Айна

Көзге көрінбейтін театр тарландары

Written by Aray2005

Мәселен облыстық драма театрдың бас сахнашысы Жарылқап Сүлеймбековті театрдың тұрақты көрермендерінің өзі жыға танымауы мүмкін. Алайда он жеті жыл бойы қара шаңырақта қойылып келе жатқан әрбір спектакльде оның қолтаңбасы жатыр.
– 2003 жылы театрға өз қалауыммен жұмысқа орналастым. Ол кезде театрға Құрманғазы Демешов жетекшілік жасайтын. Қай салада болмасын, жұмыстың жеңілі жоқ. Дегенмен үлкен жауапкершілік пен өз ісіме деген адалдықтың арқасында 17 жыл бойы қызметімде сөгіс алған емеспін. Қаншама қойылымның тұсауы осы шаңырақта кесілді. Осы жылдар ішінде сахнаға жауап беретін басты мамандардың бірі ретінде 15 режиссермен жұмыс жасаппын.
Сахна қойылым басталмастан бұрын 1-2сағатта толық құрылып бітеді. Кейбір қойылымдардың декорациясы көп болғандықтан, бұл уақыт сәл ұзаруы да мүмкін. Ауыр декорациялармен жұмыс істеу немесе бірінен кейін бірі келетін қойылымдарға сахнаны әзірлеп үлгеру үлкен табандылық пен төзімділікті қажет етеді. Оған қоса режиссердің көкейіндегісін тап басу да қиынның қиыны.
Киім ілгіштен басталатын театр мәдениеті осындай еңбекті құрметтеуден көрінсе керек-ті. Сахнаның сақадай сай болуына сахнашы мамандар ілкімді ісімен жауап беріп келе жатыр. Ал оларға декорацияны әрлейтін мамандар да қолдан келгенінше көмек қолын созады.
– Менің өмір жолым қылқаламмен, яғни сурет салумен тығыз байланыста өрнектеліп келе жатыр. Жоғары оқу орнының көркемсурет факультетін тәмамдаған соң мектепте талай жыл бейнелеу өнері, еңбек пәндерінен сабақ бердім. Жарнама дизайнын дайындап, кәсіпкерлікпен де айналыстым. Соңғы 11 жылда осы облыстық драма театрда декоратор болып еңбек етудемін. Ең алдымен қоюшы суретші қойылымның мазмұнымен танысып, эскизін жасап шығады. Соған орай әрлеу жұмыстарымен айналысамын. Әр спектакльдің өзіне сай детальдары болады. Солардың барлығын бояп шығамын. Суретін саламын. Ойып жапсыратын апликацияларын әзірлеймін. Орташа есеппен айтқанда бір қойылымның декорациясын жасап шығуға 3-4 күн кетеді. 11 жылда қаншама спектакльді шығардық. Небір қызық сәттер болды. Өткенде ғана «Беу-қыздар-ай» қойылымында машинаны жасап қойғанбыз.
Шеберханада әркімнің өз міндеті бар. Мен осы шаруамен жалғыз өзім айналысамын. Кейде бір детальды бояп жатып, сол уақытта басқасына сурет салып жүремін. Кейбір қойылымдар араға бес, алты жыл салып қайталанып қойылып жатады. Декорация ескіруі мүмкін, оны қайтадан қалпына келтіріп, тозығы жеткендеріне реставрация жасау менің міндетім – дейді театр декораторы Дәулет Сапаралиев.
Театр қабырғасында жүріп, қара жұмысқа жегілсе де адал еңбегімен қазақ мәдениетінің дамуына тамшыдай үлес қосып жүрген жас маманның бірі – Ғалым Пірімбек. Ол 2015 жылы қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдап, театрға бутафор маман болып жұмысқа қабылданды. Қызметінен бұрын аты көпшілікке таңсық мамандық жайлы Ғалымның өзі былайша сөз қозғайды.
Театрда бас суретші, қоюшы суретші, декоратор, бутафор және жарнама суретшісі деген мамандар болады. Мұндағы бас суретші декорацияның эскизін жасайды. Сол эскиздің көлеміне, пішініне қарай мен жұмысқа кірісемін. Қойылым барысында әр түрлі жабдықтар дайындалады. Кейіпкердің киімдерінен бастап, құрал-саймандарын, сахнадағы үлкен-кіші детальдардың барлығын өзім қолмен жасап шығамын.
Бутафордың рөлі кез келген спектакльде болады. Кейде бұрын-соңды жасамаған заттарды жасап, тәжірибе жасап көріп жатамын. Мәселен жаңа жылдық шырша кезінде жылда жаңа кейіпкерлердің образын жасауға тура келеді. Себебі жыл сайын жаңа анимациялық кейіпкерлер пайда болады. Соны мен әзірлеп біткеннен кейін костюмерлер киімін дайындайды. Өзім сақал тоқып, гримін де жасай беремін. Тарихи қойылымдарда батырлардың сақал-мұртын бес жыл бойы өзім жасап келемін. Соңғы «Сталинге хат» атты қойылымда Сталиннің мұртын жасадым. Қазір «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымына дайындық жасап жатырмыз. Сол қойылымға далада ұшып жүретін қаңбақтарды жасап біттім. Сонымен қатар тасты жылқының басына ұқсас етіп жасадым. Қосымша оқ-жарақтарын да әзірледім. Маған әр қойылымның алдында бір айдай уақыт беріледі. Сол уақыттан мүмкіндігінше ертерек бітіруім керек. Мәселен отыз күннің жиырма күнінде жұмысымды аяқтасам, әрмен қарай актерлер сол детальдармен жұмыс жасауы қажет. Үлгере алмай жататын кездер де болады, – дейді он саусағынан өнер тамған жас маман Ғалым Әуесұлы.

Біз сөз еткен мамандар киелі өнер шаңырағында жүріп, сахнаға шықпаса да қойылымның сәтті сахналануы үшін аянбай еңбек етіп жүргендердің бірі парасы ғана. Мұндай жанкешті еңбек иелерін қоғамның барлық саласында кезіктіруге болады. Бастысы өз ісінде нәтиже көрсеткен ұжымда осы табысқа жету үшін автокөліктің мыңдаған қосалқы бөлшегі сынды көзге көрінбегенімен ауадай қажетті мамандардың еселі еңбегі тұрғанын әрқайсысымыз сезіне алсақ болғаны.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР