Қоғам

Қойкезек

Written by Aray2005

Біз жақта бас жағы Маятастан қыраттана басталып, ежелгі адамдардың тұрағы саналып кеткен Тәңірқазған мен Бөріқазғанның арасын жалғап жатқан қып-қызыл, биік кемер бар. Бұрынғы Ильич атындағы кеңшарға тиесілі қора-жайымыз осы Тәңірқазған мен Бөріқазғанның арасындағы Ортабұлақта орналасқан. Менің балалық шағым негізінен осы Ортабұлақта өтті.

Үшінші сынып оқып жүргенімде ата-анам малға шығып, 8-сыныпты бітіргенімде кеңшардың мүлкін қайта өзіне қайырып берді. Негізінен, кемер үй жақтан көзге анық көрінгенімен, жаяу адам үшін 1-2 сағаттық жер. Біз үшін тау секілді болғанымен, Қазақстандағы ең биік төбенің бірі есебінде екенін кейін білдік қой. Алғаш ағаларыммен бірге ол жаққа мал бағып барғанда биік жартастар құзар шыңдай көрінетін. Оған қашалған таңбалар мен жазуларды қызықтайтынбыз. Кемердің үстіне шықсаң, теп-тегіс мидай жазық дала. Малдың кемерге қай жерден шығып, қай жерден түсуіне болатын асуына дейін бес саусақтай белгілі.
Бір жолы жалғыз өзім қой бағып шығуыма тура келіп, сол асуға жақындауға жүрегім дауаламай-ақ қойған-ды. Бұл менің 5-6-сынып оқитын кезім. Бұған дейін үйдің маңында майда сақпан, жаздай лақ бағу секілді жұмыстарды атқарып жүрдік. Енді мойныма үлкен жауапкершілік артып, «артымнан ағам келмей қалмаса екен» деп іштей тілеп келемін. Себебі жаздай қораның сыртына түнейтін бір отар қой таң қылаң бере өріп бара жатқанда, үйдегілер «ағаң артыңнан барғанша малға бас ие бола тұр» деп атқа жайдақ мінгізіп жіберген еді. Енді, міне, жалпы жұрт момын санайтын Шопан ата төлі бой бермей, жықпыл тастардың арасымен таудың төбесіне шығуға ұмтылуда. Бірін қуып түссең, бірі өрге ұмсынған оларды кемердің орта тұсына жеткенде айқайлап, тас атып, қиқу салып, үстімдегі күпәйкені желпілдетіп, шиыра лақтырып жүріп, әзер дегенде етекке қуып түстім-ау. Бағана астымдағы жорға тай (неге екенін қайдам, ол дөнен шықпа болса да тай атап кеткенбіз) әр бұтаға осқырына бір қарап, демі екі бүйірін жиі-жиі соққылап, жан-жағына елеңдеп көз тастап келе жатқан соң, оқыстан үстінен ауып түсіп, екі ортада аттан ажырап қалармын деген қауіппен етекке тұсап кеткенмін. Қойды иірген күйі алдыма салып, әудем жерге дейін дүркірете қуып тастадым. Атыма бара жатып, артыма бұрылғанда зығырданым қайнамасы бар ма?! Өйткені мен кері шегіне бере, кейін бұрылып қанатын кеңге жайған отардың алдында онсыз да ағам екеуімізге жаға бермейтін көк серке қашанғы әдетімен «мұндай шөп-шаламға басымды имеймін» дегендей кейіппен мүйізін қайқайтқан күйі тұп-тура асуға қарай жеке-дара топ бастап бара жатты. Үстімдегі зілмендей күпәйкені қолтықтап, далақтап атқа қарай ентіге жүгіргенде, алаңсыз жайылып тұрған жорға тай басын жұлқа бір көтерді де, «е-е, сен екенсің ғой» дегендей тұмсығын қайта отқа тықты. Елпілдеп-желпілдеп жанына жетіп барғанымда, оқыстан жалт бұрылып, тұсауымен аспанға бір қарғыды да сонадай жерге бір-екі орғып-орғып барып, «мұның не?!» дегендей едірейе тұра қалды. Бұл қылқұйрықтының бір жақсы жері, үстіне мініп «шу» десең болды, бет алған жағыңа жорғалата тартып отыратын. Үстінде отырып тебініп қалсаң, төрт тағандап тұра қалып, басын төмен тұқыртқан күйі гүтірлетіп шөп жей бастайтын қасқа аттай емес. Содан кейін ғой осыны өзіме меншіктеп алып жүргенім. Негізінен оны «менікі» деп иемденіп алғаным болмаса, ағам «осының жүрісі жайлы» деп ылғи үстінен өзі түспейтін.
Айтқандай, атыма жақындап биік жерді таңдап жүріп, әупіріммен оған әзер мінгенімде кемерге қарай шұбырған малдың алды асудан асып үлгеріпті. Амал жоқ, соңында қалып кеткен бірді-екілі шабан қой мен жаман-жәутікті жинақтай алмай жылап жібергенім есімде. Ботадай боздап жүріп кемерге көтерілгенімде, о тоба, мал біткен «баланы босқа еңіретпейік» дегендей тым-тырыс жусай қалыпты. Артынша өзіммен тете өскен, екі жас үлкендігі бар марқұм Сырым ағам келіп, жанардағы жастан айғыз-айғыз болған бетіме бір қарап, рахаттана күліп алды да жылағанымды үйдегілерге айтпауға уәде берді. Осылайша үлкен отарды ағаммен серіктесіп, кейіннен жеке бағып үйренудің арқасында көшедегі қойкезек атты бір күндік жұмысқа дап-дайын «маман» болып оралдық.
Бала күнімізде қой бағып жүріп, мектептің ауласына жорға таймен дүрсілдетіп кіріп баруды армандайтын бала қиялымыз соқталдай жігіт болғанда да өзіммен бірге есейіп еді. Айдалада жүріп «ананы өйтсем, мынаны бүйтсем» деген ойыңа оқыстан ешкім кедергі келтірмейтін, қол сұқпайтын. Зеріккенің соншалық, қиялыңды хикая етіп қағазға түсіремін десең де уақыт молынан жететін. Өзіңмен ала шыққан газетті оқып тастап, оның редакциясы қайда орналасқанын, тіпті тілшілердің телефон нөміріне дейін жаттап алатынбыз. Сондай кезде кейде кешті батыра алмай қор болатынымыз бар. Бірақ өріске лажы болса кітап алып шықпау керек. Қызығына түсіп кетсең, қойыңды қасқыр тартып кетпесе де, ажырап қалып немесе келесі көшенің малына қосып алуың мүмкін. Ондай жағдайда үлкендердің «өй, осы бір күнгі қойкезекті жөндеп бақса болады ғой» деген сөзін есту ұят. Сол себепті өзге қойшымен әңгіме айтуға немесе ұйықтауға емес, мал бағуға шыққаныңды есте мықтап ұстайсың. Алдыңдағы тұяқ біткенді ауылға не ерте, не кеш емес дәл уақытында аман-есен кіргізсең және баққан малың ырсылдап, екі бүйірінен дем алып тұрса сенен артық адам жоқ.
Ол кезде үй-үйден бөтен қой іздеу де бір қызық үрдіс болатын. «Көке, бөтен бар ма?» деген сөзіңе «үйге бүгін пәленше қонақ боп келіп еді, одан басқа бөтен жоқ» деп қағытатын шалдардың да қалжыңы жарасымды еді. Артынша нақты қандай мал іздеп жүргеніңді сұрап, қора жаққа жол сілтеуі бөтен іздеп барған адамның өз малын танып, азанда шығара салуды тапсыруы ауылдықтардың бір-біріне деген сенімінің нық екенін аңғартатын. Бірінің малын бірі қорасына әдейі қақпайлап кіргізіп, қолды қылу деген атымен жоқ. Қазір мал іздеу де цифрландырылған. Естуімізше, ауылдықтар «WhatsApp» әлеуметтік желісінен ортақ чат ашып, бөтенді сол арқылы іздейтін болыпты. Осылайша бұрынғыдай бірінің үйіне бірі кіріп, хал-жағдай сұрасып, қауқылдасып отырып шәй ішу де қалып барады. Бау-бақшаға мал кіріп кетпеуі үшін ғана қойылатын бұрынғы ағаш шарбақты қазір биік тас қамал алмастырған. Бұл адамдар арасында бір-біріне деген бауырмалдық, жанашырлық сезімге, қарым-қатынасқа бөгет болу үшін орнатылғандай көрінеді кейде.
Кезінде көшенің қойкезегін бағу мойнымызға жүктелгенде Қызыләуіт ауылындағы «үшінші көше» аталып кеткен Елеусін көшесі малды екіге бөліп бағатын. Біздің үй көшенің бас жағы саналатын. Біреудің малы жоқ болса, біреу қолындағы 5-10 тұяғын қойшыға қосады. Соның өзінде қойкезек 22 күнде бір келетін. Кейіннен елдің малы көбейіп, 11 күнде, одан кейін 7 күнде бағатын болдық. Көшенің малына екі ешкі қосып, сүтін сауып отырғандарға «екі қойға таяқ, бір қойға пышақ» деген қағидаға сүйеніп, «не кезек бақ, не малыңды сойып ал» деп, ал малы көптерді екі кезек бағуға міндеттеу осы кезде белең алды. Ел еңсесі тіктеле бастаған уақытта кезекке 5-6 тұяқ қосып отырып, ақыға мал бақтыратын адамдар көбейді. Осындай жаңалықтар ауыл өмірінен көрініс таба бастағанда өзіміз алтын бесіктен жырақтап, ақыры қой кезектен құтылып тындық. Десе де сол күндерді әлі күнге сағынышпен еске аламыз. Өйткені қаланың қарбалас тірлігі кейде иен даланың иесі екеніңді сездіретін қойкезекті де аңсатып тұрады.
Әсілінде ешкім көктен түскен жоқ. Біз де ауылдың шаң-топырағына табанымызды тілдіріп, есейген соң қоғамның бір мүшесі екенімізді білдіріп, қала тіршілігіне негізінен ақша емес, арман қуып келіп топ ете қалдық қой. Сондықтан әсіресе қолына қалам ұстаған әріптестерімнің көбісінің балалық шағы ауылдық жерде өткенін заңдылық деп түсінемін. Өйткені көпшілігіміздің қалам-қағазға жақын болуымызға ауыл тіршілігі, ата-әженің әңгімесі, тағылымды тәрбиесі, құрдастардың қағытпа-қалжыңы арқау боп жатады. Сондай қалжыңға көктем мен қыстың текетіресіп тұрған кезінде қойкезектен шаршап келе жатып тап болғаным бар еді.
Қыстың қысқа мерзімі болған соң, көшенің малын жаяу жайып шыға салғанмын. Жылы киінгеніммен салқын күнде шөлдемейтін шығармын деп ойладым. Бірақ сол күні күн күрт жылынып сала берді. Ауылдан әжептәуір ұзап кеткенмін. Үстімдегі қалың киімім өзіме сор болды. Бұта-бұтаның түбіндегі көк қуған малды топтастырып, жан-жаққа жамырағандарының басын қоса алмай әурелендім. Аяғымдағы етігіме бес елі батбақ жабысып, жаяу жүргеннен бойымда әл қалмады. Түскі асқа да ештеңе алмаған едім, ораза ұстағаннан бетер қиналдым.
Бірақ ер-азаматтың кейіпінде ештеңе болмағандай кешке ауылға жайбарақат кіріп келе жаттым. Менің соншалықты шаршағаныммен титтей де шаруасы жоқ, тек малын түгендеуге шыққан ауылдастарым қарқ-қарқ күліп, әңгімені қыздырып тұр. Ол кісілердің ортасында Аманбек деген айтқыш жігіт те бар. Аманбекке жолықтым дегенше бір қалжыңға іліктім дей бер. Жиналған топқа барып сәлем бердім. Айтқыш Аманбек маған қарап тұрып: «Әй, Нұрым, шаршадың-ау деймін, ә», – деді батбақ-батбақ болған етігіме қарап. Біліп тұр жағдайдың мәнін. Амал жоқ, көк қуған мал, жібіген батбақты тілге тиек етіп, екі аяғым талып кеткенін жасырмауға тура келді. Қу тілді Аманбек: «Аяғым талды дейсің бе, сол үшін саған қолмен де жүріп үйрену керек еді» демесі бар ма. Айттым ғой, Аманбек қарап тұрмайды деп. Оның шымшыма қалжыңына қасындағылар мәз. Кешке дейін қиналып қой жайып келгенімде, қырсық атып алдымнан сөзі тиген жерін ойып түсіретін Аманбектің жолыға кеткенін қарашы. Мейлі, не болса да айтылар сөз айтылды. Күлетіндері күлді. Менің кешке дейін батпақ кешкен, көк қуған қойдың басын қосамын деп далақтап шаршаған түрім онсыз да күлкіге сұранып тұр еді. Бір күнде аяқталатын қойкезектің осындай ауыртпалығы да бар.
Жалпы, қойкезекке шыққанның бір жақсысы үйдегілер бар жылы-жұмсақты аузыңа тосатын. Әсіресе, балалары енді есейіп келе жатқан отбасылар той жасайтындай екі ұлын есекке қосақтап мінгестіріп, дорбасына әшейінде бұйыра бермейтін 5-6 жұмыртқа, ет асқан күні бір жілікті тұтас салып, тіпті торт пісіріп жібергенін талай көргенбіз. Бұл мал баққан балаға, қойшыға деген зор құрмет.
«Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Бүгінде төрт түлігін ақыға бақтыратындар көбейген. Дейтұрғанмен елдің бірлігін нығайтатын, жас жеткіншектерді шаруаның қыр-сырына баулып, табиғатпен сырласуға бастайтын қойкезектің жөні бөлек. Ауыл өмірі сонысымен құнды, сонысымен ыстық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Талас ауданы

ПІКІР