Sport

Қош бол, Чемпион!

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында туған топырақтан төрткүл дүние тұғырына құстай заулап, сірескен мұздың бетіне суреттеп Ұлы Дала ұлының қолтаңбасын қалдырған еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазасы әрбір қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Күні кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген жасын ғұмырдың ерте үзілгені өкінішті-ақ. Дегенмен, мезгілсіз мерт болған мәнерлеп сырғанаушы «маэстро» ұлын Мәңгілік ел ешқашан ұмытпайтыны анық.

Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні,
Тыясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген – көк аспанның күркірі, –
дейді сөз патшалығының мұзбалағы Мұқағали ақын. Найзағайдай жарқылдап, ел намысын талай байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған, Отанға, еліне деген кіршіксіз көңіл, сарқылмас саф сезім, мөп-мөлдір махаббатпен халық жүрегіне жол салып кеткен Денистің драмалық тағдыры һәм оның трагедиялық түйіні ешкімге оңай соққан жоқ. Халықтың құшағы қаңырап қалғандай. Әрбір ананың үміті, әрбір әкенің сенімі күйреп, әрбір жас бауырынан, айырылмас досынан көз жазып қалды. Бейбіт күнде батырынан айырылып қаламын деген ой миллиондаған халықтың үш ұйықтаса түсіне кіріп-шықпаған. Жұмекен Нәжімеденов ақынның «ауырлығы – табыттай» деген бір ауыз сөзіндегі тегеурінді теңеуге бүкіл адамзат ғұмырының салмағы сыйып кеткендей. Себебі, бақытқа бағытталған, бірақ, бейнетке толы бес күндік жалғанда табыттан ауыр һәм қазадан зілді нәрсе жоқ. Ал, елдің бақыты үшін туған ерлердің қайғысы – бүкіл елдің қайғысы. Міне, сондықтан да мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, замандастарына үлгі бола білген нағыз патриот перзентінің арқаға аяздай батқан ауыр қазасын алаш жұрты таудай төзіммен қабылдап, жеңімпаз ұлын қимастықпен жер қойнына тапсырды. Оның әрбір дүбірлі додаға түскен сәтінде тақымын қысып, тілеуін тілеген туған елі енді рухына бас иіп, мәртебелі мақтанышын мәңгілік өмірге шығарып салды. Қаралы хабар кеудеге қанжардай қадалғанда қалың қазақтың һәм бүкіл отандастарымыздың атынан чемпионның отбасына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көңіл айтқанда ғана сенгеніміз, еріксіз жанардан жас төгіліп, иланғанымыз рас.
Отанның бағы үшін жаралған оғлан ұлдың отбасына төрткүл дүние мен еліміздің түкпір-түкпірі көңіл айтуда. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында батыр ұлымен қоштасуға таңсәріден жиналған халықтың қарасында қисап жоқ. Қыршыннан қиылған танымал спортшының қазасына байланысты елде жоспарланған ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылды. Қытайдың Уси қаласындағы семсерлесуден Әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандықтар жарысқа аза тұту белгісін тағып шықты. «Қайрат» пен «Тобыл» футбол командалары Еуропа лигасындағы жеңісін Денис Тенге арнады. Інісімен, бауырымен қоштасуға арнайы АҚШ-тан ат сабылтып жеткен, атағы жер жарған жойқын жұдырықты боксшымыз Геннадий Головкин бастаған қазақ спортының майталмандары жиналды. Денистің қазасына жүрегі қан жылап, өзекті өртеген өлеңдерімен өксігін баспаған ақын жоқ. Гена: «Сен мәңгі жадымызда қаласың» десе, Димаш Құдайберген: «Денис, менің бауырым, досым. Сенің орның әрдайым ойсырап тұрады… Сен ұлы адамсың, ұлы! Сен аңыз болып қалдың! Өмірден ерте өткенің қандай өкінішті… Мен үнемі сені мақтан тұтатын боламын, сағынатын боламын!» деп назды шерін көпшілікпен бөлісті. Әлемнің қабырғасын қайыстырған еліміздің біртуар азаматы, Олимпиада тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық тұңғыш жүлдегер Денистің қазасына облыс басшысы Асқар Мырзахметов бастаған Әулиеата жұртшылығы да қайғырып, көңіл айтты. Өмір де, адамдар да өзін жақсы көретінін, сағынатынын, ұмытпайтынын, қимайтынын, араларынан кеткеніне сенгісі келмейтінін сезген шығар, бәлкім. Есімі жеңіспен қатар аталатын Денис Теннің рухы енді пейіште шалқысын деп тілейік. Лайым, сол тілегіміз қабыл болғай!
Қош бол, қазақ спортының ханзадасы! Қош бол, Отанның оғлан ұлы!

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР