Сараптама

Қоршаусыз қала көркімен көз тартады

Өткен ғасырдың алпысыншы һәм сексенінші жылдары үйлер мен мекемелердің аулаларын ағаш шарбақтармен немесе тор темірмен қоршау сәнді болса, қазір оны бетон мен кірпіш алмастырды. Жалпы қоршау дегенде ең алдымен есімізге сәулеттік шежіре тарихындағы ежелгі қамалдар елестейтіні анық. Тарихта бүтін бір қаланың аумағы қоршалатын. Ол да заманның қажеттілігі еді. Себебі, ежелгі дәуірде бабаларымыз ондай алып дуалдар мен қоршауларды жар астында жортқан жаудан қорғану үшін тұрғызған болатын. Ал, қазір әрбір үй, әрбір мекеме және кез-келген жекеменшік нысан даңғарадай дуалдармен қоршалған. Осындайда айдың-күннің аманында, тәуелсіздігіміз төрткүл дүниеге танылып, бейбітшілік билік құрған бүгінгі заматта қала сұлулығын қоршап тұрған дуалдардың қажеті қанша деген ойға қаласыз.

Әлемнің дамыған елдеріндегі кісі қызығарлық шаһарлардың орталық бөлігі ешқашан қоршалмайды. Бұл олар үшін қалыптасқан қағида, сәулеттік стандарт. Мәселен, таяуда «Economist Intelligence Unit» сараптамалық компаниясының зерттеу нәтижелері жұмыр жер бетіндегі ең қауіпсіз қалаларды анықтапты. Онда жалпы және сандық қауіпсіздік, денсаулық сақтау саласының сапасын, инфрақұрылым ерекшелігін, қылмыс деңгейін, полиция қызметін сарапқа салып, бағалау барысында анықталған қалалардың көш басында Токио тұрса, аталған тізімді Сингапур, Осака, Стокгольм, Амстердам, Сидней, Цюрих, Торонто, Мельбурн, Нью-Йорк шаһарлары жалғастырады. Австралияның бетке ұстар бірегей қаласы Сиднейде жергілікті тұрғындардың жаяу жүруіне басымдық берілген. Онда жаяу жүргіншілер жолы мен көше арқылы өткелдер салуға жылына миллиардтаған қаражат жұмсалатын көрінеді. Естіп, көріп жүргеніміздей, нәтиже де жоқ емес. Бүгінде озық отыздыққа қазанат қадамымен талпынған Қазақ елі үшін бұл – үлгі аларлық іс.

Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды», — деп атап көрсетті. Яғни, шаһарларымыздың әлеуетін, ажарын, тиімділігін арттырып, «Ақылды қалаға» айналдыру ортақ мүдде, мақсатты міндет. Осы орайда, қоршау мәселесі елордамыз Астанада айтарлықтай аз. Ал, Қазақ даласын қоршауға бейім қалалардан арылтуды алғашқылардың бірі болып алматылықтар қолға алды. Өткен жылы Алатау бөктеріндегі алып шаһардағы бейберекет қоршаулар сүріліп, тұрғындар мен табиғи сұлулықтың арасында тіршілік байланысы орнады. Бұл шаруа Алматы билігінің шақыртуымен мегаполиске арнайы келген дат архитекторы, танымал урбанист Ян Гейлдің идеясы екен. Енді бұл бастаманы Тараз қалалық мәслихатының депутаттары жалғастыруда. Халық қалаулылары көне шаһардың көркін қашырып тұрған қоршауларды алып тастауға ұсыныс білдіріп қана қоймай, мәселенің шешімін іспен дәлелдеуде.

– Мойындау керек, ілкімді іс Алматыда басталды. Жуырда Шотландия еліне барып қайттым. Ол жақта мекеме нысандары ғана емес, жеке үйлердің аулалары да ашық, шарбақтардың орны жасыл желекпен көмкерілген. Ал, біз қоршап-қымтап тастаймыз. Қазір облыс орталығындағы жоғары оқу орындары қоршауларын алды. Есесіне қаланың сұлулығы бұрынғыдан да артты. Мәселен, жыл сайын жоспарланатын әлеуметтік, спорттық нысандардың құрылысына олардың қоршаулары да енеді. Қоршаудың өзіне 5-10 миллион теңгедей қаражат жұмсалады. Яғни, бұл – қосымша шығын деген сөз. Әрі тиімсіз. Тарихи ескерткіштерге бай қаланың туристік әлеуеті зор және қалаға шетелдік және отандық инвесторлар, туристер көптеп келуде. Мұнан бөлек, қала көшелерінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы көшелерді кеңейтіп, көліктің жүруіне жағдай жасалуда. Енді адамдарға ыңғайлылық тудыратын кез жетті. Қала өсіп келеді. Сол себепті, қаланың архитектуралық келбетіне «Қоршаусыз Тараз қаласы» идеясымен ой салғанды жөн көрдік. Ұсынысымызды қала әкімі Рүстем Дәулет те қолдап отыр. Келер жылы қоршаудан арылған нысандардың ауласын жасыл желекпен безендіруге жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру жоспарда, – дейді қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев.

Расында да, соңғы уақытта қаладағы аялдамалар да біркелкі үлгімен жасалып, көшелер кеңейтіліп, ел игілігіне айналғаны анық. Ендігі мәселе – бейберекет қоршауларды алу мәселесін бірізділікке түсіру. Осы орайда, Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдар Молдабаевтың пікірін білген едік.

– Бұл іс тұрғындарға психологиялық тұрғыда оң әсер етеді. Яғни, бұрынғы құлдық санадағы қоршаулы ұғымнан түбегейлі құтылып, егемен еліміздің азаттығын, Ұлы Дала табиғатының сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді деген сөз. Әрине, бұл бастаманы іс жүзінде қолдаймыз. Қазір облыс орталығындағы барлық нысандарға қоршауларын алып тастауға қатысты ұсыныстар жолдап отырмыз. Бірақ, ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Себебі, жекеменшік иесі атына тіркелген мүлкін заңға сәйкес өз қалауы бойынша қолдануға құқы бар. Сонымен қатар, заңнама бойынша балабақшалар мен мектептер, денсаулық сақтау нысандарының қоршауы қалдырылады. Қазір бейберекет қоршауларды алып тастау мәселесі бойынша қалада мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Оған мемлекеттік және жекеменшік мекемелер атсалысуда. Оның орнына шаһар басшылығы тарапынан қолдау көрсетіліп, абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Ал, алдағы уақытта бой көтеретін жаңа ықшам аудандардың құрылысындағы нысандарда білім беру ошақтары мен медициналық мекемелерден басқаларының қоршаулары жоспарланбаған. Себебі, шаһарымыз сәулетті, көз тартар көрікті және ашық болғаны жөн, – деді Айдар Тойлыбекұлы.

Яғни, бұдан былай қаланың ландшафтына зиянын тигізіп, көзге ерсі көрінетін қоршаулар Тараз шаһары мен тұрғындардың арасын бөле алмайды. Себебі, құптарлық бастамаға қолдау білдірген мекеме басшылықтары алдағы көктемде алынып тасталған қоршаулардың орнын гүлзарға айналдырып, тал-дарақ отырғызбақ.
– Біздің колледж шаһардың орталығындағы Төле би мен Жамбыл даңғылының қиылысында шоғырланғандықтан, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ұсынысына алғашқылардың бірі болып қолдау білдірдік. Басында «Қоршауды алып тастағаннан кейін қалай болар екен?» деген үрей болғаны рас. Себебі, бізде көбіне кәмелет жасына толмаған студенттер оқиды. Бірақ, нысанда қауіпсіздікті қадағалайтын сигналды жүйе, күзет қызметі жұмыс жасайды. Ғимарат түгелдей бейнекамера бақылауында. Осылайша, қоршауды алып тастағаннан кейін оқу ордасы қаланың сәулетімен үндесіп, тұрғындардың жүріп-тұруына да, жастарға да қолайлы болғанын байқадық. Бабаларымыздан қалған кең далада еркіндікті сезінгенге не жетсін?! Дана халқымыз бұл ретте «Кең болсаң – кем болмайсың» деп бекер айтпаса керек. Жер, су және бәріміз бірдей тыныс алып жүрген ауа ортақ болғандықтан, шаһар табиғатын барлығымыз ұйымшылдықпен орынды пайдалануымыз керек. Колледжімізге келген қонақтар да бұл іске жоғары баға беруде. Ал, алынып тасталған бұйымдарды колледждің жанынан өтіп жатқан каналды қоршауға пайдаланатын боламыз, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева.

Сондай-ақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ақпараттық-имидждік жұмыс бөлімінің басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, қоршауды алу мәселесі былтыр оқу ордасының жартығасырлық мерейтойы қарсаңында-ақ шешімін тапқан.

– Университетіміздің 50 жылдығы қарсаңында Төле би көшесінің бойындағы оқу ғимаратында қоршаулар алынып, ректорлар аллеясы, Баласағұн музейі ашылды. Аталған аллеяда 2067 жылы ашылатын «Болашаққа хат» капсуласы орнатылды. Сондай-ақ, студенттерге ыңғайлы болу үшін аллея жабдықталып, абаттандырылды. Заманауи бастамаға қаламызда шоғырланған басқа саладағы мекемелер де қолдау білдірсе, көне шаһарымыздың көркі бұдан да арта түсер еді, – дейді ол.

Екі мың жылдық тарихы бар қаланың сәулеттік сұлулығын еселеген бұл іске жамбылдық жастар да дән риза.
– Қаламыздың қақ ортасында орналасқан университетіміздің жаңа дизайны маған да, курстас достарыма да қатты ұнады. Бейнебір шет елдердегі танымал оқу орындарындағыдай жаңартылған. Студенттердің бой мен ой сергітуіне жағдай жасалды. Үзіліс кезінде далаға шығып, таза ауамен тыныстап, оқу жоспарларын талқылауға, шығармашылықпен айналысуға, табиғатпен, қаланың сұлулығымен, қоғаммен байланыс орнатуға қолайлы. Өз басым алдағы уақытта студенттер көп серуендейтін Т.Рысқұлов, Қ.Рысқұлбеков және Жеңіс саябақтарының да көзге оғаш көрінетін қоршауларын заманауи үлгіге алмастырса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында саябақтарды өздері «Қаша» деп атайтын ұлттық ою-өрнектермен безендірілген ағаш тақтайлармен қоршайды екен. Маған қатты ұнады. Әрі қазақылығымызды көрсетеміз, әрі ұлттық құндылығымызды насихаттаймыз, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті Динара Мұхтарбекова.

Шаһардағы атқарылып жатқан бұл шаруаларға қатысты тұрғындардың да ой-пікірін білдік. Олар көпқабатты үйлердің арасындағы бейберекет қоршауларды да алып тастауды жөн санайды екен.
– Ықшам аудандардың ішінде бұрыннан қалған бейберекет, жөн-жосықсыз қоршаулар көп. Олар біркелкі болса мейлі ғой. Бірі кірпішпен, ескі шатырлармен қоршалса, енді бірі әртүрлі темірмен, қаңылтырмен жабылған. Шынымен де бұл қаланың сұрқын қашырып тұр. Үй айналасындағы сауда орындары, мейрамхана қоршауларының кесірінен орын таба алмаған автокөлік иелері темір тұлпарларын көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына, балалар ойнайтын алаңшаға қаңтаруға мәжбүр. Ал, біз ауламыздың таза, жайқалып тұрғанын қалаймыз, қолдан келгенше қадағалаймыз. Сонымен қатар, ескі көпқабатты үйлердің ауласында бұрыннан қалған гараждар қазір қаңғыбастардың күнделікті панасына, ішімдікке сылқия тойғандардың ордасына айналды. Кейбіреулер қоқыс қалдықтарын сол гараждың маңына тастап кетеді. Қала басшылығы осындай бос тұрған гараждарды да ретке келтірсе деген ұсыныс айтар едім, – дейді зейнеткер Роза Сыздықова.

Бастысы, сең қозғалды. Айтылған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапса, тарихында талай шайырлар жыр арнап, көпестер мен өнер иелерінің таңданысын тудырған жасыл шаһар Тараз қаласы әлі де көптің көңілінен, жұрттың жүрегінен айрықша орын алып, инвесторлар мен туристердің қызығушылығын арттырары сөзсіз. Бұл, екінші жағынан, тұрғындардың мәдениеті сыналар тұс. Облыс орталығында бастау алған іске қазір аудандар да қызығушылық танытып отыр. Оны Жуалы, Сарысу, Шу, Қордай аудандары әкімдіктерінің мамандарымен пікірлесу кезінде байқадық. Енді тек жауһар жәдігерлерімен Отанымыздың тарихи брендіне айналған Тараз шаһары «Қоршаусыз қалаға» айналуы үшін облыс аумағындағы барлық мекемелер іс жүзінде қолдау білдірсе болғаны.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР