Көтерме-тарату орталығы көп мәселені шешеді

0 0

Таразда таяу арада жаңа сауда үйі мен 2 көтерме-тарату орталығы ашылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысандардағы жұмыстармен танысты. Кәсіп иелерін алаңдатқан проблемаларды тыңдап, жауаптыларға тапсырма берді.
Төле би көшесінде орналасқан «Grand Passage» сауда үйі ашылған соң, жаңа жұмыс орындары пайда болып, жергілікті бюджетке мол қаражат түседі. Мұнда азық-түліктің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің көтерме саудасына ең үлкен аумақ берілетіндіктен, баға тұрақтылығын сақтауға арналған логистикалық орталық қызметін де атқарады.
– Бұл жердегі көтерме сауда Тараз ғана емес, бүкіл облыс халқын қол жетімді бағадағы сапалы, сондай-ақ сертификатталған тауармен тұрақты әрі жыл бойы қамтамасыз етеді. Сауда үйінің жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге жуықтайды. 30 мыңында сауда-саттық және сауда-саттыққа жатпайтын тауарлар босатылады. Нысанда бутиктер, көкөніс, жеміс-жидек орындары және кіреберіс тұста кафелер мен тез дайындалатын тағам қызметі орналасады. Барлық сауда нүктелері әкімшілік-тұрмыстық, қойма бөлмелерімен жабдықталған және мың автокөлікке арналған тұрақ жұмыс істейді. Орталықта кәсіпкер, қызмет көрсетуші персонал мен әкімшілік мамандарын қосқанда жалпы саны мың адам еңбек ететін болады. Кешен бір мезгілде 2 мың келушіні қабылдап, тиісті қызметтер көрсетеді, — деді сауда үйінің басқарушысы Айбек Нұрәлиев.
Аймақ басшысы ғимарат ішіндегі санитарлық жағдай, қауіпсіздік және сауданы ұйымдастыру шараларына баса мән берді. Көкөніс және ет сатылатын бөлімдерде санитарлық тораптардың бар екендігіне көз жеткізілді. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары орнатылып, тәулік бойы кезекшілік ететін күзет қызметі құрылған.
– Әуел бастан тәртіпті қамтамасыз ету керек. Сіздерде автокөлік қоятын үлкен орын бар. Мұнда жабайы саудаға мүлдем жол берілмеуі керек. Коммерциялық қызмет тек қана бутиктер мен сауда павильондарында жүзеге асырылуы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.
Көтерме-тарату орталықтары өнімді өндірушілерден сатып алып, еш бұзбастан ұзақ уақыт сақтауға міндетті. Орталықтың алғашқысы Таразда, ал екіншісі Байзақ ауданында орналасады.
Көтерме-тарату орталығы базарлар, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес орындары үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалдық әрекеттерді жойып, жергілікті тауарөндірушілер өнімдерінің кепілді сатылымын қамтамасыз ету арқылы тауарлардың құнын төмендетуге болады.
Қазірдің өзінде «Тараз» көтерме-тарату орталығы қоймаларының бірі толықтай жабдықталған. Мұндай қоймаға бес мың тоннаға дейін өнімді сыйғызуға болады. Онда тауарлар озық техникалар мен салқындату технологиясының арқасында өз сапасын әлдеқайда ұзақ сақтай алады.
– Қазір орталықтың басты мәселесі карантинмен байланысты болып отыр. Жабдық Ресейден сатып алынған. Сол себепті карантиннің аяқталғанын күтеміз, сосын жабдықты орнататын мамандар келеді. Олар маусымның ортасына таман келіп қалады, содан кейін барып қана қойма толығымен жұмыс істейтін болады. Ал кәсіпкерлер осындай тағы 9 қойманы салуды жоспарлап отыр. Осылайша ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері ұзақ мерзімге сақталмақ, – дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Каржауов.
Барлық он қойманың құрылысын аяқтап, іске қосу үшін кәсіпкерлерге 10 миллиард теңге қажет. Жобаға ендігі 500 миллион теңге қаржы құйылды, ал қалған қаражат субсидиялау мүмкіндіктерін пайдалана отырып алынады деп күтілуде. Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдағаннан кейін Олжас Қаржауовқа «Қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларын несиелеу механизмі аясында осы мәселені пысықтауды тапсырды.
Байзақ ауданындағы кәсіпкерлер 135 миллион теңге жұмсаған «Jambyl Logistics БСО» сақтау қоймалары толығымен дайын. Басқарушылардың айтуынша, тек бір проблемалық мәселе өзекті болып тұр, яғни электр қуатының шамасы тым аз. Алайда бұл проблема алдағы екі аптада шешімін таппақ. «Jambyl Logistics БСО» барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, мұнда теміржол желілері жүргізілген. Бердібек Сапарбаев атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қалған қаражатты алуға көмектесуге уәде берді. Небәрі бір миллиард теңге ғана қажет екен.
– Қазір жабдықтардың сапасы мен аймақты өніммен толық қамтамасыз ету үшін қоймаларды дайындау басты мәселе болып отыр. Қажетті температура мен желдету жүйесі жамбылдық фермерлердің қорын ұзақ уақытқа «консервілеуге» мүмкіндік береді. Ақпан айында картоп бағасының аспандап кеткені естеріңізде болар. Сондықтан осындай жағдайдың алдын алу үшін өнімді сапалы сақтауды ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру мәселесіне ірі кәсіпкерлерді тарту қажеттігін тілге тиек етті. Тек қана әр кезеңдегі тиімді жұмыс – алқаптағы өнімдерді өндіруден бастап, сөрелердегі сатылымға дейінгі тынымсыз тірліктің арқасында тұтынушыларды сапалы тауарлармен қамтамасыз етуге және аймақтың экономикасын дамытуға мүмкіндік туады.
Аймақ басшысына Байзақ ауданында шағын құм блоктарын шығаратын цехтың жұмысы таныстырылды. Мұнда бар болғаны бес-ақ адам еңбек етеді. Цехтың айына 16 мың блок шығаратын мүмкіндігі бар екен. Кәсіпкер өзі өндірген құрылыс материалымен-ақ қойма жайларын салып алған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.