"Заң және біз" Жамбыл адалдық алаңы

Көші-қон қызметі оңтайлы бола түспек

Written by Aray2005

Облыста бұрын шетелге шығатын азаматтар немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келгендер мен еңбек мигранттарының құжаттарын рәсімдеуге 2-3 күн уақыт кетсе, енді бұл тірлікті бас-аяғы екі сағаттың ішінде бітіруге мүмкіндік туды.

Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселесін күшейтумен қатар, миграциялық жүйені бақылау және еңбек мигранттарының қауіпсіздігін қорғау сияқты мәселелердің өзектілігі артып отырған бүгінгі күнде осындай заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізуге Тараз қаласында ашылған көші-қон орталығы қызметі арқау болып отыр. Оның ел игілігіне ұсынылуына «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жүзеге асырылуы түрткі болғанын айта кетуіміз керек. Мұндай орталық еліміздің 13 облысында бар екен. Біздегі орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, жұмысына сәттілік тіледі.
– 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарына келуші қонақтардың, тіпті алыс-жақын шетелден ағылған азаматтардың қатары жыл өткен сайын еселене түсуде. Сондықтан көші-қон қызметінің жұмысын жеңілдету уақыт талабы болып отыр. Бұдан бөлек азаматтардың көші-қон қызметтері мен еңбек мигранттарына қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» қағидасы бойынша тұтыну Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айрықша атап көрсетілген. Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміздің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында басты назарға алынған полиция жұмысын сервистік қызмет түріне көшіру дегеніміз осы. Өйткені мұндай орталық халыққа және шетел азаматтарына заманауи стандарт негізінде қызмет көрсетуде өте қолайлы. Елбасымыздың сарабдал саясатынан бастау алатын «алыста жүрген қандастарымызды елімізге шақыру туралы» батыл әрі тарихи шешімнің көздегені де сол. Бұл саясаттың астарында қазақстандықтардың санын шетелде жүрген қандастарымызды елге шақыру арқылы еселеу жатқаны анық. Соның арқасында көші-қон мәселесі мемлекетіміздің стратегиясының басым бағыттарының біріне айналды. Осындай игі істің арқасында еліміздің әр өңірінде көші-қон қызметін ұсынатын ғимараттар бой көтеріп, нәтижесінде қазақстандықтардың қатарына ширек ғасыр ішінде 1 милионға жуық қазақ келіп қосылды. Көші-қон орталығы қызметкерлерінің бұдан әрі де осындай жауаптылығы жоғары қызметті атқаруда белсенділік танытатынына және өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімім мол, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Тулебаев мінберге көтеріліп, еліміздегі көші-қон саясатына қатысты өз ойларын ортаға салды.
Орталықтың қызметі осында жұмыс істейтін 14 қызметкер арқылы ұсынылады. Атап айтқанда, шетел азаматтарын уақытша тіркеу, шетелге тұрақты кетуге құжаттарды рәсімдеу, ескі үлгідегі құжатпен жүрген немесе оны жоғалтқан азаматтардың ҚР жеке куәлігін айырбастауы, шетелдік және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру секілді бірқатар қызмет түрлерінен бөлек, мұнда медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтуге де мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ орталықта құжаттарды жедел рәсімдеу ісінен бөлек, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауға да басымдық берілмек.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР