Жамбыл жаңалықтары

Қойманың қаңырап тұрғаны жарамайды

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы кәсіпорындар мен өндірістік кооперативтерді аралады. Негізінен өндірістік кооперативтер өнім өндіруде бір-бірінен ерекше болғанымен, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келгенде ортақ мүддеге жұмылдырылатыны анық. Аймақтағы іргелі шаруашылықтың бірі Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан көкөніс пен жеміс-жидек сақтау және сатумен айналысатын – «Kaz Fruits Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Серіктестік иелігінде сыйымдылығы екі мың тонна болатын екі қойма бар. Ондағы заманауи неміс қондырғылары ауаны зиянды микробтар мен бактериялардан тазарту кезінде температура мен ылғалдылықты реттей отырып, өнімнің бүлініп кетпеуін қамтамасыз етеді.
Бүгінде аталған қоймалар бос тұр. Аймақта интенсивті бақтардың көптігіне қарамастан, өткен жыл алма түсімі үшін жемісті жыл болмады. Бұл жердегі 2000 бағбан бар болғаны 300 тонна жеміс жинағаны соның дәлелі. Жеміс-көкөніс қоймасының директоры Көшкенбай Құлмамбетовтің айтуынша, мұнда басқа да мәселелер бар. Нақты айтқанда компания алма сатып алып сақтап, оны маусымаралық кезеңде нарыққа, тұтынушыға қолжетімді бағамен ұсынуға ниетті болғанымен ол әзірге мүмкін болмай тұр. Оған айналым қаражатының жоқтығы қолбайлау болып отыр. Мәселен ол үшін 300-350 миллион теңге қажет. Ал күзге салым жемістерді тікелей бағбандар арқылы арзан бағамен алғысы келетін алыпсатарлар көбейеді. Бұдан бөлек әртүрлі аурулардан қорғау құралдары үшін шұғыл есептеулер жүргізу қажет. Осы секілді басқа да көптеген мәселелер туындауда. Бір айта кетерлігі Қырғыз Республикасымен шекарадағы фито-санитарлық бақылауда айтарлықтай мәселелер туындап отыр. Соның бірі – көрші елден алманың негізгі бөлігінің жеткізілетіндігі.
Сонымен қатар кәсіпкерге Тараз қаласынан және аудан орталықтарында фирмалық павильондар ашу үшін жер телімі қажет екен. Аталған мәселелер шешімін тапса, жамбылдықтарды жыл бойына табиғи көкөніс және жеміс-жидекпен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар.
Көшкенбай Құлмамбетов тағы да екі мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салып, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу ісін де қолға алуды жоспарлап отыр. Құрылысқа арналған жер де дайын екен. Егер жоспар жүзеге асса, жергілікті сөрелерге джем, повидло, шырын, көкөніс салаттары және тағы басқа да өнімдер жеткізіледі. Ол өнімдер табиғи әрі бағасы сатып алушының қалтасы көтеретіндей арзан болады деп күтілуде.
Бұл ретте Бердібек Машбекұлы кәсіпкердің ниетін толық қолдайтынын айтты.
– Бұл бізге қажет. Осы арқылы жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерін жинап, қайта өңдеу ісі қарқын алады. Алыпсатарлар санын азайту және бастысы маусымаралық кезеңде бағаны төмендету мүмкіндігі туады. Біз тиімді несиелер арқылы павильондардың ашылуына көмектесетін боламыз. Сонымен қатар тұрақтандыру қорының резервтерін де осы жерде сақтауды қарастыру керек, – деді өңір басшысы.
Бір гектар аумақты алып жатқан «Азамат» шаруа қожалығының жылыжайында дәл қазір қияр пісіп жатыр. Бұл жерден жылына 350 тоннаға дейін өнім жиналады екен. Қазір олар қызанақ өсіруге күш салуда. Әйтсе де бұл іс көп уақытты талап етумен қатар, қымбатқа түсетіні белгілі. Бір құптайтын жағдай қызанақ өнімі арқылы барлық шығындарды өтеуге болатындығы. Қазір шаруалар қиярды жылыжай басында келісін 220 теңгеден сатуда.
Одан әрі өңір басшысы «Қапал» жүйесінің ирригациялық және дренаждық желілерін жақсарту бойынша құны 3,6 миллиард теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңінің жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл жұмыстар 2021 жылдың сәуірінде аяқталады деп күтілуде. Қазір 24 шаруашылық каналы бетондалып, науалар орнатылуда. Нәтижесінде Жамбыл, Көлқайнар және Қарасу ауылдық округтеріндегі бес мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жағдайы жақсарады. Бұл өз кезегінде жергілікті шаруаларға жоғары өнім алуға септігін тигізбек.
Бердібек Сапарбаев жобаның қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға науалардың жеке өндірісін жолға қоюды тапсырды. Сондай-ақ аудандағы «Аса Даму» құс фабрикасының жұмысына назар аударды. Аталған кәсіпорын аймақтағы тауық жұмыртқасына деген қажеттіліктің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Олардың өндірісін жылына 100 миллион данаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар серіктестік 280 тонна тауық етін өндіреді. Өзінің жем фабрикасы да бар.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Шу ауданындағы қант зауытының құрылысын ескере отырып, қант қызылшасын өсірудің маңыздылығын да назарға алды. Сол үшін өңір басшысы 1100 гектар жерді алып жатқан «Пионер» өндірістік кооперативінің егіс алқабына барды. Ондағы егістіктің 830 гектары суармалы. Тәтті түбір дақылы 50 гектар жерге отырғызылған. Қазір шығымы ойдағыдай. Сонымен қатар бұл шаруашылық қой өсірумен де айналысады. Мұндағы ұсақ малдың саны – 2,5 мың. Өз кезегінде өңір басшысы жүні нарықта өте жоғары бағаланатын меринос қойының санын көбейтуге кеңес берді.
«Қызыл Дихан» өндірістік кооперативі де қызылша егу үшін 100 гектар жер бөліпті. Тағы осыншама алқапқа жүгері егуде. Тұқымдар Сербия мемлекетінен жеткізілсе, дизель отынының 1 литрін 158 теңгеден жеңілдетілген бағамен сатып алған. Қазір егін егу жұмыстары қарқынды жүруде.
Өңір басшысы жоғары сапалы тұқымның жақсы өнім алудың кепілі екенін еске салып, «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын жаңа тыңайтқыш түрін қолдануды ұсынды. Жұмыс сапарының соңында Бердібек Сапарбаев аудандық полиция бөлімінде болып, қылмыстық жағдайдың жай-күйі туралы есепке қанықты. Бөлім кеңселерін аралап, жұмыс барысымен танысты. 1972 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Әйтсе де Бердібек Машбекұлы алдымен күрделі жөндеу қанша шығынды талап ететінін есептеу керектігін, содан кейін ғана шешім қабылданатынын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР