«КӨРПЕ FEST» – ұлттық өнерді ұлықтаған фестиваль

0 0

Қазақ қолөнерінің негізгі саласы – тігіншілік. Осы орайда дәстүрімізді жандандырып, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту мақсатында облысымызда «Көрпе fest» мегафестивалі өтті.

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында ұйымдастырылған шараға Тараз қаласы мен аудандардан 200-ге жуық қолынан өнер тамған ісмер қатысты. Жиналғандар үш күн бойы белгілі этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзада мен ізбасарларының «Аналар аманаты» атты тегін семинар-тренингіне қатысып, онда құрақ көрпе, ұлттық стильдегі көрпелер және басқа да қолданбалы өнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын меңгерді.
Тараз қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған мегафестивальге аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы барып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Көктемнің алғашқы айында Халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлаймыз. Бұл мерекеде барлығымыз өмір сыйлаған аналарымызға құрмет білдіреміз. Барлық жылылық мен мейірімділік сіздерге тән. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен – бүкіл әлемді тербетеді» дана сөз бар. Сіздер тек үй шаруасымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттай отырып, осы секілді сүйікті істеріңізбен де айналыса аласыздар, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ұлттық нақыштағы көрпе жабдықтарын дайындау өнерін дамыта отырып, оны еліміздің түкпір-түкпірін аралап, барынша насихаттап жүрген Ырза Тұрсынзаданың зор еңбегін айта келе, тігіншілікпен біздің аналар мен әжелер ашаршылық пен соғыстың ең ауыр жылдарында да айналысқандығына тоқталды. Бұдан соң сөз алған мега-фестивальдің авторы, этнодизайнер жобаны іске асыруға ұйытқы болып, қолдаған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы екенін айрықша атап өтті.
– Фестивальдің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында халықтық қолданбалы өнерді дамыту. Жоба өткен жылы бастау алды. Өз ұсынымызды айтқанда алғаш болып қолдаған Бердібек Сапарбаев еді. Ол кезде Бердібек Машбекұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болатын. Фестиваль сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларында өтті. Дайын өнімдерді сату көрмесін өңірлердегі кәсіпкерлер барынша қолдап жатыр. Бұл шараны және тегін шеберлік сыныбын ұйымдастырудағы көздегеніміз – ұлттық құндылық­тарды насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын кеңінен тарату, сондай-ақ көпбалалы аналар мен жұмыссыз әйелдерді отбасылық бизнеске жұмылдыру. Мен біздің әйелдер өздерінің қажырлы еңбегі мен шығармашылық шабыты үшін лайықты ақы алғанын қалаймын, – деді Ырза Тұрсынзада.

Айта кету керек, фестиваль аясында үш кезеңнен тұратын байқау өтті. Бірінші кезең – этникалық инсталляция бойынша сайыс. Екінші кезең – Ырза Тұрсынзаданың YouTube арнасында шеберлік сыныптарын қарап дайындалған бұйымдар бойынша, үшінші кезең – заманауи стильге сәйкестендірілген ұлттық киімдер бойынша жүргізілді.
Фестивальге көздің жауын алатын сан түрлі көрпелер қойылды. Мақпал, барқыт, шыт маталардың сан түрінен құралған көрпелерден ежелгі қолөнердің жарқын көріністерін байқауға болады. Ши құрақтардың арасына түйе бейнесін, түрлі қошқармүйіз сынды ойылған көрпешелерге жаңаша сән кіргізуді көздеген үлгілер де бар.
«Көрпе fest» фестивалінің жабылу салтанатына да өңір басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, шебер қолды нәзік­жандыларға ұлттық өнерді дамытуға атсалысқан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Міне, үш күн бойы осы біздің киелі Тараз жерінде өтіп жатқан көрпе фестивалі өз мәресіне жетті. Мен облыс басшылығы атынан біріншіден Ырза Тұрсынзадақызына және сіздерге үлкен рақмет айтамын. Мерекеге қарамай, бірнеше күн бойы атсалысып жүрдіңіздер. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың қандай бай екенін көрсеттік. Жарқырап тұрған көрпе-көрпешелер, жастықтар, ата-бабаларымыздан келе жатқан өнеріміз, салтымыз, дәстүріміз. Қазіргі біздің негізгі міндетіміз – осының барлығын өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, бойына дарыту. Ең алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған жоба еліміздің түкпір-түкпірінде бірнеше дүркін өтіп жүр. Біз де бүгінгі жобаға қатысқан әпке-қарындастарымызды, бикештерімізді қолдауымыз керек. Олар алдымен көрпе-көрпешелерін тігіп өз кәсіптерін ашып, салт-дәстүрді жалғастырса, ең негізгісі, мына қыздарымыз мемлекетке қол жаймай өздерінің отбасыларын асырап, қасындағы азаматтарына қолдау болады деп түсінеміз, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң Бердібек Машбекұлы ұлттық өнерді дамытуға және қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін кәсіпкер Туғанай Жолақоваға және «Дәмді себет» ЖШС-ның құрылтайшысы Алмас Төлтаевқа «Аманат» қоғамдық сыйлығын тапсырды. Облыс әкімінің алғыс хаттарына Ырза Тұрсынзада мен оның ізбасарлары Майрагүл Махмұтқызы және Бақыт Қайратқызы ие болды. Сондай-ақ, ең озық тігіншілерге облыс әкімдігі тарапынан барлығы 20 тігін машинасы, сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Шеберлік сағатына қатысып қана қоймай тігін машинасына ие болғандардың қатарында Жуалы ауданы, Көлтоған ауылынан келген 73 жастағы «Алтын алқа» иегері Төребала Күзембекқызы да бар.
– Қыз жасауын тігумен айналысамын. Бұл кәсіп шешемнен дарыған қасиет. Бала кезімнен қолым қалт еткенде құрақ құрайтынмын, бірақ кәсіп ретінде зейнетке шыққан соң бет бұрдым. Зейнеткер ұстаз, көпбалалы анамын. Ырза Тұрсынзадаға ризамыз. Халық арасында біз секілді тігіншілік өнерімен әуестенетіндер көп қой, соларға бағыт-бағдар беріп, қолдап жатқанына рақмет айтқым келеді. Адам баласы қанша жасқа келсе де үйренуден бас тартпау керек. Мына үш күндік семинарда үйренеріміз көп болды, – дейді қарт ана.
Ал фестивальдің ең балғын қатысушысы Шу ауданының тумасы, 10 жасар ісмер Медина Жұмаділдә анасымен келіпті.
– Мен 7 жасымнан қолыма ине-жіп ұстап, қуыршақтарыма неше түрлі киімдер тіге бастадым. Қазіргі кезде кез келген көрпе дейсіз бе, көрпеше дейсіз бе тіге беремін. Ою да оя аламын. Анамның көмекшісімін. Ырза апайдың ұйымдастыруымен болып жатқан фестивальге қатысып, тігін машинасына ие болдым. Осы уақытқа дейін анамның көмекшісінің машинасын қолданушы едім, бұдан былай өзімнің жеке машинаммен жұмыс істейтін боламын, – дейді ол.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.