"Кәсіпкерлік"

«Көше саудасы – 100 орын»

Written by Aray2005

Жарқын жоба қала тұрғындарының көңілінен шығуда

Бiр кездерi базарлар халықтың нанын тауып жеп, нәпақасын айыратын, күнкөрiсiнiң көзiне айналғаны рас. Келе-келе жабайы сауда мен жайма базарлар қаланың шеткерi жағын ғана емес, орталығын да басып алып, шаһардың көрiктi жерлерiн көмескiлеп, гүл алаңдарын қоқыс төгетiн, бос жәшiктер қалдыратын орынға айналдырып жiбердi. Осы ретте жиi-жиi болып тұратын рейдтер де жабайы саудаға тосқауыл қоя алған жоқ. Дегенмен өткен жылдан бері қала көркін қашырған жабайы сауда нүктелерін «жүгендеп», бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге ерекше күш жұмсалуда.

Әсіресе облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы аясында жайма базаршылардың жолын кесіп, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Көше саудасы – 100 орын» жобасының жөні бөлек. Алдағы уақытта қала көшелеріндегі аңғал-саңғал, ұсқынсыз сауда орындарының орнын бір типті дүңгіршектер алмастыратын болады. Жуырда ғана өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп беруді бастаған Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қаламыздың келбетіне байланысты алдағы уақытта орын алатын өзгерістерді тілге тиек етіп, аталмыш жобаға ерекше тоқталды.
– Бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында Астана қаласының тәжірибесі негізінде «Көше саудасы – 100 орын» жобасы іске асырылуда. Қазіргі кезде бір типті дүңгіршектердің эскизі әзірленді. Белгіленген жер телімдері бойынша– «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 3 аукцион өткізіліп, 32 жер телімі жеке кәсіпкерлерге жалға берілді. Тағы алпыс кәсіпкердің құжаттары дайындалуда. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер тарапынан бір типті дүңгіршектер орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді Ғ.Райылұлы.
Жарқын жоба аясында «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қыруар жұмыстар атқаруда. Акционерлік қоғамның индустриалды аймақтар департаментінің директоры Жұлдыз Бужукованың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінің нәтижесінде «Тараз ӘКК» АҚ 32 жер теліміне қосалқы жалға беру құқығын беру үшін 4 байқау өткізіп, қорытындысында кәсіпкерлерге 25 жер телімі берілген. Бизнес бастауға ниетті кез келген қала тұрғыны аталмыш жоба бойынша жұмыс істеуге құқылы. Ол үшін ең алдымен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Қаланың сәулеттік келбетіне сай болатын сауда орындарының барлығында санитарлық және өртке қарсы талаптар қатаң сақталады.
– «Көше саудасы – 100 орын» жобасы екі бірдей мәселені шешуге жағдай жасайды. Оның алғашқысы– шағын және орта бизнесті дамыту және көше саудасына өзіндік көрік беру. Сауда орындары белгілі бір нысанды жергілікті жерге орналастыру мүмкіндігін қарастырады. Соның өзінде сауда нүктелері қаланың архитектуралық келбетін сақтау үшін бекітілген эскизге және барлық санитарлық, өрт қауіпсіздігі нормаларына сай келуі керек. Жоба аясында 2018 жылдың 17 шілдесінде «Тараз ӘКК» АҚ-мен көше саудасы нысандарын орналастыру үшін жер телімдерін беру Ережесін жасап, бекітті. Ережеден жер телімдерін 10 жылға дейін жалға беру жайы қарастырылған.
Көше саудасы нысандарын орналастыру үшін жер телімдерін беру бірнеше әдіс арқылы жүргізіледі. Мысалы, бір жер теліміне екі және одан да көп өтінім берілген жағдайда аукцион өткізу арқылы арнайы орынға қол жеткізуге болады. Сондай-ақ бір жер теліміне бір өтінім түскен жағдайда жалғыз қатысушы анықталған болып есептеледі. Бұдан бөлек қатысушының жер телімін қолдану туралы құжатының мерзімі өтіп кеткен (5 жыл) жағдайда тікелей келісім арқылы алуға мүмкіндік бар. Дәл осы мақсатта Тараз қаласының әкімдігі бірінші кезекте 50 жер телімін анықтады. Оның жиырма жетісіне кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың болуына орай жер актісі рәсімделді. Оған қоса «Тараз ӘКК» АҚ кәсіпкерлерден кез келген аумақта орналасқан сауда павильондары үшін жер телімдерін (Тараз қаласы әкімдігі бөлген 50 жер телімінен бөлек) беруге өтініш қабылдайды.
Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер түспеген жер телімдері үшін байқау өткізу мақсатында «Тараз ӘКК» АҚ қайта құжаттар қабылдауды бастады. Бұл жер телімдері туралы мәліметтер Жамбыл облысы әкімінің (www.zhambyl.gov.kz), Тараз қаласы әкімінің (www.taraz-gov.kz), «Тараз ӘКК» АҚ-ның (www.spktaraz.kz) және Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының (www.taraz.atameken.kz) интернет-ресурстарына берілді.
Қазіргі таңда жалға берілген жер телімдерінде сауда павильондарын орнату жұмыстары аяқталып қалды, – деген Жұлдыз Серікқызы акционерлік қоғам кәсіпкерлерден кез келген аумақта орналасқан сауда павильондары үшін жер телімдерін келешекте «Көше саудасы – 100 орын» жобасына қосу және рәсімдеу үшін өтініштер қабылданып жатқанын айтады.
Жауаптылардың айтуынша, жобаға кәсіпкерлердің қызығушылығы өте жоғары. Жоба аясында жұмысын бастап, өңір дамуына өзіндік үлесін қосуды мақсат етіп отырғандардың бірі – «Нилюфар» жеке кәсіпкерлігінің директоры Нилуфар Турдикулова.
– «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Көше саудасы – 100 орын» жобасына жер телімдерін беру байқауына қатыстым. Байқау нәтижесінде «Салтанат» ықшамауданындағы №24 тұрғын үй маңында орналасқан көлемі 15 шаршы метр болатын жер телімін 10 жылға қосалқы жалгерлікке алдым.
Қазіргі таңда жер телімінде сауда павильонын орнату жұмыстары аяқталып, онда сауда-саттық жүріп жатыр. Жер телімдерін беру байқауына қатысу еш қиындық туғызбады. Барлық ақпараттар қолжетімді, оңтайлы шарттар, құжаттар тізімі де айтарлықтай көп емес. Бәрінен бұрын байқаудың ашықтығын ерекше атап өткім келеді. Шағын және орта бизнесті дамытуда осынау жобаны қолға алған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке және оны іске асырудағы еңбегі үшін Тараз қаласының әкімдігіне, «Тараз ӘКК» АҚ-на, облыстық кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз. «Көше саудасы – 100 орын» жобасының табысты іске асуына тілектеспін, – дейді Н.Юлдашбекқызы.
Сонымен қатар жобаның тиімділігін қала тұрғындары әлден-ақ айтып жатыр. «Соңғы уақытта сыртқы көрінісі көркейген сауда нысандарының қойылып жатқанын байқап жүрміз. Мұндай жерден еш қорықпастан қажетті азық-түлігіміз бен басқа да заттарымызды сатып алуға болады» – дейді Қали Далғаров есімді қала тұрғыны.
Ал Астана қаласында 2016 жылдан бері қолға алынған «1000 орын – көше саудасы» жобасы осы күнге дейін екі мыңға жуық тұрғындарды жұмыспен қамтыған. Сондықтан болашақта жоба өз жемісін беріп, шаһарда шағын және орта бизнестің дамуына, жұмыссыздық мәселесінің аз да болсын шешімін табуына ықпалын тигізбек.

Талғат Нұрханов

ПІКІР