Диагноз

Коронавирустың «вакцинасы» ішімдік емес

Written by Aray2005

Қазіргі таңда коронавирус індетінен кім қалай қорғанарын білмей жатыр. Бірі зімбір майын іздеп жүрсе, кейбір «білгіштер» ішімдік вирусты өлтіреді деп сенеді. Алайда медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ішімдік пен зімбір, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқ екен.

«Бұл – алыпқашпа әңгіме. Қазір адамдар сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасының 10 мың теңгеге дейін көтеру ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ», – дейді Досқалиев.
Профессордың айтуынша, иммунитетті көтерудің жалғыз жолы – уақытында дұрыс тамақтану.
«Жалпы зімбір мен қара зере майының адам иммунитетін белгілі деңгейде көтеретін қасиеті бар. Алайда күнделікті ішкен тамақтан артық емес. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Әсіресе, ет жегеннен иммунитет артады», – дейді профессор.
Белгілі дәрігер иммунитетті арақ-шараппен көтеру дегенді бос әңгіме екенін айтады. Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР