Қос белбеу кімге бұйырады?

0 0

Осы жексенбіде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden» аренасында жыл жекпе-жегі. Мемлекет мақтанышы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко қолғап түйістіріп, қос бірдей белбеуге таласады. Алыптар айқасының байламы былай тұрсын, болжамының өзін жасау қиын. Бірақ бір анығы, төрткүл әлем отандасымыз Генаның тілеуін тілеп отыр.

Неге десеңіздер, Деревянченконың діттегені сарапқа салынатын IBF және IBO қос белбеуі болса, Генаға бұның қажеті жоқ. Себебі батыр ұлымыз бұған дейін қос белбеуді де иемденіп қойған. Сондықтан Головкинге қазір белбеу емес, бедел қажет болып тұрғаны анық. Яғни отандасымыз Деревянчеконы ұрып жығатын болса, онда ол келер жылы мексикалық Саул «Канело» Альвареспен қайта қолғап түйістіре алады. Бүкіл әлемнің де күткені осы трилогия. Әрине, ол үшін «жеңіске жетемін» деп ышқынып тұрған Сергейді сабасына түсіру керек. Оған Генаның шамасы толықтай жететініне сенімдіміз. Алайда жекпе-жек қанша раундқа созылуы мүмкін? Головкин 41-«бойын» мезгілінен бұрын аяқтай ма, әлде толық раундты жүріп өте ме? Ол жағы бізге белгісіз. Бірақ батыстық басылымдар «қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутпен жеңетінін айтуда» деп бейресми ақпарат таратуда. Бұл сөздің қаншалықты жаны бар екеніне енді тек жексенбі күні көз жеткізе аламыз.
Жыл жекпе-жегін қазақстандықтар жексенбі күні «QazSport» және «Qazaqstan» телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай алады. Және Гена таңғы сағат 09:00-де шаршы алаңға көтеріледі деп күтілуде.
Біз батыр ұлымыз украиналық боксшыны нокаутқа жіберіп, таза жеңіске қол жеткізеді деп сенеміз. Және Головкин – «Канело» трилогиясын көреміз деген үміт бар. Бір жағынан, Альварестің енді үшінші жекпе-жектен қашатын еш жері жоқ. Олай дейтініміз, 2 қараша күні «Канело» ресейлік боксшы Сергей Ковалевпен кездеседі. Егер мексикалық боксшы жеңіліс табатын болса, өзінің беделін көтеру үшін Головкинмен үшінші «бойға» шығуға міндетті. Тіпті Ковалевті жеңсе де, Альварестің алдында Головкиннен басқа асу қалмайды. Сондықтан бүкіл әлем күткен трилогияны көрейік деп тілейік.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.