Көшет күтімді болса ғана көктейді

Көне шаһарды көркейту жұмыстары қарқын алады

0 7

Көктем келісімен өңірде санитарлық тазалау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Өткен аптада облыс бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған тал-дарақ көшеті егілді. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Жиында Бердібек Машбекұлы көктемгі санитарлық тазалау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары аясында облыс бойынша 140 мың түп ағаш көшетін егу керектігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы көшеттерді күтіп-баптау бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларына тапсырмалар жүктеді.

– Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Тараз қаласындағы тал-дарақтарға көңіл бөлуі қажет. Басқарма мамандары қазірден шаһардағы талдардың отайтынын отап, қурағандарын уақыт оздырмай кесіп тастауы тиіс. Ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер аясында мыңдаған түп тал егілуде. Олар суарылмай қалмауы керек. Сондай-ақ бұл шаралар аудандарда да жүзеге асырылып, әкімдер сенбіліктердің ұйымдастырылуын назарға алуы міндетті. Рас, індетке байланысты жарияланған карантиннен соң тұрғындардың таза ауада жүріп-тұрғысы келеді. Бұл орайда саябақ-скверлерді де қалыпқа келтіруіміз қажет. Осыған байланысты әр мекемеге саябақ-скверлер бөлініп берілді. Енді олар өздеріне тиесілі орындардың тазалығын ретке келтіріп, көгалдандыруды қолға алуы шарт, – деді Б.Сапарбаев.
Басқосуда биыл Тараз қаласының одан әрі көркеюіне назар аударылатыны айтылды. Бұл бойынша аймақ басшысы аудан әкімдері де қала әкімімен тығыз жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Аудандардағы кәсіпкерлер де Тараз қаласын көркейтуге атсалысып, қол ұштарын созуы тиіс.
– Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін қала иесіз қалғандай сезілді. Енді негізгі жұмыстардың барлығы шаһардың көркеюіне бағытталатын болады. Рас, қаланың түнгі жарықтандырылуы мен жарнамалардың сапасы сын көтермейді. Мұның барлығы ретке келтіріліп, жылдам шешілуі тиіс. Сонымен қатар облыс орталығында құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстар» да жетерлік. Бұл да кезек күттірмейтін негізгі шаралардың бірі. Бұдан өзге тұрғын үйлердің қасбеттері боялып, оларға жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Суару жүйелерін де ретке келтіреміз, – деген Бердібек Машбекұлы бұл жұмыстардың барлығы демеушілердің көмегімен іске асырылуы керек екенін баса айтты.
Жиында бұдан өзге көктемгі дала жұмыстары туралы сөз болып, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына тұқымның сапасы мен тыңайтқыштардың уақытында жеткізілуі міндеттелді. Сондай-ақ аудан әкімдері мен басқарма басшыларына көктемгі санитарлық тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.