Sport

Қош бол, Ресей, көріскенше Катар!

Үздіктер тізімі:
Чемпион – Франция құрамасы.
Күміс жүлдегер – Хорватия құрамасы.
Қола жүлдегер – Бельгия құрамасы.
Чемпионаттың үздік ойыншысы – Лука Модрич
(Хорватия).
Чемпионаттың үздік жас ойыншысы – Килиан Мбаппе
(Франция).
Үздік сұрмерген – Гарри Кейн (Англия. 6 Гол).
Үздік қақпашы – Тибо Куртуа.
Фэйр-плей жүлдесі – Испания құрамасы.
Финалдың үздік ойыншысы – Антуан Гризманн.

Иә, ел күтпеген түрлі сенсациялар мен қызықты жайттарға толы болған бұл мундиаль ел есінде көпке дейін сақталатындығына күмән жоқ. Аладопты айрықша сүйетін жаһандық жұртшылық енді келесі Әлем чемпионатын асыға күтетіндігі белгілі. Араға 4 жыл салып барып қайта келетін аяқдопшылардың бәсекесі 2022 жылы Катар елінде түндігін түрмек.
Ендеше, қош бол Ресей, көріскенше Катар демекпіз!

Әлем чемпионаты несімен есте қалды?

Ең алғашқы сенсация әлем чемпиондары Германия құрамасы топтық кезеңнен аса алмай, еліне ерте қайтты. Ол аздай, плей-офф кезеңінің алғашқы айналымында әлем футболының қос мықтысы Роналду мен Мессидің құрамасы қатардан шығып қалды. Қызық бұнымен де біткен жоқ, чемпионаттың басты фавориттерінің бірі Испания құрамасы да тым ерте Мәскеу-Мадрид бағытына билет алды. Ал, 1/4 финалда Бразилия мен Уругвай жарысты аяқтап, жартылай финалда әлем чемпионы деген атағы бар екі-ақ команда қалған. Бірақ, «осы жылы жаңа чемпион шығады» деген жанкүйерлердің болжамы орындалмай, Франция футболшылары топ жарды. Ал үздік үштікті Англия құрамасын тізе бүктірген бельгиялықтар түйіндеді.

Рекордтарға толы біріншілік

Биылғы мундиальда 169 гол соғылды, орта есеппен әр ойында 2,6 гол. Бұл көрсеткіш 1998 және 2014 жылы өткен әлем чемпионатындағы голдарға ғана жетпей қалды. Ол екі чемпионатта 171 гол соғылған болатын. Ресей жерінде 12 автоголдың куәсі болдық. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Бұған дейінгі ең көп автогол 1966 жылы тіркелген. Англияда өткен чемпионатта футболшылар 6 мәрте өз қақпасын көздеп алған. Төрешілер ойыншыларға 219 сары қағаз, 4 қызыл қағаз көрсетті. Орта есеппен әр матчта 3,5 рет ескерту жасалып отырған.

Ең нәтижелі құрама – Бельгия. Эден Азар бастаған жігіттер 16 гол соқты. Ең көп соққы жасаған Хорватия құрамасы. Хорваттар 7 кездесуде 352 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеуге тырысқан екен. Англия құрамасы ең көп пас алмасқан құрама ретінде тіркелді. Олар жеті ойында 3 336 мәрте өзара пас жасаған. Ал, ең көп гол соққан Англия шабуылшысы Гарри Кейн. 6 гол соққан Кейн чемпионаттың үздік сұрмергені атағына ие болды. Үздік голдық пас шығарушылар үшеу. Месси, Эден Азар, Хамес Родригес үшеуі де командаластарының гол соғуына екі реттен мүмкіндік жасаған. Ең көп сэйв жасаған қақпашы – Тибо Куртуа. Бельгия құрамасының қақпашысы жеті ойында 27 мәрте өз қақпасын голдан қорғап қалған. Сондай-ақ, ең нәтижелі ойын Бельгия — Тунис кездесуі (5:2).

Сонымен қатар, осы әлем чемпионатының бір қызығы – стандартты жағдайлардан соғылған голдардың көп болуы. 28 пенальти белгіленіп, оның 21-і голға айналған. Әрбір орындалған 30 бұрыштаманың бірі голмен аяқталған.

Англия құрамасы да бір рекордты қайталады. Жарыста 12 гол соққан ағылшындар соның 9-ын стандарттан ұйымдастырған. Мұндай көрсеткішті 1966 жылы Эйсебио бастаған Португалия командасы тіркеген. 21-рет өткен Әлем чемпионатында, сонымен бірге тағы бір тарихи факт тіркелді. Кей чемпионаттарда 4-5 команда гол соқпай қайтатын. Бұл жолы бүкіл 32 команданың да қанжығасы майланды. Майланғаны былай тұрсын, 32 команда кем дегенде 2 голдан соқты. Чемпионатқа бірінші рет келген Панаманың өзі 2 рет аладопты торда тулатты.

Қайырымды футболшылар

Биылғы доп додасы жұртты сүйсіндірген қайырымдылық оқиғаларымен де есте қалып отыр. Франция құрамасының ойыншысы Килиан Мбаппе турнирдегі ойыны үшін өзіне тиесілі сыйақыдан бас тартты.

2018 жылғы Әлем чемпионатының үздік жас футболшысы атанған ол ұлттық құрама сапында мундиальдағы жеңісі үшін берілетін сыйақының барлығын қайырымдылыққа бағыттамақ. 550 мың доллар көлеміндегі қаражат мүгедек бала­лардың қажеттілігіне жұмсалатын болды. Айта кетсек, бұған дейін Хорватия ұлттық құрамасының ойыншысы Анте Ребич сыйақысына өз ауыл­дас­та­ры­ның несиелік қарыздарын жауып берген болатын.

Жеңімпаз командалар қанша қаржыға кенелді?

Ресейдегі доп додасы әлем чемпионаттары тарихын­да­ғы сыйақы қоры ең жоғары турнир болды. Оған сәйкес, ФИФА жеңімпаз команда атанған Францияға жалпы 38 миллион доллар беріп отыр. Екінші орынды иеленген Хорватия – 28 миллион доллар, үшінші орын бұйырған Бельгия – 24 миллион доллар, төрттікті түйіндеген Англия – 22 миллион долларға ие болды.

Жарыс жолын 1/8 финалдан кейін аяқтаған Колумбия, Испания, Швейцария, Жапония, Дания, Мексика, Португалия, Аргентина құрамалары жалпы 96 миллион долларды бөліседі (12 миллионнан).

Ал, топтық кезеңде үш ойын өткізген Иран, Сауд Арабиясы, Перу, Нигерия, Сербия, Оңтүстік Корея, Тунис, Сенегал, Германия, Польша, Марокко, Австралия, Исландия, Коста-Рика, Мысыр, Панама құрама командалары 128 миллион долларды 8 мил­лион­нан бөліп алады.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР