Қорқыттың жолын жалғаған Жанар

0 195

Халқымыздың сан ғасырлық тарихында тағдырын, мұңын, қуанышын әуеніне арқау еткен қасиетті аспаптардың бірі – қобыздың тылсым үні бойыңды шымырлатып, ойыңды сан қатпарлы бөлек әлемге жетелей жөнелетіні даусыз. Бүгінгі сәті түскен әңгімемізде Қорқыт, Қойлыбай, Ықылас сынды күйшілердің жалғасы, белгілі қобызшы, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіповадан көкейде жүрген көп сұраққа жауап алған едік.

– Зерттеушілер қобыз аспабының шығу тегін садақбен байланыстырады. Оны тіпті аққу құсқа ұқсататындар да аз емес. Бірақ біз Қорқыттың қолынан шыққан деген нұсқаға жүгінеміз. Мұндай пікірлерге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Ия, қобыз аспабының шығу тарихы туралы түрлі пікір айтылады. «Қобыз – түркі тілдес халықтардың кез келген аспабының жалпылай атауы» дегенді де айтады кейбір зерттеуші ғалымдар. Біз қазір домбыра, жетіген, сыбызғы және тағы басқаларын ортақ атаумен аспап дейміз ғой, сол сияқты қобыз жалпы аспаптарға ортақ екен дейді. Тағы бір нұсқа «абыз» сөзімен байланысты. Заманында ханның, әскери қолбасшылардың жанында жүрген үлкен бақсы, жырау, ақылшы, соғыстың қалай басталып, қалай аяқталатынын болжап отырған көріпкел кісілерді «абыз» деп атаған. Тағы бір нұсқада осы «абыз» сөзі тілдік әсерден өзгере келе «қобыз» деп аталып кеткен дейді. Қобызды аққуға да, садаққа да, бүйрек ожауға да ұқсатып жатамыз. Бұл теңеулердің барлығы да келеді деп есептеймін. Тағы бір нұсқа – Қобызды Қорқыт ата есімімен тікелей байланыстырамыз. Аңызда Қорқыт бүкіл аспаптарды меңгерген, шебер орындаған, бірақ ерекше және адам дауысына, табиғатқа жақын дыбыстар іздейді, әрі сондай бір аспап жасауды армандайды. Түс көреді, түсінде бар ғаламның дыбысын бір бойына жинаған керемет ғажап аспапты жасап жатады. Сөйтіп, ояна сала түсінде көрген аянмен осы қолымыздағы қобызды жасап шығарған көрінеді.
– Домбырада бес түрлі бұрау бар деп жүрміз, ең үлкен екі мектеп шертпе, төкпе күй дәстүрі. Жалпы былайғы жұрт домбыра туралы біледі. Осы ретте қобыздың ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз…
– Қобыз күйлері екі, яғни оң және теріс бұрауда тартылады. Қобызға жылқының қылынан ішек тағылады, ол қыл тірі жылқыдан алыну керек, болмаса дауысы шықпайды әрі қобыз киелі аспап болғандықтан жолы қатты болады деген тәмсіл бар. Шанағының төменгі бөлігі түйенің терісімен қапталады, төмен жағында түймесі болады. Қобызды тарту үшін ысқыш қолданылады, оның бейнесі садаққа ұқсайды. Қорқыт туралы бір жырда былай айтылады:
Қарағайдың түбінен,
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен,
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін,
Шанақ қылған қобызым.
Ортекенің мүйізін,
Тиек қылған қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын,
Ішек қылған қобызым.
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын, – дейді, демек, осы шағын өлеңнен-ақ қобыз жасауға қандай материал керек екенін түсіну қиын емес. Тері, ағаш қосылғанда, әсіресе терінің дірілі мен қылдан шығатын обертондардың арқасында өте бай, сан алуан табиғаттың дыбыстарын, адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, желдің соққанын өте жақсы келтіре алады.
Осы ретте өзімнің жаңалығым жайлы айта кетсем, мен биыл күй тарихында алғаш рет шалыс бұрауда «Қорқыт пен қырық қыз» аңызының желісімен «Қырық қыз» деген күй шығардым. Бұл менің шығармашылық жолымдағы үлкен жетістік болды.
– Қобыз ғарыш пен жерді байланыстырып тұратын тылсым қуатқа ие деседі білетіндер. Оңтүстік өңірде қобызшылардың дәстүрі жақсы сақталған. Мысалы Қорқыт, Жаппас, Жарас, Ықылас, бүгінгі таңдағы белгілі қобызшы Саян Ақмолда, сіз де оңтүстіктің тумасысыз. Өзіңіз туралы білсек, қобыз тарту сізге кімнен дарыған еді? Қай оқу орнында, кімнен білім алдыңыз?
– Мен 1973 жылы Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Өнер тегімде, қанымда бар. Менің әкем марқұм, сымқобызшы, домбырашы, сырнайшы, дирижер, ұлағатты ұстаз болған. Ақындығы мен композиторлығы да бар еді. Нағашы жұртым да өте өнерлі. Үлкен нағашы атам Шу өңірінің әйгілі Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов. 1982-1991 жылдар аралығында Алматы қаласында Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектепте «Қылқобыз» мамандығы бойынша Әбдіманап Жұмабековтің сыныбында оқыдым. 1991-1996 жылдары осы ұстазымнан Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында білім алдым. Бірақ қобызға деген шынайы қызығушылығым 10-сыныпта басталды.
– Қорқыттың, Ықыластың күйлерін жиі орындайсыз, өзіңіз қанша күй жаздыңыз?
– Әрине, қандай да бір кештерде мен күй басын Қорқыт атадан бастайтын дәстүрім бар. Қорқыт, Ықылас аталарымыздың күйлерімен өстік, ол біздің классикамыз ғой.
Өзімнің бірнеше күйлерім бар. Әр күйім аяқ асты келеді. Шабытым келіп, арқам қозып, бірнеше сағат тоқтамай қобызды тартамын. Сонда мазалаған дүние жүректен күй болып шыға келеді. Ең алғашқы күйім «Кеңес» деп аталады. Қатты күйзелгенде шыққан. Бұл күйім құлаққа жағымды, жарқын күй болып шықты. «Қобызым маған мойыма, мықты, сабырлы бол деп, кеңес берген екен ғой» деген оймен атын «Кеңес» қойдым. Сонымен қатар «Көкек» деген күйім бар еді. Былайғы жұрт құстар әлемін бейнелейтін күй деп қабылдауда. Негізі жарқын, көңілді болғанына қарамастан, бұл күйім көкек аналардың іс-әрекетінен жан ауыртып, жүрек жылататын тастандылар тағдырын, өз ішінен шыққан баласын тастап, ары қарай сайраңдап, жеңіл өмір кешетін анасымақтарды суреттейтін күй.
Біздің тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы аталарымыздың қан кешкен қасіретті күндерінің, жаулармен жан алысып күрескеннің нәтижесінде келген басты байлығымыз. Осы тәуелсіздік жолында халқымыз «Аңырақай», «Орбұлақ» сияқты шайқастарды бастан өткізген. Кешегі 1986 жылы мұзда жанған алаудай қазақтың ұл-қыздары біздің осы бейбіт күн үшін күресті емес пе?! «Тәуелсіздік сарыны» мен «Керуен» күйлерім осы бір тарихи толқынды жылдарды еске алудан туған еді. «Тұран» күйім Тұран елінің тарихи жолын, күресін, өмірін суреттейді. Бір жағы қазіргі Түркістан кезінде «Тұран» деп аталған екен. «Аққу-қаздар» атты күйім табиғат аясы, жайқалған көк шөп, әсем ағаштар, жалтырап күнмен шағылысқан айдын көлдегі сұлу құстардың өмірінен көріністерді суреттейді.
– «Тұран» атты жеке кітабыңыздың жарық көргеніне көп уақыт бола қойған жоқ…
– «Тұран» партитуралар жинағыма қазақ халық аспаптары оркестріне арналған бірнеше күйлер, бір ән, бір хор енді. Кітаптың ерекшелігі, өзім шығарған ән мен күйлерді оркестрге лайықтадым. Тараздық мықты музыкант, домбырашы Дулат Бәйзілдаевтың өңдеуінде бір күйім енді. Тағы бір жаңашылдығы, Абай атамыздың «Майда қоңыр» күйін алғаш оркестрге өңдегенмін. Соны енгіздім.
– Жақында белгілі қобызшы «Қорқыттың соңғы тұяғы» атанған Сыматай Үмбетбаев өмірден өтті. Әрине, қазақ үшін ауыр қаза. Ағамыздың ізін басып келе жатқан өзіңіз сияқты қобызшылардан кімді айтар едіңіз?
– Иә, Сыматай ағамыздан айырылып қалдық. Жаны жаннатта болсын! Ағамды жақсы танушы едім. Ол кісінің тартқан күйлері мен шырқаған әндерін де өз аузынан естідім. Шаңырағымыздың құрметті қонағы да болған. Сыматай ағамыздан тапсырыспен төрт қобыз алғанмын. Ең алғашқы жеке қобызым да Сыматай ағамның қолынан шыққан аспап еді.
Қазіргі таңда Сәрсенғали Жүзбаев, Жаңғаш Жұмабеков, Саян Ақмолда, Әлқуат Қазақбай, Раушан Оразбаева,  Ақнар Шәріпбаева,  Алмат Сайжан, Әйгерім Қарсақбаева, Айман Қарсыбаева, Марал Манасбаева, Мақсат Медеубек, Ардақ Итекеева, Құрмаш Жүгінісов секілді мықты қобызшылар баршылық. Ауыз толтырып айтуға болады. Ұлағатты ұстаздарды айтпағанда, өнерге жан-тәнімен берілген талантты жастар өсіп келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.