Қожалық басшысы тәжірибесімен бөлісті

0 51

Бүгінде  өндірісі өркендеген, диқан-шаруасы жер емген, кәсіпкерліктің туын тік көтерген қуатты өлкеде диқандарды мол өнім алуы үшін мемлекет тарапынан тиімді бағдарламалар тетігі қарастырылған. Соның бірігейі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Тараз» микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы жүзеге асырылып жатқан жаңбырлатып суару құрылғылары. Өткен жылдан бері мұндай құрылғылардың 137 данасы өңір шаруаларына лизингке берілді. Осы орайда, Меркі ауданында аталмыш құрылғыны дұрыс қолдану бойынша далалық семинар ұйымдастырылды.

«Ақ-Бидай-2» шаруа қожалығының базасында өткен шараға аймақтың  барлық аудандарынан диқандар қатысты. Онда аталған қожалықтың төрағасы Нариман Қалқабаев жаңбырлатып суару құрылғысын дұрыс қолдану бойынша тәжірибесімен бөлісті. Егіншілікті кәсіп еткен шаруа өткен жылы бұл құрылғыны «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Тараз» микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы лизингке алыпты. Оның алған суару құрылғысының құны 6 миллион теңгені құрайды екен. Бұл сомманың 50 пайызын мемлекет субсидия есебінен диқанға қайтарып беріпті. Қазіргі таңда тиімді техниканың рахатын сезініп отырған диқан жаңбырлатып суару құрылғысы арқылы тәулігіне 3-5 гектар жерін суарады. Бұл құрылғы құбырының жалпы ұзындығы 400 метр. Суды бір шашқанда 35 метр ұзындыққа дейін шашуға қауқарлы. Ал сағатына 30 тонна текше метр су шаша алады. Айта кетерлігі, жер емген шаруалар үшін таптырмас құрылғыға айналған техниканың нарықтағы құны 5 миллион 700 мың мен 6 миллион 300 мың теңгені құрайды.

Шара барысында «Ақ-Бидай-2» шаруа қожалығының төрағасы Нариман Қалқабаев жаңбырлатып суару құрылғысын дұрыс қолданудың тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ ол диқандарға құрылғының сынған бөлшектерін қалай қалыпқа келтіруге болатынын тәжірибе жүзінде көрсетіп, қолдану барысында ұмытпауға тиісті ескертулерді жеткізді. Өз кезегінде өңір аудандарынан келген шаруалар қожалық басшысынан білмегендерін үйреніп, ескеруді қажет ететін кейбір дүниелерді тәжірибе жүзінде өз көздерімен көріп қайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.