Қойнауы құт, бақ дарыған қауымы, Жайнай бер, жаса, Жаз-атаның ауылы!

0 14

Мойынқұм ауданы қай кезде де өзінің өндірісімен танылған өлке. Жаз атаның ауылы кеңестік кезеңнің өзінде аграрлық саланы алшаң бастырып, мал шаруашылығымен одақтас елдерге танылды. Тәуелсіздік таңында да елді мекен дамудың даңғыл жолына түсіп, түрлі салада көш ілгері келеді. Бұған біз ауданға «Ел мен Жер» жобасымен барғанда көз жеткізіп қайттық.

Құрылыс қарқыны

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 66 736,4 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 96,8 пайызды көрсеткен. Жүз пайыздық межені діттемеуіне – «Бескемпір» және «Карьерное» шахтасында құрылғылардың істен шығуы және қажетті қондырғылардың уақытында жеткізілмеуі себеп болған. Нәтижесінде өндірілген алтын көлемінің заттай көрсеткіші 77 келіге азайып, нақты көлем индексінің төмендеуіне әкелген.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23405,3 миллион теңгеге жетсе, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 124,2 пайыз болған.
Құрылыс жұмыстарының көлемі есепті кезеңде 15957,7 миллион теңгені жетіп, нақты көлем индексі 4,5 есе артқан.
Пайдалануға берілген тұрғын үй 2020 жылдың қаңтар-қазан айларына 2967 шаршы метрді құрап, 90,6 пайызды көрсеткен.

Агросаланың адымы

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімге келсек, жыл басынан 5 167,4 теңгенің тауары өндіріліп, оның 3972,9 миллион теңгесі мал шаруашылығына, 1193,9 миллион теңгесі егін шаруашылығына тиесілі. Нәтижесінде өнімділік 102,9 пайызды құраған.
Аудан аумағында карантинге байланысты көптеген шектеу шаралары қойылғанымен қожалықтардың өз жұмысын тоқтатпауы үшін тиісті жағдайлар жасалған. Осының арқасында мүйізді ірі қара саны 45533-ті құрап, 23,5 пайызға артса, қой мен ешкі 159007-ге жеткен. Мұнда 8,5 пайыздық өсім бар. Сонымен қатар түйе саны 6 пайызға көбейіп, 1317-ні көрсетсе, жылқы 8973-ге артып, 12,2 пайыздық көрсеткішті межелеген. Құс та 10,4 пайызға артып, 32056-ға жеткен.
Ет және сүт кластеріне келсек, ет тірі салмақта 3812,3 тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға көбейген.
Сүт өнімдері 6816 тонна болып, 24 тоннаға немесе 0,4 пайызға артып отыр.
Жұмыртқаның 1 377 мың данасы шығарылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайыздық өсімді көрсеткен.
Көктемгі дала жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілген. Атап айтсақ, биылғы жылы егіс алқабы 334 гектарға артып, 5408 гектар жер толық игерілген.
Барлық суармалы егістік алқабы 5 408 гектарды құраса, оның ішінде жаздық арпа – 250, дәндік жүгері – 1325, тары – 420, майлы дақыл – 20, картоп – 101, көкөніс – 196, бақша дақылдары – 408 және көпжылдық шөп 2688 гектар болған.

Тоған тазарып, техника алынуда

Жалпы, Мойынқұм ауданында жер ерекшелігіне қарай егін шаруашылығымен Шу өзенінің бойындағы Кеңес, Биназар, Бірлік, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман және Жамбыл сынды 7 елді мекеннің шаруалары айналысуда. Алайда отыз жылдай тазаланбаған тоғандарды қамыс басып, дихандарға ағын су жеткізуде қиындықтар туған болатын. Бұл мәселені біржақты шешу мақсатында «Талас-Аса» кәсіпорнының техникаларымен жалпы ұзындығы 69,3 шақырымды құрайтын 11 тоғанды тазалау жұмыстары жүргізіліп, өткен жылы 73,2 миллион теңге толықтай игерілген.
Ал биыл 51 шақырым болатын 4 тоғанды тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, аудан бюджетінен 16,4 миллион теңге бөлінген. Дәл қазір «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 52,4 миллион теңге қаралып, тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір мәселе – егін шаруашылығымен айналысып отырған елді мекендерде тірлікке қажетті техника мүлдем жарамсыз. Олқылықтың орнын толтыру үшін 2019 жылы 73 миллион теңгеге 13 техника алынса, Айдарлы мен Бірлік ауылдарында бұрынғы ескі қырман орындары қалпына келтіріліп іске қосылған. Сонымен қатар биыл Күшаман ауылындағы дән бастыратын қырман ағым­дағы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Ауданда құрама жем дайындау және егін шаруашылығы бағытындағы бес ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеуде.

Жол жөнделіп, ауызсу тартылуда

Мойынқұм ауданында түйіні тарқатыл­ма­ған түйткілдің бірі – ауылішілік жолдар мәселесі болатын. Биыл «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» бағдарламасы арқылы 21 ауылішілік жолды орташа жөндеу үшін 454,5 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 9 ауылішілік жолды жөндеуге 206,2 миллион теңге бөлінген.
Аудан бойынша жалпы 24 ауылдық елді мекеннің 17-сі немесе 70,8 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Өткен жылы 258,5 миллион теңгеге ауызсу құбыры құрылыстарының жұмысы жүргізілсе, оның ішінде жобалық құны 426,3 миллион теңгені құрайтын «Қылышбай ауылындағы ауызсу ғимаратының және су құбыры құрылысының 2-кезеңін салу» нысанына 111 миллион теңге бөлінген. Биыл осы жобаны аяқтауға 302 миллион теңге қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек 2019 жылы жобалық құны 996,4 миллион теңгені құрайтын «Балқаш көлінен Бұрылбайтал стансасына дейін су құбыры және су қабылдау имараттары құрылысын салу» және жобалық құны 583,6 миллион теңге болатын «Бұрылбайтал-Мирный-Қияқты топ су құбыры құрылысын салу» жұмыстары толық аяқталған.
Ал 2020 жылға жобалық құны 780 миллион теңге болатын «Қарабөгет-Сарыөзек ауылдарын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы» жобасын қаржыландыруға өтінім беріліп отыр.

Әлеуметтік көмектің шапағаты

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы құны 426,3 миллион теңгені құрайтын «Қылышбай ауылындағы ауызсу ғимаратының және су құбыры құрылысының 2-кезеңін салу» жобасына биылғы жылға 302 миллион теңге қарастырылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 52 жобаны қаржыландыруға 1387 миллион теңге бөлінген. Бағдарламаның мақсатты түрде орындалуы – ел саясатының дұрыс бағытта жүріп жатқандығының көрінісі. Сондықтан бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Аталған бағдарламадағы нысандар бойынша 462 жұмыс орны ашылса, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 236 бос жүрген тұрғын жұмыспен қамтылған.
Әлеуметтік қорғау мәселесіне келсек, биыл біржолғы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен барлығы 6450 мың теңге бөлініп, мереке күндері 81 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілген. Туберкулезбен ауыратын 13 адамға 13,4 миллион теңге беріліп отыр.
Биыл мүмкіндігі шектеулі 229 азаматқа жеке оңалту бағдарламасы бойынша әлеуметтік қызмет түрлері тағайындалып, жергілікті бюджеттен 42,7 миллион теңгеге қажетті заттар алынған.
Бұдан бөлек 219 отбасыға 56,8 миллион теңгеге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет ай сайын 258 балаға берілсе, аудан бойынша бұл бағыттағы жұмыстарға 65,3 миллион теңге бағытталған. Сонымен қатар төтенше жағдай кезеңінде нысаналы топтар үшін 5567 теңгеден барлығы 2040 адамға 48,1 миллион теңгеге азық-түлік себеттері жеткізілген.
42500 теңге көлеміндегі көмекке 18495 адам өтінім берсе, оның 6143-і қанағаттандырылған. Бүгінгі таңға 42500 теңгені ала алмаған азаматтардың өтініштері аудандық штабта қайта қаралуда.
Тағы бір айта кетерлігі, әлемдік пандемия кезінде республикалық бюджеттен 79,5 миллион теңге бөлініп, жекелеген санаттағы 1873 адамның электр энергиясына 15 мың теңгеден төленіп берілді.
«Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында 800 аз қамтылған отбасыға 50 мың теңгеден үлестірілген.
Ал тұрмыс жағдайы төмен 681 отбасыға 17758 дана тұтыну тауарлары мен киім-кешек таратылған.

Жұмыссыздар саны азайып келеді

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының да аудандағы бағыты айқын.
Бағдарламаның 1-бағыты бойынша жалпы 53 азаматты оқыту жоспарланса, есепті кезеңде 5 азамат қысқа мерзімдік оқуларын аяқтап, үш жақты келісім нәтижесінде «Синахайдро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа тұрған.
Қалған 47 адам шаруа қожалықтарының өтінімдеріне сәйкес, қажетті мамандықтар бойынша оқытылып, курсын аяқтағанда жұмыспен қамтылатыны жөнінде төртжақты келісімшарт жасалған.
Бағдарламаның 2-бағытына келсек, кәсіпкерлік негіздеріне 129 азаматты оқыту жоспарланса, бүгінгі күнге 318 азаматқа жолдама беріліп, оның 200-і оқуын аяқтаған.
Сонымен қатар мал шаруашылық кәсібін кеңейтемін деген 26 азаматқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жолдама берілсе, соның ішінде 26 азамат 94 миллион теңге көлемінде несие алған.
Қайтарымсыз грант бойынша 141 адамға 78,1 миллион теңге белгіленсе, қазір барлығының ақшасы есеп-шоттарына аударылып, кәсіптерін бастауға мүмкіндік жасалыпты.
Шағын несие мен қайтарымсыз грант алғандар 170 жаңа жұмыс орнын ашады деп күтілуде.
Бағдарламаның 3-бағыты бойынша 2383 жұмыссыздың 1344-і белсенді жұмыспен қамтудың шараларына тартылған.
Әлеуметтік жұмыс орындарына биыл республикалық және жергілікті бюджет арқылы 28 миллион теңге қаралып, барлығы 155 азаматты жұмысқа тарту жоспарланып отыр.
Ал 19 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтарымен жасалған келісімшарттың арқасында 211 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған.
«Жастар тәжірибесі» бойынша 2020 жылы республикалық және жергілікті бюджет арқылы 30,3 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, алты айлық мерзімдік жұмысқа жыл аяғына дейін барлығы 60 адамды тарту жоспарлануда. Сондай-ақ есептік кезеңде 110 азамат жастар іс-тәжірибесіне жіберілген.
Бұдан бөлек жыл аяғына дейін 800 жұмыссызды уақытша жұмысқа тарту көзделсе, он айдың қорытындысы бойынша 1029 адам қоғамдық жұмысқа жолданып, 176,7 миллион теңге игеріліп отыр.

жастар «Дипломмен – ауылға!» ағылуда

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауданға ағылған жастардың да қатары қалың. Мәселен биыл тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 87 864 мың теңге, көтерме жәрдемақыға аудандық қазынадан 26 510 мың теңге қаралған.
Ағымдағы жылдың 10 айында 20 маманға, оның ішінде білім беру саласының 12 маманына және денсаулық сақтау саласының 8 маманына тұрғын үй сатып алуға жалпы сомасы 78 541 мың теңге несие берілген.
Сонымен қатар 61 маманға, оның ішінде білім беру саласының 36 маманына, денсаулық сақтау саласының 15 маманына және агроөнеркәсіптік кешен саласының 5, мәдениет саласының 2 және әлеуметтік қамсыздандыру саласының 3 маманына жалпы сомасы 16 945,8 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген.

Мойынқұм өңірінің жыл ішінде жеткен осындай жетістіктері жан жадыратуда. Ең бастысы әлемдік пандемияға қарамастан елді мекен еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына түскен. Бұл әрине талай ауданның тізгінін ұстап, облыс әкімінің орынбасары қызметін де абыройлы атқарған Мәден Мұсаевтай білікті басшының қажырлы еңбегінің арқасы екені даусыз.
Ендеше жайнай бер, жасай бер, Жаз-атаның ауылы! Алар асуың биік, әлеуметіңнің әлеуеті арта берсін!

Ұлы тұлғаны қалай ұлықтасақ та жарасады

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алып, аты аңызға айналған шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына мойынқұмдықтар күн бұрын қамдануда. Осыған орай жуырда ауданда ауқымды шара өтіп, онда аудан әкімі Мәден Мұсаев Жаз-атаның 125 жылдығын атап өту келер жылдың мамыр айына жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ аудан басшысы Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы ұсыныс түсіп жатқандығын да жеткізді.
Бұл ретте Алматы қаласынан арнайы ат арылтып келген Мақсат Сейдалиев Жаз-атаның ағайын-туыстарының атынан сөз алып, тойға дайындық барысынан құлағдар етті. Оның сөзіне сүйенсек, Жазылбек атаға арналған кітап дайындалып, оған Қазақстан ақын-жазушыларының естеліктері, мақалалары, очерктері, дастандары жинақталып енгізілгелі жатыр екен. Сондай-ақ Жаз-ата туралы бір сағаттық деректі фильм де түсірілген. Кино картинаның бас демеушілері мойынқұмдық Уайділда Омаров пен Берікбол Жапаров.
Жиында Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Ерқанат Жұмабаев та өз ойын ортаға салып, ұтымды ұсынысын жасады.
– Жазекеңді көзі тірісінде көрдім. 1973 жылдан Жаз-ата атындағы республикалық қазақ күресі турниріне қатысып, 1980 жылдардан 70, 80, 90, 100 жылдық мерейтойларында төрешілік жасап, ұйымдастыру кеңесінің құрамында болғанымды мақтан тұтамын.
Бірде Қазақстанға белгілі атақты жаттықтырушы, көп жыл Жазекең атындағы республикалық турнирдің бас төрешісі болған Марат Жахитов: «Жазекеңнің атындағы турнир Қазақстанға белгілі талай атақты балуандардың әлемдік жарыстарға жолын ашты, толағайларды тудырған ұстаханаға айналды», деп жүрекжарды пікірін айтты. Әрине Жаз-атамыздың атақ абыройы, зор беделінің шарапаты ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде шалғай жатқан Мойынқұм спортының дамуына демеу болып, қазақ күресінің даңқын республика көлемінде танымал еткенін мойындауымыз керек.
Осы орайда Ж.Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Естен кетпес ұлы есімдер» тақырыбында естеліктер, сыр-сұхбаттар, жыр толғаулар, эссе, очерк, мақала, қызықты хаттар мен тың деректер, фото шежірелер беріліп, аудан мектептерінде әйгілі шопан туралы үздік шығармалар, оқушылар арасында жазба ақындар байқауын жариялап, қазақ күресінен ел біріншіліктерін ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Интернет желісі, жергілікті телеарна арқылы онлайын ашық, тәрбие сабақтары жүргізіліп, бұл іс-шараға аудандық мұражай, кітапхана және жастарды көптеп тарту қажет.
Мен 40 жыл өмірімді педагогикалық, жаттықтырушылық қызметке арнадым. Менің бір білгенім, Жаз-ата бүкіл қазақ еліне ортақ, Алланың шапағаты тиген, көзінің тірісінде ерен еңбегімен танылған, қазақтың мақтан тұтар, Мойынқұм жерінің бағы мен ырысына айналған тарихи тұлғасы. Сондықтан Ұлы тұлғаны қалай ұлықтасақ та жарасады, – дейді қария.
Иә, ардагердің сөзінің жаны бар. Жаз-атаның келер жылғы 125 жылдық мерейтойында жоғарыда аталған шараларды ұйымдастыра алсақ, бұл перзенттік парызымыздың орындалғаны.

Мойынқұмдықтар сақтық шараларын қатаң сақтауда

Әлемдік пандемияның екінші толқынына еліміз алдын ала дайындалғаны белгілі. Жамбыл облысы да бұл бағыттағы жұмыстарды пысықтап, жаз айындағы жағдайдың қайталанбауына барын салуда. Ал Мойынқұм ауданындағы медицина мамандары болса, күшейтілген режимге көшіп отыр.
Бүгінде аудандық аурухананың барлық бөлімдері қорғаныш киімдерімен қамтылған. Емдеу мекемесіндегі 2 фильтрде 2 дәрігер және 2 орта буын медицина қызметкері қабылдау жүргізіп жатыр. Аудан бойынша 5 мобильді топ құрылып, санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген. Диспансерлік есепте тұрған азаматтарға емхана тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектерді осы мобильді топ үйме-үй жеткізіп беруде. Егер де дене қызуыңыз қатты көтеріліп, оған қосымша бас ауруы, ентігу, құрғақ жөтел, жалпы әлсіздік, іштің жиі өтуі байқалған жағдайда «103»-ке қоңырау шалу арқылы үйге жедел жәрдем шақыруға болады. Ал бұл телефонға хабарласа алмаған жағдайда аурухананың қабылдау бөліміндегі кезекші қызметкерлермен байланысқа шығып, көмек алуға болады.
Аудандық ауруханада дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, қорғаныш костюмдер қоры 2 айға жеткілікті. Коронавирустың екінші толқыны басталған жағдайда инфекциялық бөлімнен 50 төсектік стационар науқастарды қабылдауға дайын. Онда 18 дәрігер, 36 орта буынды медбике және 36 кіші буынды қызметкерлер жасақталған. Бір палата реанимациялық құрал-жабдықтармен жабдықталса, инфекция бөлімшесіне орталықтандырылған оттегі беру үшін сметалық құжаты әзірленіп, қаражаты қаралуда.
Ауданда бұдан бөлек демеушілердің көмегімен медициналық құрал-жабдықтар алу жалғасуда. Ағымдағы жылдың 15 қазанында Ақбақай ауылындағы «Алтын Алмас» акционерлік қоғамынан 2 медициналық көпбейінді төсек, 20 пульсооксиметр, 5 контактісіз термометр, 1 автоматтық инфузиондық сорғы келген. 2 өкпені қолдан тыныстандыру аппараты республикалық бюджеттен берілсе, қарашада реанимобиль автокөлігі де сапқа қосылған.
Жедел респираторлық инфекция мен тұмау маусымына 10160 адамға вакцинациялау жоспарланса, бүгінгі таңда 9660 азаматқа екпе жасалған. 500 балаға ревакцинация салынған. Нәтижесінде қазан-қараша айларында амбулаториялық ЖРИ мен тұмау тіркелмеген. Ал ауруханаға жоспарлы түрде жатарда міндетті түрде ПТР тесті алынуда. Соңғы айларда 318 ПТР сынамасы алынып, барлық қорытынды індет белгісі жоқ екенін көрсеткен.
Қазір медицина мамандары сақтық шараларын сақтап, жасы 65-тен асқан азаматтарға үйден себепсіз шықпауға кеңес беруде. Сондай-ақ тұрғындарды басқа қалаларға жоспарланған сапарларды кейінге қалдырып, өзге өңірден келетін қонақтарға да тыйым салуға шақырып жатыр. Бұл әрине ең алдымен тұрғындардың өздері мен жақындарының денінің саулығы үшін қажет екені белгілі.

9 ауылда 9 спорт алаңшасы ашылды

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл ауданда айтуға тұрарлық жобалар жанданды. Соның 9-ы спорт саласына бағытталып, жыл ішінде 9 ауылдан алаңша ашылып отыр.
Атап айтсақ, Мыңарал, Шығанақ, Хантау, Айдарлы, Көкжелек, Мойынқұм, Құмөзек, Қарабөгет және Күшаман ауылдарында сәні келіскен спорт нысандары бой көтерген. 8 жасанды төсеніші бар кіші футбол, үстел теннисі, Street Workout алаңшаларын жаңадан салуға және 1 кіші футбол алаңшасын абаттандыруға облыстық қазынадан қайтарымды несие ретінде 112 253 000 теңге бөлінген. Барлық спорт нысандарының конкурсы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ойнатылып, 102 207 000 теңгеге мердігерлер анықталып, нәтижесінде 10 050 000 теңге үнемделіп отыр. Десе де бұл нысандардың құрылысын сапалы жүргізіп, дер кезінде тапсыруға кедергісін келтірмеген.
Мәселен Күшаман ауылындағы шағын футбол алаңшасының құрылысын «Ұланжомарт» жеке кәсіпкері жүргізген. Алаңшаның сметалық құны – 10 573 000 теңге. Нысанның құрылысы жоспарлы түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде ел игілігіне берілді.
Бұдан бөлек Шығанақ ауылында да кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшалары да елге есігін айқара ашып үлгерді. Аталған нысанның жобалық құны – 12 710 000 теңге.
– Жалпы 9 ауылдағы нысанды «Айгерім», «Кәусар», «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі мен «Талас Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоспарлы түрде аяқтап берді. Құрылысқа тек отандық өндіріс материалдары пайдаланылды. Техника мен жұмыс күші де жан-жақтан жұмылдырылып, құрылысты дер кезінде бітірдік. Оның рахатын ауылдағы ағайын енді жылдап көретін болады, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков.
Бұл шалғайдағы спортсүйер қауым үшін қуаныш екені даусыз. Себебі соңғы 30 жылдың бедерінде Жаз-ата ауылында мұндай ауқымды құрылыс жүргізілген емес. Оған қоса, Мерей Бектібекұлының айтуынша, спорт бөлімі келер жылға тағы 4 ауылдан осындай спорт алаңшаларын салуға өтінім беріпті. Сол кезде тұтас аудан спорт алаңшаларымен қамтылмақ.
Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық дүние. Аталған алаңшалар ауылды жерден әлі талай толағайларды тәрбиелеп шығарарына бек сенімдіміз.

Бірліктіктер асарлатып үй салды

Жыл басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухаи жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Асарлатып үй салу» жобасына жан бітірген болатын. Сол сәтте 300 ауылдан 300 үй салу межеленген-ді. Игі бастамаға барлық аудандар үн қосып, есепті кезеңде талай отбасыға баспана қуанышын сездірді. Олардың қатарында Мойынқұм ауданы Бірлік ауылының тұрғындары да бар.
«Бірлік түбі – береке» деп білетін ауыл ағайындары төрт баланың анасы Бақыт Оразбаеваға баспана салып беруге бірден келіседі. Бақыттың үйінің кіреберіс дәлізі былтыр электр тоғының тұйықталуынан өртеніп, жарамсыз болып қалған еді. Құрылысқа қажетті материалдарды сатып алған ауыл жастары өртенген үйдің іргесін бұзып, кірпішін қайта қалайды. Аз уақыттың ішінде іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, шатыры жабылып, есік терезесі салынады.
Осылайша «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған бірліктіктер тұрғын үйді жаңартып, кілтін үй иесіне тапсырды.
Б.Оразбаева жуырда ауылдық округ әкімдігінің қаржылай қолдауымен көрші-қолаң, ағайын-туыс, үйді салуға атсалысқан азаматтардың басын қосып қоныс тойын жасады. Шақырылғандар құр қол келмей, қуанышқа кенелген үй иесіне сый-сияпаттарын ұсынды.
Бақыттың қуанышын бөлісуге келген аудан әкімдігі ішкі саясат, құрылыс бөлімдерінің басшылары Жанар Несіпбаева, Ержан Әмірханов, ауылдық округтің әкімі Қанат Көпбаев, округ әкімдігінің бас мамандары Қуаныш Оспанов, Ерік Қалматаев, ауылдың биі Махметәлі Тоқсабаев, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Раушан Жетібаева, көршілер, жақын туыстар мен жастар үйдің лентасы қиылған соң үй иесінің шүкіршілік етіп жасаған дастарханынан дәм татты.
Иә, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың асарлатып үй салу бастамасына үн қосқан бірліктіктердің бірлігіне біз де дән риза болдық. Мұндай асарлатып үй салу жұмыстары ауданның бірқатар елді мекендерінде жүзеге асырылуда.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.