Көшеттің күтімі болмаса – көктемейді

0 4

Биыл бірінші тоқсанда өңір экономикасының нақты секторларында біршама өсім байқалғанымен, экономиканың негізгі драйвері саналатын құрылыс, сауда және көлік, тұрғын үй секілді кейбір салаларда көрсеткіштің орындалуы республикалық деңгеймен салыстырғанда төмендепті. Бұған кейбір аудандардың жекелеген салалар бойынша көрсетілген межеге қол жеткізе алмауы себеп болған.
Мәселен Сарысу, Шу секілді тағы да басқа бірқатар ауданда инвестиция, тұрғын үй құрылысы, салықтық түсім, бөлшек сауда бойынша тиісті көрсеткіштер орындалмаған. Осының салдарынан облыстың жалпы экономикалық өсімі 96,9 пайызды ғана құраған. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралған жиында айтылды.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 107,3 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығында 31,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 103,8 пайызға жеткен. 53,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның көлемі 32,9 пайызға ұлғайған.
Құрылыс көлемі 17,4 миллиард теңгені құрап, 6,9 пайызға өссе, 112,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 104,1 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Гүлдана Әлімжанқызы аудандар бөлінісінде Сарысу мен Шу аудандарынан басқа барлық өңірлерде негізгі экономикалық көрсеткіштер орындалады деп күтіліп отырғанын жеткізді.
– Өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың бірінші жартысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көрсеткіштердің орындалуы жаман емес. Бірақ кейбір салалар бойынша меженің орындалуы республикалық көрсеткіштен төмен болуы жақсы емес. Былтыр жағдайдың қиындығына қарамастан жыл соңында экономикалық өсім 99,3 пайызды құраған еді. Ал биыл іс кері кетіп отыр.

Біздің міндетіміз – халықтың тұрмысын жақсарту, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасын орындау, сенім үдесінен шығу. Бірақ облыста әлеуметтік маңызы бар кейбір тауар түрлерінің бағасы да соңғы уақытта шарықтап кетті. Бағасы өскен тауарлар – негізінен картоп, қант, өсімдік майы мен қарақұмық. Ең басты мәселе халық жиі тұтынатын азық-түліктің бағасын қалыпты деңгейде ұстауымыз керек. Біз соған қарай жұмыс істеуіміз қажет. Кеткен кемшіліктің барлығы бақылаудың, талдаудың, қадағалаудың жетіспеушілігінен болып отыр, – деген Бердібек Машбекұлы кемшілік жіберген аудан әкімдерімен онлайн байланысқа шығып, жауап алды. Олқылықтың орнын толтыру жөнінде нақты тапсырма берді.
Бұдан кейін «Көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалау» жұмыстарының жайы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасап, жыл басынан бері өңірде 111 056 дана тал егіліп, 7 483 шаршы метр гүлзар, 4 818 шаршы метр көгал орналастырылғанын, 748,5 шақырым арық жүйесі мен каналдар тазаланғанын жеткізді.
– Сарысу ауданында жоспарланған ағаш санының небәрі
14 пайызы ғана отырғызылған. Арық және каналдар тазалау бойынша Тараз қаласы және Сарысу ауданында жоспарланған жұмыс көлемі төмен деңгейде орындалды. Сәуір айының 6-8 аралығында басқарма тарапынан Тараз қаласы мен аудандардағы елді мекендердің тазалық мәселесіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерде тазалық айлары өткізілсе де кездейсоқ қоқыс қалдықтардың шашылып жату фактілері орын алғаны анықталды. Бұл санитарлық тазалық жұмыстарының дұрыс деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді, – деген Қ.Қорғанбаев Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарында шашылып жатқан, тіпті тау-тау болып үйілген қоқыстар мен малдың өлексесіне дейін суретін көрсете отырып, кемшіліктерді жіпке тізіп берді.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша облыстың барлық елді мекендерінде 2021-2025 жылдар аралығында 814,6 гектар жерге 970 мың түп ағаш отырғызу өңірлік жоспары бекітілгенін сөз етті. Оның айтуынша, биыл 151,2 гектарға 179 мың тал-дарақ отырғызу тиіс болса, бүгінде 88 470 түп тал көшеті егіліпті.
Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы тазалық сақтамаған, абаттандыруға мандытып қаржы бөлмеген аудан әкімдерінің жауабын тыңдады. Аудан әкімдерінің дені тал егу бойынша межені күзгі науқанда орындайтындарын айтып ақталды.
– Көктем қалай шықты, солай сенбіліктер ұйымдастырумен келеміз. Соның арқасында табиғат қамқорлығымызға алынып, арық-атыздар күл-қоқыстан арылып, бірталай тал көшеттері егілді. Ағаш егу жақсы үрдіс, алайда сол еккен ағаш көктемейтін болса, келер жылға дейін оның жартысынан астамы қурап кете, суару, баптау бойынша күтім жасалмаса, онда жылда қаржы шығындап тал егудің не қажеті бар. Сондықтан отырғызылған көшеттердің өніп-өсуін қадағада ұстауымыз керек. Ағаш егу, айналаны көгалдандыру мәселесіне келсек, Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында жағдай мәз емес. Біз Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары секілді жасыл белдеу құрумен айналысуымыз керек. Ағаштан басқа көгалдандыру, гүлдендіру мәселесіне де баса мән бергеніміз жөн.
Жалпы тазалық айлығына, абаттандыру жұмысына тек қана мемлекеттік мекемелер атсалысып қана қоймай, оған жекелеген тұрғындардың қатысуын, әсіресе жастардың, Қоғамдық ұйымдардың, еріктілердің сенбілікке белсене араласуын қолға алуымыз қажет, –
дей келе, облыс әкімі ағаш отырғызуда орман шаруашылығы аудандарды тал көшеттерімен қамтамасыз етуі қажеттігін баса айтты. Сенбіліктен кейін жиналған қоқыстың дер кезінде арнайы орынға жеткізілмей, тіпті апталап жатып қалатынын сынға алды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойын «Қазавтожол» мекемесі таза ұстауы керектігін еске салып, аталған мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді. Көктемгі дала егісіне де көңіл бөліп, өңірде егіс көлемін ұлғайту, әсіресе облыста ең тапшы деген ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді қолға алу керектігін баса айтты.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.