"Заң және біз"

Қорықшылардың жалақысы қашан өседі?

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында қоғам өмірімен тікелей байланысты бірқатар сала мамандарының айлық жалақысын өсіру туралы тапсырма бергені белгілі. Президент ең бірінші кезекте мұғалімдер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға басымдық беріп, одан бөлек күнделікті өмірін қатерге тігіп жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлері мен қорықшылардың да қаржылық мәселесін қарауды тапсырды. Осы орайда Табиғат-ананың байлықтарын қорғауда қырағылық танытып жүрген қорықшылардың айлық жалақысы қашан және қаншалықты өсуі мүмкіндігін зерделеп көрген едік.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бұл мәселе қазір министрлікте жіті қаралу үстінде екен.
– Қорықшылардың айлық жалақысына өзгеріс енгізуге қатысты облысқа әлі нақты тапсырма келген жоқ. Десе де бұл мәселе министрлікте қаралып, келер жылы шешім шығарылады деп күтілуде.
Шындығы керек, табиғат қорғау мамандарының айлығы еліміздегі ең төменгі көрсеткіш саналады. Қазір қорықшыларымыз қолдарына шамамен 66 мың теңге айлық алып отыр. Бір жылдары 12 мың, тіпті 6 мың теңгеге жұмыс жасаған кездеріміз де болған. Құдайға шүкір, кейінгі жылдары түрлі үстемелер қосылып, 66 мың теңге жалақыға қол жетті. Бірақ 4 миллион 427 мың 34 гектар орман қорын қорғап жүрген қорықшылар үшін бұл өте аз. Сондай-ақ олар күнделікті түрлі браконьерлік фактілермен кезігіп, өмірлерін қауіп-қатерге тігуде. Сондықтан ең бірінші кезекте қорықшылардың адал еңбегін әділ бағалау керек.
Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы 251 қорықшы тіркеліп тұр. Ал орман мен Табиғат-Ананың байлығын қорғау бағытында жүрген барлық маманды қоссақ, олардың саны – 830.
Негізі, Үкімет бекіткен талап бойынша өңірде 296 қорықшы жұмыс жасауы керек. Алайда бізде маман тапшылығы сезіледі. Себебі айлық жалақының аздығынан бұл салаға жас мамандар келгісі келмейді. Мәселенің нақты себебі – қорықшыларды техникалық мамандармен теңестіріп қойған. Егер қорықшыны жеке маман ретінде қараса, көптеген олқылықтың орны толар еді. Қазір Үкімет осы жүйені бұзып, қорықшыларды жеке сала маманы ретінде бекітеді деп сеніп отырмыз. Сол кезде қызметкерлеріміздің айлық жалақысы айтарлықтай өсер еді, – дейді басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Башанов.
Иә, сала маманының сөзін орынсыз дей алмаймыз. Себебі бір күнде 4 миллион гектардан астам жерді аралап, табиғат байлығын қорғау оңай жұмыс емес. Мұндай жағдайда қорықшылар күн-түн демей өздеріне белгіленген аумақты апталап аралап кететіні айтпаса да түсінікті. Оған қоса жолдан түрлі браконьерлер жолығып, заңсыз әрекетін жасыру үшін қорықшыларға қарсы қару кезеніп, өміріне қауіп төндіретіндігі тағы бар. Естеріңізде болса, осы шілде айында Ақмола облысындағы бір қорықшы елік атқан браконьерлерді құрықтаймын деп қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан болатын. Сондықтан қорықшылар барынша қолдауға мұқтаж болып отыр. Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Серікбекұлының айтуынша, олар жылда материалдық-техникалық базасын жақсартуда екен. Алайда бұл шаралар аздық етіп жатқан көрінеді.
– Рас, жылда техникамызды жаңартудың арқасында биыл көліктеріміздің сапасы 65 пайызға жақсарды. Бірақ орман алқаптарында көлік жүре алмайтын жерлер көп. Міне, осы аумақты қорықшылар атпен күзетуі тиіс. Белгіленген меже бойынша облыс қорықшы­ларында 92 ат болуы керек болса, қазір оның бізде тек 56-сы бар. Ал маман­дарымыз 70 мотоциклмен қамтылуы қажет болса, оның да бізде қырқы ғана тіркеуде тұр. Үкіметтен келер жылы келетін өзгерістер осының бәрін қамтиды деген үміттеміз. Сонда ғана бізге жүз пайыздық сеніммен жұмыс жасауға мүмкіндік туады, – дейді бөлім басшысы.
Осы орайда алдағы өзгерістерге қатысты қорықшылардың да ойын білген едік.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі біздің айлық жалақымыз техникалық мамандардың алатынынан да аз болып тұр. Біздің жұмыстың ауырлығын барлығы біледі. Мәселен, Мойынқұм ауданында бір қорықшыға 22 мың гектар жерден белгіленіп берілген. Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар, бір адам осынау аумақты күнделікті аралап, қорғауы тиіс. Оған тағы апта сайын орын алып жатқан өрт оқиғаларын қосыңыз.
Кейінгі жылдары браконьерлердің де көбейіп кеткені белгілі. Және қазір олар жол талғамайтын мықты көліктер мініп, мұздай қаруланған. Осындай заң бұзушыларды біз УАЗ көлігімен қуып ұстауымыз қажет. Олар құтылу үшін қорықшыларға қарсы оқ атып та жатады. Өмірімізді қауіпке тігіп жүріп, осынау жұмысты еңсеруге тиіспіз.
Сондықтан Мемлекет басшысының «қорықшыларды қамқорлыққа алып, айлық жалақысын көтеру қажет» деген ұсынысын қос қолдап қолдаймын. Тағы бір айта кетерлігі, еден жуушы, қарауылдарға емдеу-сауықтыру төлемі төленіп жатса, бізге мұндай төлем мүлде қаралмаған. Үкімет осы жағын да реттеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орман күтушісі Естай Тілеужанов.
Негізі, қорықшылардың денінің ойы осыған саяды. Бәрінің айтар бір тілегі – айлық жалақыны өсіріп, мүмкіндігінше материалдық-техникалық базаны жаңғырту. Әрине, олардың өтініштерін негізсіз дей алмайсың. Себебі дәл осы сала қазіргі таңда мемлекеттік қамқорлыққа айрықша зәру болып отыр. Оны Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да баса айтты. Сонымен қатар қорықшыларға жеке маман ретінде осы таңға дейін санат берілмегені де таңғалдырады. Сондықтан келер жылы болуы тиіс өзгерістерде Үкімет қорықшылардың өтініш-тілектерін толықтай қанағаттандырады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР