Жастар.kz

Көшпелі кеңес беру алаңы

Written by Aray2005

«Ауыл-Береке» базарындағы жастарды тұрғын үй мәселесі толғандырады

Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарында облыстық жастар ресурстық орталығы мен облыстық «Jas Otan» жастар қанатының бірлесіп ұйымдастыруы­мен жастарға көшпелі ақпараттық және кеңес беру алаңы жұмыс істеп, онда базарда сауда жасайтын жастарға түрлі сала бойынша кеңес берілді. Атап айтқанда, облыс әкімдігі білім, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының және де әділет, мемлекеттік кірістер департаментері, АХАТ өкілдері мен заңгерлер, жеке сот орындаушылары, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мамандары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері кеңес сұрап келген барлық азаматқа тиісті қызметін көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – базардағы түрлі санаттағы жастарды барынша қамтып, оларға қатысты мәселелерді жергілікті жерде кеңірек түсіндіріп, нақты нәтижеге бағытталған мәселелерін шешуді ұйымдастыру, облыс жастарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын түсіндіру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын жеткізу.
Кеңес беру алаңындағы жұмыс барысымен Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсебаев арнайы танысып шықты.
– Жалпы, осындай жастарға көшпелі кеңес беру алаңдарының маңыздылығы оның жан-жақтылығында. Біріншіден, базардағы жастардың көп жағдайда өздерінің игілігі үшін қандай жобалар жүзеге асып жатқанын, қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін танып-білуге, келіп көруге уақыты бола бермейді. Сол себепті осындай мобильді орталықтардан бір жас болса да өзіне керегін алып кетсе – кәдеге жарағаны. «Jas Otan» жастар қанаты бүгінде еліміздің барлық облыстарында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үлкен базарлардың ішінен осындай кеңес беру орталықтарын ашқан. Ондағы басты мақсат – жастарға елдегі іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат беріп, жалпы олардың уақытын тиімді пайдалану бойынша жұмыс күнін дұрыс ұйымдастырумен айналысады, – дейді Е.Бейсебаев.
Кеңес беру алаңына шамамен 200-ге жуық азамат келіп, өзіне қажетті консультацияларын алды. Әсіресе баспана мәселесі бойынша банк өкілдеріне жолығып жатқандардың қатары көбірек болды. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Рәтбек Амангелдіұлы.
– Біздің базарда осындай жақсы жобаның қолға алынғанына қуаныштымын. Өйткені, мен осында жұмыс жасағандықтан шын мәнінде апта бойы уақытымыз бола бермейді. Тек дүйсенбі күні ғана қолымыз босайды. Бірақ ол күні мекемелердің бәрінде кезек күтіп отырып қаласың. Кейбір шаруаларың бітпей қалып жатады. Ал бүгін біраз сұрағыма жауап алдым. Әсіресе тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттарға қанықтым. Мен жақында ғана отбасы құрып, шаңырақ көтердім. Дәл қазір мені баспана жайы қатты толғандырып жүр. Мен сияқты қаншама жас отбасы қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай, уақытын босқа өткізіп жүр. Сондықтан осындай іс-шаралар көбірек қолға алынып тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Р.Амангелдіұлы.
Сағат таңғы 10.00-ден кешкі 16.00-ге жалғасқан істеген көшпелі кеңес беру алаңында біраз адам өзіне қажеттісін ала алды деген ойдамыз. Өйткені кеңес берушілер алдына тек жастар ғана емес, үлкендер де келіп жатты. Ұйымдастырушыларға енді осындай жобаны аудандарда қолға алып, ауыл жастарының да үніне бір сәт құлақ асса деген өтініш бар.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР