармайды. Ол былай тұрсын, бірнеше сағат шеккен адамның өкпесіне 150 тал шылым тартқандай зиян келеді. Ең қиыны, бұл «бәлені» жиі қолдану салдарынан никотиннің «құлына» айналуыңыз бек мүмкін. Сондай-ақ бір жұтым түтініңіз қып-қызыл ақша екенін де ескеру қажет.
Дегенмен оған қызығатын жастардың ойынша, кальян темекі мен ішімдікке қарағанда зияны жоқ. Мәселен тараздық Жанарыс Досхан кальянның адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ екеніне сенімді көрінеді.
– Рас, кальян шегемін. Оған сонша құмар болмасам да маған ұнайды. Мамандар болсын, басқалар болсын оны зиян дейтіні шындық. Ашығын айтқанда, күнделдікті жеп жүрген жылдам дайындалатын тағамдардың да, ішіп жүрген түрлі сусындардың да нормадан асса зияны бар. Жалғыз қальян ғана емес, адамзатқа жалпы зиянды нәрсе аз емес. Шындығында, қорқордың зияны да жоқ, пайдасы да көп демеймін. Бірақ кальяннан бас тарта алмаймын, – дейді Ж.Досхан.
Медицина мамандары жүргізген зерттеулердің нәтижесіне жүгінсек, қорқор түтінінің адам ағзасын улауы темекіден бірнеше есе жоғары көрінеді. Онда шайыр 36 есе, көміртегі монооксиді 30 есе, тұншықтырғыш газ 8,4 есе, никотин 7,5 есе көп. Кальяндағы көмір 600-650 градуста жарылатындықтан түтінмен бірге өкпеге шайыр ғана емес, сонымен қатар өкпе ісігі де «мұра» ретінде таралуы мүмкін.
– Кальян зиян деп дабыл қаққанымызбен, оған көңіл аударып жатқандар сирек. Оны қолданғанда түтінмен бірге адам ағзасына түрлі токсиндік заттар, шайыр, улы газ, канцерогендер, басқа да зиянды бактериялар еніп кетуі әбден мүмкін. Өйткені оны шегетін қондырғының тазалығына ешкім зер салып, мән беріп жатқан жоқ. Оның сондай-ақ бедеулікке әкелетінін де естен шығармаған жөн, – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Нұрбану Бердімбетова.
Расында, көңіл көтеру, ойын-сауық орындарының қонақтары қорқорды дайын күйінде шегетін болғандықтан, оның қандай жағдайда әзірленетінін білмейді. Егер оны көзбен көрген болса, экзотикалық шылымға қайтып жоламауы да мүмкін. Өйткені қорқорды дайындағанда көп жағдайда санитарлық талаптар ескеріле бермейді. Ал бұл адам ағзасына зардап шектіретіні сөзсіз.
– Бүгінде жастар арасында қорқор мақтанға айналып кеткен сияқты. Аузы-мұрнынан түтін будақтатып отырған қыз-жігіттердің видеоларын, суреттерін көріп жатамыз. Бұл денсаулығымыздан бөлек, қазақылығымызға да сын. Дегенмен кейбіреулер ұят деп жатады ғой, мәселе онда да емес. Мәселе сол қыздардың күні ертең қалай ана атанып, жігіттердің қалай әке болатынында. Ағзасы уланған адам дені сау ұрпақты қалай әкеледі өмірге? Сондықтан жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен кальянға шектеу қою керек деп ойлаймын. Ол үшін заңды түрде тыйым салу керек шығар. Әйтпесе бұл бизнес жастардың қалтасын ғана қағып қоймай, ұрпағымызды да улап жатыр, – дейді №58 мектеп мұғалімі Ақмарал Даукулова.
Ақиқатында, барша адамзаттың екі дүниедегі бақытын көздейтін ислам діні де адам баласын ағзаға зиян тигізер дүниелерге жоламаса екен дейді. Осы орайда облыс орталығындағы «Әл-Фирдаус» мешітінің бас имамы Ғалымбек Жәпектің ойын білген едік. Оның айтуынша, ислам шариғаты адам баласына қандай да бір зиян тигізетін жағдайға жол бермейді. Себебі Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге түсірмеңдер», деп қатаң ескерткен екен.
– Шариғат талаптарының қойған бес мақсаты – дінді, адам жанын, ақылын, тегін және мал-дүниесін сақтауды көздейді. Осы аталмыш бес мақсатты тарқатып айтар болсақ, біріншіден, қорқорды шегу – Құран үкімі мен соған негізделіп берілген білікті ғалымдардың пәтуасына байланысты шариғатқа қайшы амалдардың қатарына жатады. Екіншіден, медицина мамандары мен ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, оның адам жанының саулығын бұзатындығы ғылыми тұрғыдан анықталған. Ендеше, медицина ғалымдарының көзқарасына қарағанда кальянның адамға келтірер зияны орасан зор. Исламда адамға зиян тигізуге жол жоқ. Бұған байланысты Алла Елшісі: «Зиян шегуге де, зиян келтіруге де болмайды», деген мағынасы терең өсиет қалдырған. Сондай-ақ мұны шеккен адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, өзіне еріксіз тәуелді етіп қояды. Осылайша адам оны басында қызығушылықпен, басқаларға еліктеумен шегудің салдарынан оған бірте-бірте сатылап, нәтижесінде тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады, – дейді имам Ғалымбек Жәпек.
Шындығында, әркімнің өз өмірі өз қолында. Дегенмен халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөзін де қаперден шығармаған жөн.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.