Көшеттің көптігі емес, көктегені керек

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елдегі биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспар бекіту қажеттігін айтып, Үкіметке бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу ісін қолға алуды міндеттеген болатын. Ал меженің өңірімізде орындалу барысы қандай? Жыл сайын облыс аумағында отырғызылатын көшеттердің қаншасы көктеп, қаншасы қурап қалады?

Осы және өзге де маңызды мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен орман қорында және елді мекендер айналасына ағаш отырғызу, сондай-ақ дала өртінің алдын алу бойынша қауіпсіздік шараларының сақталуы қаралған кеңесте сөз болды. Аймақ басшысы аталған жиында өңірде жылда тал-дарақ егілгенімен, оған күтім жасалмағандықтан қурап кететініне қынжылды.

– Облысымыздағы орман қоры жерлері өңірдің жалпы жер аумағының 30,8 пайызын, орманды жерлер 15,47 пайызын алып жатыр. Мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар болса, оның ішінде орман ағаштары көмкерген алқап 2,3 миллион гектар. Межеленген жоспар бойынша өңіріміздің орман қоры аумағына 140 миллион түп ағаш отырғызылуы тиіс. Бір айта кетер мәселе, біз жыл сайын күзде, көктемде жұрт болып жұмылып, ағаш көшеттерін отырғызамыз. Алайда олардың қаншасы көктеп, қаншасы қурап қалатынын ешкім білмейді. Көшеттердің көктемеуі күтімнің болмауынан және суландыру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауынан, – деді Бердібек Машбекұлы

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, орманды молайту және қалпына келтіру бойынша жоспарға сәйкес 3 100 гектарға 5,7 миллион, 200 гектарға орман екпелерін толықтыруға 366 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланыпты. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қорындағы 4 000 гектарға 20 мың келі сексеуіл ағашының тұқымын себу жұмыстары күз айына жоспарланыпты.

– Ескере кететін тағы бір жайт, өңірлік жоспардың орындалуы Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарының артығымен ағаш көшеттерін отырғызуымен асыра орындалып отыр. Ал Т.Рысқұлов ауданы 10 гектар жерге 20 мың ағаш отырғызуды көздегенімен, жоспар орындалған жоқ. Сол секілді Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандары да жоспарды көктемде орындай алмады. Аталған аудандар қалған ағаш көшеттерін күзде отырғызу арқылы межені толық орындамақ , – деді Аслан Ұланұлы.

Сондай-ақ ол Тараз қаласындағы Төле би көшесінің соңындағы, Шымкент – Алматы бағытындағы тасжол бойына отырғызылған ағаштарды суару үшін арық тартылмағанын, «Бәйтерек» ықшамауданында «Таза табиғат» акциясы аясында отырғызылған ағаштардың жартысы қурап қалғанын сөз етті.

Өз кезегінде аймақ басшысы межені орындауды күз айына қалдырған аудан басшыларынан жауап алды. Егілген көшеттерді күтімге алу, орман қорындағы егіске, шабындыққа, мал жайылымына жарайтын жерлерді пайдалану қажеттігін атап өтті. Селден, су тасқынынан, өрттен келетін қауіпке әр кез дайын отыру керектігін баса ескертті. Жиын барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев дала өртінің алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарды бүге-шігесіне дейін баяндады. Бұдан кейін мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің директоры Абай Кенжебек мекеме жұмысы жөнінде есеп берді. Ол өз сөзінде заңсыз аң аулаушыларды құрықтау барысында олардың арасында қорықшылардың да болуы алаңдататынын мәселе етіп көтерді. Мәселен бір ауданда инспектор браконьерлерге жол бастаушы болып жүріп ұсталса, тағы бір ауданның қорықшысы баласы екеуі «Қызыл кітапқа» енген жануарларды аулап жүріп қолға түсіпті. Кей жағдайда полиция қызметкері секілді лауазым иелері заңға бағынғысы келмей, аталған мекеме инспекторларына доқ көрсеткен кездері де болғанын жасырмады.

 

Жиын соңында Бердібек Машбекұлы А.Кенжебекке өз қызметкерлерінің таза болуын баса ескертіп, заңға бағынғысы келмеген дөкейлер кезіксе, кез келген уақытта жағдайды өзіне баяндауын тапсырды. Сондай-ақ ағаш егу, оны күтіп-баптау, дала өртін болдырмау және оны дер кезінде ауыздықтау, сел жүріп өтетін жылғалар мен арналардың таза болуы секілді мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.