Қостөбеліктер мал азығын үйінде дайындайды

0 0

Жан мен малдың хал-ахуалын қатар сұрайтын қазақтың атакәсіпке деген көңілі алабөтен. Жыл он екі ай бала-шағаның ырзығы мен несібесін алдындағы бес-он тұяқтан айырып жүрген шаруалардың бұл күйі баршаға белгілі.
Әйтсе де, соңғы жылдары төрт түліктің санын арттырсам дегендердің көбін жайылым тапшылығы алаңдататып жүр. Ауылдың әкімінен бастап жауапты ведомство жетекшілеріне дейінгілердің жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жүрген түйткілдің түйінін тарқатуда ғалымдар ұсынған тәсіл шынында жаңашылдық деуге болады. «Гидропоника» деп аталатын мал азығын дайындаудағы озық әдістің қызығын байзақтық шаруалар алғашқылардың бірі болып көре бастады.

Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округінде гидропоника әдісімен мал азығын дайындайтын өндірістің жұмысын бастағанына көп бола қойған жоқ. Нақты ғылыми тұжырымға негізделген бұл шағын цехта 6 тәулік ішінде 3,5 тонна мал азығы әзірленеді. Жыл он екі ай төрт түлікті құнарлы, балауса жемшөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген жобаны қолға алуда шаруаларға Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары көмектескен.
Жүк тасымалдауға арналған екі контейнердің қосындысынан құралған цехта қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Өндіріс орнын жабдықтауға бас-аяғы 5 миллион 700 мың теңге қаржы жұмсалыпты. Цех технологы Рустам Мурадовтың айтуынша, гидропоника әдісімен өнім алу қарапайым ғана алгоритмдерден тұрады екен.
– Цехты жағалай орналасқан 7 қатарлық сөрелердегі астаушалардың әрқайсысына 5 келі арпа тұқымы төселеді. Тұқым осы тұрысында қажетті күтім жасалса, 6 күннің ішінде малға азық ретінде беруге дайын болады. Оның бетін топырақпен көмудің де қажеті жоқ. Бастысы цехтың ішінде 15-20 градустық температура сақталса болғаны. Одан кейін біздің бақылауымызбен астаушалардағы өскіндер күніне 4 рет суарылады. 6 тәуліктен кейін тұқымнан өсіп шыққан арпа сабағының ұзындығы 10 сантиметрге жетеді.
Жалпы гидропоника әдісімен дайындалған азықтың бұл түрі мал бордақылаушылар үшін өте қолайлы. Құрамында арпаның дәні, жап-жасыл сабағы бар бұл өнім жемнің де шөптің де орнын алмастыра алады. Әрі таза табиғи өнім. Сауылатын сиырларға күніне 10 келі осындай азықты беріп отыру олардың сүтін әжептеуір көбейтеді,– дейді технолог.
Жем-шөп дайындаудағы жаңа технологиямен жұмыс жасайтын цехтың өнімінен 60-70 сиырды жайылымға шығармай-ақ бағуға болатын көрінеді. Сондықтан да бұл өндірістің мал шаруашылығын дамытудағы рөлін Қостөбе ауылдық округінің әкімі Дәурен Тәжібеков те жоққа шығармайды.
– Елді мекен маңындағы жерлердің барлығы дерлік егіс алқабы ретінде пайдаланылатындықтан ауылда жайылым тапшылығы бар. Ал мал азығын гидропоника әдісімен дайындап, оларды өріске шығармай күтіп-баптау бұл мәселенің түбегейлі шешімін табар еді. Қазір бұл өндіріс ошағының өнімі ауылда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына» пилоттық жобасы аясында құрылған кооперативтің мүшелеріне төмендетілген бағада сатылуда. Пилоттық жоба арқылы 244 отбасы мал шаруашылығымен айналысуға ниет танытты. Демек жемшөпке сұраныс жоғары, – дейді Д.Тәжібеков.
Байзақтық шаруалардың көңілінен шыққан малды азықпен қамтудағы озық әдістің болашақта аудандағы өзге ауылдарда жолға қойылуы бек мүмкін. Өз кезегінде бұл үрдіс жаңа технологияны меңгерген кәсіби мамандарға деген сұранысты туындатуы заңдылық. Еңбек нарығының ертеңгі сұранысын ескерген аудан орталығында №3 Байзақ колледжі жаңа оқу жылынан бастап гидропоника өндірісіне қажетті мамандарды даярлауға бел шеше кіріспек.
– Бұл мамандық бойынша биыл 25 талапкерді оқуға қабылдаймыз. Оларға теориялық дәрістерді әріптесім Нұрдәулет Омаров екеуміз жүргіземіз. Біз жақында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде арнайы курсқа қатысып, гидропоника өндірісіне қажетті маман даярлаудың қыр-сырымен танысып келдік. Үшжақты келісімге сай бұл мамандыққа қабылданған студенттер Қостөбедегі гидропоника өндірісінде практикадан өтеді. Ал оқуды тәмамдаған соң олар «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» біліктілігін алып, мал азығын дайындаудағы озық технологияны қолданысқа енгізумен шұғылданатын болады, – дейді №3 Байзақ колледжінің «Фермер шаруашылығы» мамандығының арнайы пәндер оқытушысы Ләззат Қибатова.
Аудан әкімі Нұржан Нұржігітов те аймақ тұрғындары алдындағы қорытынды есебінде гидропоника өндірісін үй іргесіне қоюға жағдай жасалатынын айтып, №3 Байзақ колледжінде 20 адамды 3 ай кәсіптік оқыту жоспарланғанын жеткізген.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.