Коронавирустан қауіп жоқ!

0 0

Бүгінде бүкіл әлем халқын коронавирус қаупі үрейлендіріп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүниежүзін дүрліктіріп жатыр. Төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дерт Қытай Халық Республикасының 86 провинциясына тарап, оған шалдығудың 93129 жағдайы тіркелсе, оның 3198 жағдайы өліммен аяқталған. Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея, Италия, Иран және Жапонияда эпидемиологиялық жағдай күрт ушығып кеткен. Ал біздің елімізде коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Сондықтан өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылары облыс тұрғындарына даурығудың еш қажеттілігі жоқтығын айтты.

Аталған департаменттің басшысы Берік Жарқынбековтің сөзінше, облыстық штабтың және коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Яғни өңірдің медициналық ұйымдары аталған инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайын. Сондай-ақ барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорымен қамтамасыз етіліпті.
– Қазіргі уақытта басқа елдерден келген адамдардың медициналық бақылауына мониторинг жүргізілуде. Биылғы жылдың 4 наурыздағы жағдай бойынша облыс аумағында ҚХР мен Иран Ислам Республикасынан келгендер жоқ. Айта кетерлігі, Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония және Италиядан келген 66 азамат үй карантинінде болса, Сингапур, Тайланд, Әзербайжан елдерінен келген 17 азаматта медициналық бақылауға алынды. Бұдан өзге Малайзия, Германия, АҚШ, БАӘ, Франция, Ұлыбритания, Бахрейн, Кувейт, Испаниядан келген 150 азамат та бақылауда, – деген Берік Құзарұлы облыс тұрғындарын қарапайым алдын алу шараларын сақтауға шақырды.
Нақтырақ айтқанда, қолды жиі жуу, үй-жайларды ылғалды шүберекпен тазалап және желдетіп отыру қажет екен. Сонымен қатар жіті респираторлық вирустық инфекция симптомдары бар адамдар жөтелдің этикетін сақтауы тиіс. Жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынас жасамау да керек.
– Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін ҚХР-ға және коронавирус ауруы тіркелген елдерге бармауға шақырамыз. Сапар кезінде немесе сапардан кейін респираторлық аурудың белгілері пайда болған жағдайда, саяхатшыларға медициналық көмекке жүгіну және өзінің сапар тарихын емдеуші дәрігермен бөлісу керек. Барлық туындаған сұрақтар бойынша тұрғындар 1406 нөмірі арқылы тәулік бойы Call-орталығына хабарласа алады, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.