Жалын

КӨШЕТ – КӨШЕ КӨРКІ

«Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» республикалық акциясына Жамбыл жұртшылығы да бір кісідей атсалысты. Облысымыздың барлық өңірінде аталмыш акция айрықша қолдау тауып, түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.

Шара барысында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында «Жайнасын туған өлкеміз!» атты экологиялық жастар акциясы өтті. Облыс аумағын көгалдандыру және абаттандыру, туған өлкемізді жасыл желектендіру, жастардың экологиялық, эстетикалық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.

Мұнда алмұрт ағашының «Талғар аруы» және «Байкен», «Голден делишес», «Ред делишес» алма ағашы сұрыптарынан 150 түп көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасында аталған мекеме қызметкерлері мен жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінің қатысуымен өткен тағылымы мол акция барысында 100 терек пен 100 қарағаш көшеттері егілді.

Осы күні «Бір сәби — бір ағаш» жобасы аясында облыстық перинаталдық орталықта және белгіленген демалыс орындарының маңына 1 200 түп арша ағаштары отырғызылды. Шараның ашылуында сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызына тоқталып, көпшілікті шаһарымызды абаттандыруға белсене атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде игі істің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
Шара соңында Кенжебек Мамашбайұлы мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов дүние есігін ашқан нәрестелердің ата-аналарын құттықтап, оларға сәбилердің атынан ағаш отырғызғанын растайтын төлқұжаттарды табыс етті.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР