Көшбасшы жолы – көпке үлгі

0 14

Тегінде адам баласының болмыс-бітіміне тұлғалық қасиеттердің даруына туған топырағының, өскен ортасының өз әсері болатындығы әу бастан белгілі жайт. Кісі қасиетін сипаттайтын асқақтық пен азаматтық, дархан пейіл мен терең парасат, сергектік пен сезімталдық сынды мінездер жайында сөз болғанда оларды туған өлкенің төл ерекшеліктерімен байланыстырып жату да заңдылық. Осы айтқандай, егемен елін дамудың даңғыл жолына жетелеген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойынан нағыз көшбасшыға тән қасиеттің табылуына Алатау етегіндегі алақандай ғана Шамалған топырағының шарапаты мол болғанын айрықша атап өткен ләзім. Оған Президенттің кіндік қаны тамған Қарасай ауданында болған сапарымызда көзіміз анық жете түсті.

…Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-мұңы, аманаты болған азаттықтың ақ таңын атырып, тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті ретінде мемлекеттің дамуына, әлемдік аренада өз орнын табуына бар күш-қайратын жұмсаған тұлғаның кіндік қаны тамған Қарасай ауданын бетке алып келеміз. Алматыдай алып шаһардың іргесіндегі, ақбас Алатаудың етегіндегі Қаскелең қаласы, одан сәл әріректе Шамалған ауылы… Бұл жер – бүгінде әлемнің аузын айға білеген саясаткерлері саяси көрегенділігі мен көшбасшылық кемеңгерлігін бірауыздан мойындаған Нұрсұлтан Әбішұлының балалық, жастық шағы өткен мекен.

СҰЛТАННЫҢ СЫНЫПТАСТАРЫ

Балалық шағы Мемлекет басшысымен бірге өткен сыныптастары мен жерлестерінің қайқайсысын сөзге тартсаңыз да олар өз әңгімесін «Сұлтанның бойында көшбасшылық қасиет қаршадай кезінен болды» деп бастайды. Ел бағына туған ер өмірге келген өңірді көзбен көріп, дос-жаран, құрбы-құрдас, жерлестерімен жолығуымызға «Елбасы сыныптастары» ұйымының жетекшісі Бақытжан Сертеков мұрындық болды. Бүгінде ұйымның қатарында Елбасының 30-ға жуық сыныптасы бар екен. Ұйымның белсенді мүшелерінің бірі – ұзақ жылдар ұстаздық еткен Рая Ғарифқызы Сиразитдиновамен бірге келеміз. –Мен ата-анамның жұмыс бабына байланысты түрлі мектептерде білім алдым. 10-сыныпты Сұлтанмен бірге Қаскелең қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде тәмамдадым. Ал, Сұлтанға өзі білім алған Шамалғандағы Фурманов атындағы мектепте жоғары сыныптардың болмауына байланысты Қаскелең қаласында оқуын жалғастыруға тура келіпті. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жоғары ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілетімен ерекшеленіп тұратын. Біз бір сыныпта 42 оқушы оқыдық. «А», «Б» сыныбы болып бөлінгенімізбен, сабақтың дені бірге өткізіліп, қоян-қолтық араласып жататынбыз. Сұлтан барлық уақытта сабаққа тап-тұйнақтай дайын болатын. Үй тапсырмасын орындауда бүкіл сыныптың оқушыларына қол ұшын беруші еді. Әсіресе, көп оқушының тісі бата бермейтін математика пәніне келгенде алдына жан салмайтын. Бақылау жұмыстары кезінде математика пәнінің мұғалімі Қажыкен Қоңқашбаев ағайымыз қос сыныпты қатар кабинеттерге отырғызып, өзі есікті ашып қойып, екі ортада жүретін. Ондайда Сұлтан «Рая бірінші нұсқаны сен, екіншісін мен алайын» дейтін де, есептерді шығарып болған соң дұрыс жауаптарды ағайдың көзін ала бере сыныптастарға жөнелтіп отыратын. Осылайша, Сұлтанның арқасында бүкіл сынып математикадан бақылау жұмысын сәтті тапсырып шығатын. Ол сыныптастарының оқу үлгерімін жақсартуда ұстаздардай еңбек етті. Кейбір пәндерді санасына сіңіре алмай жүрген сыныптастарымен жеке-жеке жұмыс жасап, бірде химияны, енді бірде неміс тілін түсіндіріп бәйек болып жататын. Ол 10-сыныпты бітірерде мемлекеттік емтиханға дайындық кестесін жасап, өзі секілді зерек оқушыларды үлгерімі төмен сыныптастарына дәріс оқуға үгіттегені әлі есімде. Сонда мектеп мұғалімдері «Емтиханға дайындалудың дәл осындай ұжымдық тәсілін бұрын-соңды тәжірибемізде кезіктірген емеспіз» деп бастарын шайқайтын. Мектеп бітіргеннен кейін де Сұлтанмен аратұра кездесіп тұратынбыз. Сондай сәттерде оның есте сақтау қабілетінің кереметтігіне көз жеткізе түсетінмін. 1993 жылы Абай атындағы қазақ орта мектебінің 55 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысқан ол мектеп қабырғасында болған қызықты оқиғаларды сол қалпында, айна-қатесіз айтып бергені бар, – дейді Рая Ғарифқызы. Жол үстінде Рая апайымыздың әңгімесіне ұйып отырып, Қаскелең қаласына қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Біз мінген көлік Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің жанына келіп тоқтады. – Өткен ғасырдың елуінші жылдары Президент білім алған Абай атындағы орта мектеп осында болатын. Қазір бұл ғимаратта Қарасай аудандықтарихи-өлкетану музейі орналасқан. Мұнда ауданның тарихына қатысты дүниелерден бөлек, Елбасының өмір жолынан сыр шертетін 300-ге жуық жәдігер бар, – деді бізді музейге қарай бастаған Рая Ғарифқызы. – Мына шағын кабинеттерде біз білім алдық. Мектептегі салтанатты жиындар мен кештер осындағы шағын фойеде өтетін. Сұлтан көпшілік шаралардың бел ортасында жүретін. Әсіресе, Максим Горькийдің «Песня о буревестнике» өлеңін оқығанда арқаланып шыға келетін. Би кештерінде де сыныптағы көптеген қыздар Сұлтанмен би билеуге ынтық болушы еді. Бір сөзбен айтқанда, ол сол кездің өзінде-ақ біздің сыныптың мақтанышына айналып үлгерді. Бірде «Ленинская смена» газетіне Сұлтанның атақты ғарышкер Юрий Гагаринмен түскен суреті басылды. Оны көре сала қыздар бір-бірімізбен хабарласып, сүйіншілеп әбігерге түстік. Көршіқолаңға, таныстарға Гагариннің қасында суретке түскен сыныптасымыз екенін айтып мақтанумен болдық. Қазір де Сұлтанның халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген сәттерін, әлемнің мүйізі қарағайдай мемлекеттерінің саясаткерлерімен тең дәрежеде келіссөз жүргізіп отырғанын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді Рая Ғарифқызы. Осы тұста әңгімеге Елбасының сыныптасы Едіге Жүнісбеков ағамыз араласты: – Сірә, «Адам – өз тағдырының сәулетшісі» деген сөз шындыққа жанасатын болуы керек. Бәлкім, адам тағдыры оның маңдайына туылған кезде жазылып қоятын болар. Сонау жылдары дәл осы Абай атындағы орта мектепте білім алған біз күні ертең тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті атанатын азаматпен қатар оқып жүргенімізді білген жоқпыз. Ол біз үшін тай-құлындай тебісіп өскен достардың бірі болатын. Бірақ, тағдыр менің сыныптастарыма ел басқаратын тұлғамен қатар оқу мүмкіндігін беріп, тосын сый жасаған екен. Ол кезеңде мектепте білім алу мен ауыл шаруашылығының науқандық жұмыстары қатар жүргізілетін. Осындайда Сұлтанның қандай істе болмасын тындырымдылығына қайран қалып жүруші едік. Әрбір ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адал достан көп нәрсе үйрендік. Мектепте бірде-бір күн сабаққа дайындықсыз келгенін көрген емеспін. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Спортты да жанына серік етті. Ортамызда Қайсар Дыбысов деген жігіт болды. Спорттың кез келген түрінен алдына қара салмайтын. Әсіресе, қол күресуге келгенде небір білекті жігіттерден басым түсіп жүретін. Бірде, сол жігітпен Сұлтан қол күрестіріп көрді. Оның басым түскеніне бәріміздің де көзіміз жетті. Бірақ, қарсыласының сағын сындырғысы келмеген Сұлтан: «Қайсар жеңілген жоқ. Тең түстік», – деді күлімдеп. Қазір ойлап қарасам, пейіл кеңдігі мен парасаттылық деген Нұрекеңнің бойында сол кездің өзінде болған екен ғой. «Ә» дегенге «мә» десетін қызбалық қанымызды тулатып тұрған шақта өзін байсалды ұстап, қарсыласына құрмет танытып, оның абыройына нұқсан келтірмеуі осы сөзімнің анық айғағы, – деді Едіге Исатұлы.

САЯСАТТЫ СЕЗІНГЕН СӘТ

Елбасы сыныптастарымен болған әңгімемізде болашақ Президенттің балалық шағына қатысты көп жайтқа қанықтық. Байқағанымыз, бала Сұлтан мектепте жүргеннің өзінде-ақ болашақта кім болатындығын ісімен дәлелдеген сыңайлы. Сыныптастарының «Сұлтанның халықаралық саясатқа араласуы мектеп қабырғасында басталып еді» дегеніне алғашында илана қоймағанымыз рас. «Оны халықаралық саяси аренаға алып шыққан сол кездегі аудандық «Коммунизм үшін» газетінің редакторы Үсенбай Тастанбеков еді», – деп олар ойларын нақтылай түсті. Сұрастыра келсек, шынында да солай болып шықты. …1958 жылы сол кездегі Қаскелең аудандық комсомол комитетіне Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының Орталық комитетінен хат жолданыпты. Қызығы сол, хат қытай тілінде. Міндет — әлгі хатқа Қазақстанның белсенді жастарының бірі үн қатуы керек. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысынан әлгі хатты алған редактор Үсенбай Тастанбеков таныстары арқылы ондағы мәтінді аудартып алады. Сөйтсе, хатты қытайдың Чжоу Бай-Сяо есімді жас мұғалімі жазған екен. Хаттың қысқаша мазмұны – қытай коммунисі Кеңес Одағының өзі құралпылас бір жасымен байланыс орнатуға ниет танытқан. КСРО-дай алып державаның жастарына жолданған хатқа кеңестік жастар атынан жауап жазуға болашақ Президент бірден келісім береді. Қытай еліндегі ұстазға көп кешіктірілмей жауап та дайын болады. Оны Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен жолдайды. 15 республика құрамына кіретін алып одақта жас қытай ұстазына жауап жазу мүмкіндігі аудандағы қарапайым ғана оқушының біріне бұйырыпты. Бұл оқиғаны жай ғана сәйкестік деп те қабылдауға болатын шығар. Кім біледі?… Дәл сол сәтте бала Сұлтан осы хаттың күні ертең өзге елмен әріптестік байланыс орнату, көршілермен бейбіт қарым-қатынас жасау сынды дипломатиялық шешімдерге бастау боларын ойламаған да болар…

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫ

Осындай әсерлі әңгімелерден соң сапарымыз Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылында жалғасты. Бұл ауылда да бала Сұлтанмен бірге өскен ауылдастарын сөзге тартып, Президенттің балалық дәуреніне қатысты естеліктерге қанықтық. Алғашында осы сапарда жол бастап жүрген «Елбасы сыныптастары» ұйымының жетекшісі Бақытжан Сертеков пен ұйымның белсенді мүшесі Рая Сиразитдинова бізді Шамалған ауылдық округінің ғимаратына қарай бастағанда ешнәрсенің байыбына бара алмай, үнсіз соңдарынан ере бердік. Біз кабинетке енгенде көптен көрмеген туысындай құшақ жая қарсы алған апайды «Мына кісі Елбасының алғашқы ұстазы Тәкура анамыздың қызы – Қарлығаш Исмаилова» деп таныстырды жол бастаушыларымыз. Орындыққа жайғасқан сәттен әңгімеміз де жарасып сала берді. – Анам Тәкура Алғадайқызы Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Шамалған ауылындағы Фурманов атындағы орта мектепте бастапты. Әкеміз Мамыталы осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған. Өзіне алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазын Нұрсұлтан Әбішұлы ешқашан ұмыт қалдырған емес. Теміртауда жұмыс жасап жүріп, елге демалысқа келгенінде де анамызға арнайы соғып сәлемдесіп, хал-жағдайын сұрасып тұратын. Кейінірек елге танылып, үлкен саясатта жүрген шағында анама өзі туралы мақала жазғанын айтыпты. Сол кезде анамның қуанғанын көрсеңіз ғой. Қуанышы қойнына сыймай әлгі мақаланың қай басылымға жарияланғанын сұрауды да естен шығарыпты. Бір сөзбен айтқанда, Президентіміздің алғашқы ұстазына деген құрметі ерекше еді. Анамыз сырқаттанып қалған шақтарда да Елбасы шәкірттік борышына адалдық танытып, ол кісіні медицина саласының ең мықты деген мамандарына қаратты. Ажалға амал бар ма? Анамызды ортамыздан алды да кетті. Ұстазының мәңгілік сапарға аттанғанын естіген Нұрсұлтан Әбішұлы көңіл айту хатын жолдады. Бұл ол кісінің алғашқы ұстазына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісі еді, – дейді Қарлығаш Мамыталықызы.

ЖЫЛАНДЫСАЙДАҒЫ ЖАЗ

Елбасының алғашқы ұстазы жайындағы әңгімеміз аяқталуға жақын қалғанда әкімдік ғимаратына бір ақ жаулықты ана келіп кірді. Алдын ала жасалған келісім бойынша Президенттің мойнына пионер галстугін таққан Альфия Баубековамен сұхбатты үйіне барып алуға келіскенбіз. Алайда, біздің Шамалғанға келгенімізді естіген Альфия анамыздың өзі жетіпті. «Сұлтанның мойнына пионер галстугін тағу бақыты маған бұйырыпты. Әрине, ол кезде оның тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті болады деген ой қаперімізге де кіріп шыққан жоқ», – деп бастады әңгімесін Шамалған ауылының тұрғыны Альфия Баубекова. – Шамалғандағы Фурманов атындағы мектепті тәмамдамай жатып, мені қазақ сыныптарына пионервожатый етіп тағайындады. Ауылдық кеңестің төрайымы болған анам төсек тартып жатып қалды да, біздің үйдің тұрмысына қарасқысы келгені болар мектеп директоры осындай шешімге келіпті. Сонымен дереу іске кірісіп кеттім. Азды-көпті жалақы да алып тұрдым. Бірде пионерлер күніне орай мектеп директоры маған қазақ сыныбынан бір баланы пионер қатарына қабылдауға тапсырма берді. Ойыма алғаш болып оқуда озат Сұлтан түсті. Кеңес дәуірінде пионер қатарына қабылдаудың тәртібі қатал болатын. Сол кезде үшінші сыныпта оқып жүрген Сұлтан өте ұқыпты, әрі зерек еді. Қолынан кітабы түспейтін, – дейді Альфия Баубекова. Бүгінде жасы сексенге жақындап қалса да Альфия апайдың балалық шағы көз алдында. – Сұлтанмен балалық шағымыз бірге өтті. Жаздың күні мына іргеде жатқан Үшқоңыр, Алакелді, Жыландысай жайлауларында асыр салып жүруші едік. Ермегіміз тау бөктеріндегі шалғын шөптің үстінен ылдиға қарай сырғанау болатын. Бірде, бізден бұрын төменге сырғанап кеткен Сұлтанның жан даусы шықты. Жалма-жан төменге жеттік. Орға түсіп кетпес үшін екі қолымен әлгі ордың ернеуіндегі шөптерді қармап ұстап алған Сұлтан: «Шығарып алыңдар», – деп айқай салып жатыр. Қолымызды ұсынсақ, шөпті тас қылып ұстап алған, айырылар емес. Біз де айқай салдық. Сол сәтте жақын маңда колхозшыларға шөп шаптырып жатқан анам Тұрсын жанұшыра жетіп, Сұлтанды қолынан тартып шығарып алды. Ал, ордағы көрініс күні кеше болғандай көз алдымда әлі тұр. Әлгі ордың ішінде біріне-бірі оралған мыңдаған жыландар жатыр еді. Жылан дегеннің небір түрі болатынын сонда көрдім. Кейбірі ордың ернеуіне ілініп әзер тұрған кезекті «олжасына» бас салмаққа әзірленгендей басын тік көтеріп алып, ысылдап тұр. Бәрімізді атына мінгестіріп, шөпшілер қосынына алып келген анам Әлжан апамызға: «Айналайын Әлжан, мына балаң бүгін өмірге қайта келді. Әлгі Әбішке айтып, бір малды құрбандыққа шалыңдар», – деді. Ештеңеден хабарсыз Әлжан апамыз: «Жөніңді айтшы. Не болып қалды?», – деп бәйек болып жатыр. Анам Күләйхан екеумізді көрсетіп: «Мына екі қаршадай қыз балаңды Жыландысайдағы жыланның ордасына түсірмей алып қалды»,–деді. Ертесіне Әбіш ақсақал бір малды құрбандыққа шалып, шөпшілер қосынындағыларға құдайы тамақ таратты. Сол күннен есімде қалғаны – Смағұл деген қария Сұлтанға бата берді. Сонда әлгі қария «Әбіш, Әлжан, ұлдарың бір ажалдан аман қалыпты. Енді бұл сендердің ғана емес, халықтың ұлы болсын» деп бет сипады. Қарияның ауызы дуалы екен. Айтқаны айдай келді. Анам өмірден өткеннен кейін құжаттарын ақтарып отырып, партиялық билетін тауып алдым. Сол құжатына Сұлтанның суретін салып жүріпті. Бұл, сірә, ол кісінің ел басқарып жүрген баласына деген аналық ақ пейілі болар, – дейді Альфия апай. Бізге дейін бұл әңгімені Альфия апай Рүстем Әбдіраштың «Балалық шағымның аспаны» фильмін түсірушілерге айтып бергенге ұқсайды. Алайда, фильмге Елбасы өміріндегі дәл осы бір эпизод енбей қалыпты. Осылайша, Елбасының туған ауылында болып, сыныптастарымен емен-жарқын сұхбаттасып, Қаскелеңдегі құнды мұралар жинақталған музейін тамашалап, елге керемет әсермен оралдық. Ұлт Көшбасшысының тұлға ретінде қалыптасу жолдарын бағдарлап, өзімізге тағылым алғандай күй кештік. Асқақ Алатау баурайындағы Үшқоңыр етегінде дүние есігін еркелей ашқан Президентіміз туған жердің топырағынан күш-қуат алып, бүгінде айдай әлемді аузына қаратқан салиқалы саясаткер, көреген Көшбасшы, дара да, дана Елбасы, рухы мықты тұлға болып қалыптасты. Қазақтың қайсар ақыны Мұқағали Мақатаевтың: Бәрі де, Отан, сен үшін! Мәуелеп тұрған жемісім, Еселеп жатқан жеңісім – Бәрі де, Отан, сен үшін! – деген өлең жолдары «Қазақстан» атты алып кемені байыпты басқарып, оны ғаламдық ғаламат мұхит төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, көрікті көкжиекке қарай еркін жүздіріп бара жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арманаңсарын, үміт-сенімін, мақсат-мүддесін айқын анықтап, ашып көрсететіні даусыз.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Тараз-Алматы-Тараз

Leave A Reply

Your email address will not be published.