Қоғам

Қоршаған ортаны қорғау – ортақ парыз

Written by Aray2005

Бала күнімізде көктем шыға Көктал өзені (Талас ауданы) долы мінез танытып, аттылы адамның өзіне өткел бермейтін-ді. Таудан арқырап келген қызыл сумен ауылдықтар «жерді ширатады» деген ниетпен егіс алқаптарын суарып жататын. Одан кейін Қызыләуіт, Шұқырәуіт, Бидайбекәуіт, Ақтөбеәуіт секілді қолдан жасалған тоспаларды кемеріне келгенше толтырып, артылғанын еркіне қоя беретін. Мамыр айларында момақан қалыпқа түскен ағын су Қарашеңгел аталып кеткен жайылым арқылы Ащыкөлге барып құятын.

Бір кездері әлгі «Тұздыкөлге» су тапшылығынан ба, әлде басқа да жағдай болды ма әйтеуір ауылдықтар қатарынан бірнеше жыл су жібермей қойды. Сол кездері жағалауы жасыл құрақ болып жататын өзен арнасының аңқасы кепкені өз алдына, шабындық жерлердің соры аспанға көтеріліп, жел тұрса Ащыкөлдің тұзынан маңайы ақтүтектен көз ашпайтын. Кейіннен тау суы өз арнасын қайта тауып, жұрт бұл мәселеден құтылған еді. Біздің айтпағымыз, бұрынғының жасы үлкендері шаруашылықтан бөлек, экологиялық қауіпсіздіктің де қамтамасыз етілуін ешкім үйретпей-ақ, өз бетінше жүйелей білгендігі.
Жалпы, адам денсаулығының жай-күйі экологиялық ахуалдың қалыпты жағдайда болуымен тікелей байланысты. Сондықтан да қоршаған ортаны қорғау –бәріміз үшін ортақ іс. Бір айта кетерлігі, биыл Нұр-Сұлтан қаласында Волонтер жылы аясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еріктілердің «BIRGEMIZ» атты республикалық фронт-офисі ашылған еді. Мемлекет басшысы сол кезде барлық еріктілерге жобаларын «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» секілді 7 салалық бағытты негізге ала отырып жүзеге асыруды тапсырған болатын. Онда еріктілер аталған бағыттар бойынша орналасқан павильондарда қандай да бір жобаны жүзеге асыруда келелі кеңеске қаныққаны белгілі. Соның ішінде «Таза әлем» павильонында осы жылы экологияға қатысты қандай жобалар жүзеге асырылып, не іс тындырылатыны жайлы жүйеленген. Бұл сол кезде бас қаладағы еріктілер форумына қатысқан өңірдегі бірқатар қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген ерікті жастар үшін байыпты бағдар болды.
Мәселен осыдан 5 жыл бұрын құрылған облыстық «Bіz bіrgemіz!» волонтерлік ұйымы «Туризм», «Экология», «Тарих», «Қайырымдылық», «Спорт», «WAO-Qzqer» секілді бас-аяғы жеті бағыт бойынша жұмыс жасайды. Облыстағы 6 784 еріктінің 200-ге жуығы мүше болған осы ұйым биыл ұлттық волонтерлер желісінен экологиялық бағыттағы «Болашақ бағы» деп аталатын бір жобаны жеңіп алып, жүзеге асыра бастауы да қоғамның қоршаған ортаға бейжай қарамайтынын аңғартады. Аталған ұйым мүшесі, Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінің ІІІ курс студенті Ақтолқын Мақсұтова бүгінде екінің бірі қайырымдылық, ізгілік істермен айналысып жүргенін, ал экология мәселесі назардан тыс қалып бара жатқанын айта келе, «Bіrgemіz» қоғамдық бірлестігі «Таза әлем» бағытында жүйелі жобаларды жүзеге асыруға ден қойғанын тілге тиек еткен еді.
Осы тектес өңірде қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын, 40-50 үкіметтік емес ұйым бар болса, соның шамаман 10 пайызы өз істерін белсенді атқарады екен. Соның ішінде «Қазақстан Ауыл Жастары» қоғамдық бірлестігі, «Жасыл ел – Тараз» еңбек жасақтары және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жастарының ұйымдастыруымен әр кез игі шаралар өтіп тұратын. Мысалға былтыр Бішкек қаласының «Орталық Азия Даму Қоры» қоғамдық қорының мұрындық болуымен акция ұйымдастырылып, соның нәтижесінде айыр қалпақты ағайындардан 20 ерікті, жамбылдық 60-қа жуық жас бірігіп Тектұрмас кесенесіне барар жолдағы көпір үстін тазалады. Сонымен қатар Жалпақтөбе ауылының маңындағы Жамбыл ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне тиесілі
19 гектар жерді кесіп өтетін Талас өзенінің екі жағалауын тұрмыстық қатты қалдықтан тазартқаны есте. Осы тектес «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де қоршаған ортаны қорғау жөнінде жүзеге асырып жатқан өз жобалары бар. Ол – әр жыл сайын сансыз тал егіп, айналаны жасыл желекке айналдыру. Аталған серіктестіктің «Шолақтау», «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, минералды тыңайтқыш зауыты және Жамбыл теміржол-көлік кешені секілді өндіріс орындары аумағына және кәсіпорындарға тиесілі санитарлық қорғаныш аймағына жылда қаратал мен алма, шие, алмұрт секілді жеміс ағаштарының кемі 12 мың түп көшеті отырғызылады. Айтқандай биыл осы өндіріс орындарының санитарлық қорғаныш аймақтарынан 24 сынама үлгілері алынып, 86 талдау жұмысы жүргізілгені мәлім. Бір қуанарлығы, жүргізілген талдау нәтижелерінің қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның ластануы анықталмаған еді. Бұл бәлкім «Қазфосфат» ЖШС-ның жасыл белдеу ауқымын ұлғайта түсуінің жемісі болар.
Негізінен жұртты «Табиғи байлық, оның ішінде су ресурстары тиімді пайдаланыла ма, зауыт немесе көлік түтінінің зиянды әсерін болдырмау қаншалықты көңіл көншітеді, жалпы өңірдің экологиялық ахуалы қай деңгейде?» деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Өйткені, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғатты аялай білу, айналаның ластанбауына көңіл бөліп, экологиялық жағдайдың қалыпты болуын назарда ұстау бәріміз үшін ортақ іс. Алайда, аймақтағы экологиялық ахуалдың қалыпты болуын назарда ұстайтын өңірімізде облыс бойынша экология департаменті жұмыс істейтіні белгілі. Аталған департамент басшысы Бекжан Қалымбетов Тараз қаласындағы пайдаланылып отырған кәріз суын тазарту жүйесі 1960 жылдардан бері қарапайым сүзу алаңдары ретінде, яғни табиғи жолмен тазарту бағытында істеп тұрғанына алаңдайтынын білдірді. Ондағы 12 картадан тұратын аумағы 14 гектар тұндырғыштар мен 92 картадан құралған 193,5 гектар сүзу алаңдарына тәулігіне шамамен 30 мың текше метрден астам шайынды сулар тасталып келеді екен. Мекеме басшысы бұл өзекті проблеманы жою үшін облыс орталығындағы кәріз жүйелерін тазарту заманауи қондырғыларымен қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты. Ол үшін миллиардтаған қаржы қажет көрінеді.
Тағы бір айта кетер жайт, өңірімізде табиғат ресурстарын пайдаланып жүрген мекемелердің кейбірі қоршаған ортаға жанашырлықпен қарай бермейтін көрінеді. Жыл басынан бері 5 табиғат пайдаланушыға облыс бойынша экология департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 20 құқықбұзушылық фактілері анықталыпты. Дегенмен, еткен кемшіліктерді түзету үшін 4 нұсқама беріліп, 12 әкімшілік іске қаулы шығарылыпты. Салынған айыппұл көлемі – 969341 теңге. Оның бүгінде 7, яғни 298238 теңгесі өндірілген. Қоршаған ортаға келтірілген залалдың 11 фактісі негізінде 5296154 теңгеге талап-арыз беріліпті. Оның 9-ы бойынша 3011215 теңге өндірілген. Істің біреуі сотқа жолданыпты. Өндірістен пайда болған шығарынды, төгінді және қалдықтармен айналаны ластап жүрген кәсіпорындарға 7 талап-арыз жолданып, оның төртеуі қанағаттандырылыпты. 2 талап-арыздан орындалуына байланысты бас тартылса,
1 талап-арыз сотқа жолданған екен.
– Қоршаған ортаның ластануын анықтауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының пайдасы зор болып отыр. Мәселен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілімі жасалған еді. Соның арқасында Тараз қаласында 143 түсірілім, Байзақ ауданында 52 түсірілім, Т.Рысқұлов ауданында 14 түсірілім, Жуалы ауданында 21 түсірілім және Жамбыл ауданы бойынша 116 түсірілім жасалып, барлығы 346 күл-қоқыс орны анықталды. Соның ішінде Жуалы ауданы бойынша 12 аумақ, Жамбыл ауданы бойынша 19 аумақ қоқыстан тазартылды. Одан бөлек облыс әкіміне, облыс прокурорына, облыстық полиция департментіне, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына кездейсоқ жатқан қалдықтар бойынша мәлімет беруге және сәуір-мамыр айларында іс-шара жоспары бойынша рейдтік шаралар жүргізу туралы ұсыныс хат жолданған болатын. Бүгінде сынақтан өткізетін зертхана үшін қоршаған ортаны ластауға қатысы бар тұрақты көздерден 12 сынама алынып, 84 талдау жасалды. Алынған сынамаларды зерделеу нәтижесінде 7 нормативтен ауытқу фактісі тіркелді. Жылжымалы көздердің бірі – көлік құралы. Оларды да бақылау бағытында 289 автокөлік тексеріліп,
76 нормативтен ауытқу фактісі тіркелген болатын. Оның ішінде құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп жүргізілген «Таза ауа» операциясы кезінде 177 автокөлік тексеріліп, 52 автокөліктің ауаны ластайтынын білдік. Сонымен қатар, мемлекеттік экологиялық тексеріс кезінде «Аулие-Ата Транс Пасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 автокөлігі тексеріліп, 20 автокөлік талапқа сай болмай шықты. «Sinoil» ЖШС-ның 3 автокөлігі тексеріліп, екеуі заң талабына кереғар болып шықты. Су ресурстарын бақылау бағытында да департаментке келіп түскен арыз-шағымға байланысты «Алтынбек» су айдынына құятын және одан шығатын каналдардан және «Игілік» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің тазарту қондырғысынан
7 сынама алынып, 112 талдау жұмысы жүргізілді. Алынған сынама үлгілерін зерделеу нәтижесінде 27 қалыпты жағдайдан ауытқу дерегі анықталды, – дейді Бекжан Ифтарұлы.
Департамент басшысы аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін 162 полигон бар екенін айтады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау және орналастыру бойынша облыста 375 елді мекеннің 316-сы қамтылғанын,
Тараз қаласындағы 317 тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарында пластмасса және пластикалық бұйымдар үшін 347 торлы контейнерлер, жарамсыз, құрамында сынабы бар электр шамдары, химиялық қуат көздері мен батареялар үшін 30 жабық контейнерлер орнатылған екен.
Осы департаменттің мемлекеттік экологияны бақылау бөлімінің бас маманы Айжан Таштаева қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып тұратынын айтады. Мәселен жыл сайын дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Таза болса табиғат – аман олар адамзат» атты балалар сурет байқауы өтіп тұрады екен. Биыл бұл байқау онлайн түрде ұйымдастырылып, бас жүлдені 19 жасөспірімнің ішінен 11 жасар Марина Вагнер есімді жеткіншек ұтып алыпты.
– Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері арасында өткізілген шараға «Қазфосфат», «Тараз металлургиялық зауыты» секілді ЖШС-лар демеушілік етті. Мұндағы басты мақсат – баланы жастайынан қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялай білуге үйрету. Ата-бабамыз аманат еткен табиғат байлығының қадірін біліп өсуіне, оны бүлдірмеуге, ластамауға мұрындық болу, – дейді Айжан Тоқтарқызы.
Негізінен қандай да бір мекеме тарапынан алда-жалда экологияның ластану әрекеті байқалса, оларды жөнге салумен облыс бойынша экология департаменті айналыса беретіні хақ. Біздің сөз етпегіміз қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау үшін бұған қоғамдық сананың да бейімделгені абзал. Өйткені біреулер заңсыз аң аулап, сирек кездесетін аң-құстарға қырғидай тиюді жаны сүйсе, енді бірі жазғы салым өзен-көлдердің бойын сағалап, жасыл желекке оранған табиғат аясында демалғанды тәуір көреді. Сондай сәттерде демалған орнын түрлі тұрмыстық қалдықтармен ластайтын сабаздар кездеседі. Тіпті кәуап пісіріп, ас қамдағандағы жаққан отының күл-қоқысын, ішіп-жеген азық-түлігінің қалбыр-қағазын төбедей етіп үйіп кететіндер де жоқ емес. Осындай әдеттен көп болып арылсақ қана бұл біздің ұғымымыздағы табиғатқа жанашырлықпен қараудың үлкен үлгісі болар еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР