Жамбыл жаңалықтары

Көшпелі қоғамдық қабылдауда көп мәселе шешіледі

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырғаны белгілі. Әрине билік пен бұқара арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі саяси жағдайға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Осыған орай Әулиеата әкімдері халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін, өтініш-шағымдарын тыңдап, тиісті шешім қабылдау мақсатында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізуді бастады.

Осы аптада алғашқылардың бірі болып Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев «Шалғай Қарасу» алқабында қоғамдық қабылдау өткізіп, бұқараның билікке айтар базынасына құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары да қатысып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Алқап тұрғындары қоғамдық қабылдауда көшелердің жарықтандырылуы, жол белгілерін орнату және әлеуметтік көмектерді тағайындау секілді мәселелерді көтерді. Шаһар басшысы келушілердің барлық өтінішін мұқият тыңдап, биыл «Шалғай Қарасу» алқабына ауызсу құбыры жүргізілетіндігін және мектеп құрылысы жанданып жатқандығын айтып қуантты.
Бұл жетіде Айтқазы Қарабалаев «Қант зауыты» алқабының тұрғындарымен де кездесті. Мұнда да көпшілік жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, тұрғын үй салу сынды мәселелерді көтеріп, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды.
Қоғамдық қабылдаулар сондай-ақ «Ауыл-Береке» базарында да жалғасын тапты.
Өз кезегінде Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов те Қызыл жұлдыз ауылында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудан прокуроры, полиция бөлімінің бастығы және аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысты. Барлығы 44 адам қабылданып, 35 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық қабылдауда көтерілген 9 мәселе бақылауға алынды. Аудан әкімінің қоғамдық қабылдауына алғашқылардың бірі болып келген Қызыл жұлдыз ауылдық амбулаторияның бас дәрігері Мадина Сегізбаева емхана ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді өтінді. Алайда Нұржан Молдиярұлы Қызыл жұлдыз ауылдық округінің амбулаториясын жөндеу жұмыстарының ағымдағы жылдың жоспарында жоқтығын айтып, алдағы уақытта бюджеттен қаражат қарастыру жағы қаралатындығын жеткізді. Сондай-ақ ІІІ топтағы мүгедек Лепесбай Қондыбаев төтенше жағдай кезінде берілген әлеуметтік көмек төлемақысын толық алмағандығын және бір баласының кезекте тұрса да жер телімін ала алмай жүргендігі мен жұмыссыз екендігін айтты. Аудан әкімі әлеуметтік көмектің берілмеу себебін анықтауды тиісті мамандарға тапсырды. Ал жер теліміне қатысты берген жауабында Нұржан Нұржігітов Қызыл жұлдыз ауылдық округінде тұрғын үйге арналған жердің тапшылығын айтып, кезекке сәйкес басқа ауылдық округтерден ұсынылатынын жеткізді.
Бұл аптада Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев та халықпен кездесті. Көшпелі қоғамдық қабылдау Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылынан бастау алды. Аудандағы құқық қорғау органдарының басшылары мен бөлім жетекшілерінен құрылған топ мүшелері ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарын тыңдап, оның шешу жолдарын қарастырды.
Жалпы мұндай қабылдаулар апта соңына дейін Айша бибі, Қарой, Полатқосшы, Гродеково ауылдық округтерінде де өтпек.
Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов та Ақкөл және Бостандық ауылдарында қоғамдық қабылдау өткізді. Ақкөлде 19 адам көкейінде жүрген мәселесін көтеріп келсе, Бостандықта 16 азамат өтініш-тілегін айтқан. Барлық мәселелер аудан әкімінің жіті бақылауына алынды.
Т.Рысқұлов ауданының әкімдігі халықтың айтарына құлақ салудан шет қалмаған. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған топ Абай ауылдық округіндегі қоғамдық қабылдауда 7 азаматтың өтінішін тыңдап, 3 өтініш иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 4 мәселені бақылауға алған.
Ал Құлан ауылында барлығы 12 адам көшпелі қабылдауға келіп, аудан әкімдігіне өз мәселелерін жеткізген. Билік пен бұқара арасындағы «алтын көпірге» айналған мұндай кездесулер алдағы уақытта Луговой, Қарақыстақ, Көкдөнен ауылдық округтерінде де өтеді деп күтілуде.
Көшпелі қоғамдық қабылдаулар Жуалы, Меркі, Қордай, Шу және Мойынқұм, Сарысу аудандарында да кестеге сай ұйымдастырылып, аудан әкімдері ауылдағы ағайынның өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР