«Тараз» «Астананың» өкшесін басып келеді

0 3

Жексенбіде футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турындағы алғашқы үш кездесу өтті. Бұл бәсекелер Нұр-Сұлтан, Тараз және Қызылорда қалаларында ұйымдастырылды.

«Астана» Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубын қабылдады. Бәсеке басталған бетте Абзал Бейсебеков есеп ашты. Оның 25 метрдей қашықтықтан тепкен добына қақпашы тосқаул қоя алмады. 40-минутта Әлібек Қасым таразы басын теңестірді. Бұл жағдайдың алаң иелерін қанағаттандырмағаны анық. Үзілістен кейін олар қарқынын күрт күшейтті. 65-минутта Марин Томасов елордалықтарды алға шығарса, арада екі минут өткеннен соң Эбонг үшінші голды соқты – 3:1. Одан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осы жеңістен кейін «Астана» жарыс кестесінде қайта бірінші орынға көтерілді.

«Тараз» Оралдың «Ақжайығын» 1:0 есебімен ұтты. Бұл матчта соғылған жалғыз доптың авторы – Педро Эуженио. Ол екінші тайм басталған бетте қонақтар қақпасының кілтін тапты.

Қызылорданың «Қайсары» мен «Атырау» арасындағы кездесудің 4-минутында Каролис Лаукжемис алаң иелерін алға шығарды. Бұл есеп ұзаққа дейін сақталды. Ойынның аяқталуына жеті минут қалғанда Дмитрий Гузь қарымта қайырды – 1:1.

Кеше тағы төрт кездесу өтті. Бұл матчтарда «Жетісу» мен «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Тобыл» және «Тұран» мен «Каспий» клубтары шеберлік байқасты.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.